Шымкентте маңдайша, жарнама жазулары қателерден көз ашпайды

672
Шымкентте маңдайша, жарнама қағаздарының жазулары қатеден көз ашпайды

 

Шымкентте маңдайша, жарнама қағаздарының жазулары қатеден көз ашпайды

Жекеменшік коммерциялық нысандар тәртіпке бағынбайды. Маңдайша мен жарнама жазуларының қателіктерімен әлі күнге дейін күресіп, алайда нәтиже шығара алмай келе жатқан тіл мамандары осылай дейді. Бұл туралы «Көрнекті ақпарат тілі: тәжірбие және өзекті мәселелер атты» атты арнайы семинарда айтылды. Айта өтейік өңіріміздің 80 жылдығына орай бүгінгі күн тіл, мәдениет күні деп белгіленді.

Балхия Көмекбаева, ОҚО тілдерді дамыту басқармасының бастығы: «Жасыратыны жоқ, дәл қазіргі уақытта мемлекеттік тілді қолдану аясында құқықбұзушылық жағдайлар көптеп орын алуда. Мәселен, көше бойындағы жекеменшік коммерциялық мекемелер орысша, ағылшынша атау қойып жатыр өз мекемесіне. Сонымен қоса, қазақша жазамыз дейді де , қазақша жазылған мәтінді кішкентай етіп, ал өзге тілдегісін бадырайтып қояды. Немесе сол жағына, тіпті көрінбейтін түспен, көрінбейтіндей етіп майдалап жазып тастайды. Бүгінде қай кафеге барсаң да мәзірді – «меню» дейді де, қазақша жазылған тағам түрлерін таппайсыз. Бұл аз десеңіз вокзал, аэропорт дегендер де сауатсыздықтан көз ашпайтын халге жетіп отыр. Облыс әкімінің 2008 жылғы қаулысына сәйкес, сыртқы көрнекі жарнамаларды рұқсат беру құқы Оңтүстік Қазақстан облысының сәулет және қала құрылыс басқармасына жүктелген болатұғын. Ал 2012 жылдың наурызынан бастап, облыстық сәулет және қала құрылыс басқармасынан бұл уәкілеттігін алып тастап бұл уәкілеттік аудандық, қалалық сәулет және құрылыс басқарма бөлімдеріне берілген. Ендігі жауапкершілік осы жерде отырған азаматтарда. Аудан-қаланың берген мәліметіне сәйкес болатын болса 8433 коммерциялық нысандар бар. Оның 8049-ы заңға сәйкес ілінген. Ал заң талаптарына сәйкес келмейтін 384 жарнаманың 256-ы ретке келтірілді. Қалғаны – 128. Осы 128 коммерциялық жеке меншік нысанды назарға алып түсіндірме жұмыстарынжалғастырып жатырмыз. Жалпы саны 8000 делінгенімен, күн сайын қосылып -алынтынын бар дегендей… Бұл олардың аты немесе түр-сипаты емес, жалпы заңға сәйкестігін айтып отырмын. Ал Төлебиде, Қазығұртта, Кетауда бір-бір жарнамадан, Түркістан бесеу, Сарыағашта – 16, Сайрамда – 6, Ең көп заңға сәйкес келмейтін жарнамалар Шымкент қаласында болып отыр. 98, алайда күн сайын 10 қосылып жатыр деп айтсам мен жаңылыспаймын. 98 деп тек орталықтағы 21 көшесін алып соны зертеуден алып отырған мәліметті айтудамыз. Ал шет жақта тұрған аудандардың түбір-түбіріндегі жарнамаларға олардағы маңдайшаларға әлі де көңіл аударып жатқан жоқпыз. Осылайша, облысымызда өзге тілдегі жазулар қаптап барады. Бүгін біреуін алып тастасақ, ертең екеуін іліп жатыр. Сондықтан, бұл күрес жалғасатын түрі бар».

Аудандағы мамандардар өз құзыретіндегі шаруаға шарасыздық танытып отырғанын айтады

Облысымызда мемлекеттік ақпарат тіліне байланысты мәселе ушығып тұр. Осылай мәлімдеген облыстық тілдерді дамыту басқарма басшылығы басқосу басталысымен олқылықтардың орын алуына түсіндірмені жауапты мамандардан талап етті. Ал аудандағы мамандардар өз құзыретіндегі шаруаға шарасыздық танытып отырғанын айтады.

Сейдуалы Темірбаев, Сайрам аудандық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бастығы: «Тіл заңының 21-бабын басшылыққа ала отырып, біз жарнама болсын, маңдайшалардағы сауатсыздыққа қарсы жұмысты жүргізуге міндеттіміз. Біз бұл шаруаға жауапты мамандармыз. Алайда мен мынаны айтар едім, біздің ауданда 56 ұлт өкілі, 6 мәдениет орталығы бар, 304 мың халық бар. Сондықтан, грамматикалық-лексикалық қателер кетіп жататынын жасырмаймын, әрине. Көбіне өзбекше де жазып қояды. Мұндай кем шіліктердің орын алып жатқаны да рас қой. Бұл тіршілік қой. Енді барлық адам таңертең бірдей уақытта тұрып, бірге жатпайды. Бір жұмысты бір мақсатпен бірге атқармайды ғой. Сондықтан барлық халықты кінәлай да алмаймыз. Бірақ біз жарнама жұмыстарын жақсы атқарып жатырмыз Әділет басқармасымен бірге. Архитектура басқармасымен де үлкен шаруалар жасадық деп ойлаймын. Ал осы 9 айдың есебінде 6 кәсіпкерлік нысандарда кемшілік болған, қазір соның екеуін жойып отырмыз. Енді 4 қателігі бар нысан бар. Бірақ біз қателік екен деп қарап отырмаймыз. Мектеппен болсын, коммерциялық мекемемен болысн түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Айта кететін маңызды мәселе бұл – біз биыл прокуратураға 2 рет хат жаздық. Біз жарнама қағаздарын тексеріп барсақ, біз оларға кемшілгін айтамыз міндетті түрде. Кемшіліктерін 1-2 рет айтқаннан кейін, олар кемшіліктен нәтиже шығармайтын болса біз мүмкін болса шара қолдансақ деп ойлаймыз ғой. Ал бізге ондай прокуратура жанынан болсын, заң мейлі тіл заңынан болсын бізге ешқандай құқық берілмеген. Бізде тек түсіндірме жұмыстарын ғана жүргізу керек. Алайда біз түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз-ақ, бірақ халықтың санасына, ұятына да көп нәрсе байланысты екенін айтқым келеді. Бұл жерде халыққа сенеміз. Айтқанымдай-ақ халықтың сана сезімі барлығы бірдей емес қой. Біріне айтсаң, түсінікпен қабылдап дер кезінде дұрыстайды. Енді бірі ештеңе деместен, жүре бере, айтқан сөзден нәтиже шығармайды. Ал біз прокуратурасыз өзіміз барып түсіндірме жұмыстарын жүргізсек, олар керісінше прокуратураға барып біздің үстімізден шағым жазады. Осылайша, прокуратура бізге қарсы келеді. Жалпы айтқанда, жеке меншік коммерциялық нысандар қазір неге заңсыз, бізді тексереді дейді де біздің үстімізден арыз жазудан танбай отыр. Міне, бізге қиындау болып отырғаны осы ғой».

Өңір көшелеріндегі маңдайшалармен жарнама қағаздарының сауатсыздығы бірінші орынға қойылып талқыланған жиында кем-кетіктер бүкпесіз айтылды. Көш басында Шымкент қаласы, Сарыағаш, Сайрам, Түркістан аудандары тұр. Тығырықтан, облыс прокуроры құтқарады, облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков жауапты мамандарды осылай жұбатты.

Сәкен Қаныбеков, ОҚО әкімінің орынбасары:»Түсініп, біліп отырмын жағдайды. Бірақ бар ашынатыным сол – Сайрам ауданында Қазақстан деген жазуды өзбекшелеп жазып жіберген. Бұл аз десеңіз, дәл әкімшіліктің жанындағы ғимарат аты да заңға мүлдем қарсы, бадырайтып қоя салған! Бұл не деген бассыздық?! Осыны көріп отырған жауапты мамандар бір амалын табуға болады ғой. Ал егер дәл осылай жалғаса берсе не болмақ?! Сондықтан егер расында да аудан әкімдері жұмыс жасаудан бас тартса, облыс прокурорына келіп шағымдануларыңызға болады. Менің ойымша, ол кісі жақсы түсінеді. Осылайша, жеке кәсіпкерлер мен коммерциялық негіздегі мекемелерге шара қолдануға болады. Сіздер түсіндірмені өздеріңіздегі прокуратурамен келісіп жүргізгендеріңіз жөн. Ұйымдастырып атқарғанда ғана іс жүзеге аспақ. Немесе мен бармын, тағы да жауаптылар бар ғой. Ең бастысы, қарап отыруға болмайды. Егер бұл да жүзеге аспаса, міндетті түрде облыс әкіміне есеп беруде немесе өзге де жиындарда қаралатын болады».

Арнайы тексеруге барған мамандарға коммерциялық жекеменшік нысандар тіпті құжаттарын көрсетуден бас тартқан. Сондықтан, бұл мәселе облыс әкімінің алдында қаралатын болады деп күтілуде.