Қарттардың өмірге деген құштарлығына «әзірейіл» таң қалды

Автор
«Өлесің бе» атты комедиялық шығармасының жастарға берері мол

«Өлесің бе?» Жаналғыш әзірейіл жасы жүзге жақындаған жандарға осы сауалды төтесінен қойды. Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының ұжымы Шымкент көрермендеріне премьералық спектакль ұсынды. Сая Қасымбектің өмірдің қадірін білуге шақыратын «Өлесің бе» атты комедиялық шығармасының жастарға берері мол.

Жетпісті желкелегендердің желпілдеп, сексенді сеңгіргендердің сахнада секіріп жүруінде себеп бар. Олар жаналғышқа өздерінің өмірі аяқталмағанын, өлуге уақыт келмегенін дәлелдегісі келеді. Сақалының ақтығы өмірге деген құштарлығының пәктігіне шүбә келтіре алмайды.

Қазақ, өзбек, тәжігі бар түрлі ұлт өкілдерінің қариялары арқылы сахнада оқиға өрбиді. Әзірейіл бұйрықты орындауға талпынады. Қалайда біреуінің жанын алу керек. Бірақ ешкім өлгісі келмейді. Олардың өмірге деген құштарлығына тіпті әзірейлдің өзі таң қалады.

Автор Сая Қасымбектің бұл туындыны дүниеге әкелуіне әкесі ықпал етіпті. Қанша қиыншылық көрсе де мойымауға шақыратын жанның айтқаны жастарға үлгі болса екен дейді драматург. Соңғы уақытта әсіресе жастардың арасында өзі-өзіне қол жұмсау жағдайы жиілеп бара жатқаны жасырын емес. Бұл адамның әлсіздігі деп саналады. Осы орайда бүгінгі спектакльдің жастарға берері мол дейді аға буын өкілдері.