Биыл Оңтүстік Қазақстан облысының құрылғанына 80 жыл толып отыр. Торқалы той қарсаңында өлкемізде атқарылған игі істерді тағы бір сараптап көргенді жөн санадық. Бұл орайда облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспановты әңгімеге тартқан болатынбыз.
– Берік Серікұлы, өзіңіз білесіз, биыл оңтүстіктің жұртшылығы үшін үлкен мереке. Облыстың құрылғанына 80 жыл толған екен. Әрине, Оңтүстік Қазақстан облысы бұл мерейтойға тәуір табыстармен жеткендігіне сеніміміз кәміл. Ал сіз не дейсіз?
– Рас айтасыз, биыл Оңтүстік Қазақстан облысының құрылғанына 80 жыл толды. Егер тарих тұрғысынан қарастырсақ бұл қас-қағым ғана сәт. Егер облыс өзінің 80 жылдық мерейтойына қандай табыстармен жеткеніне тоқталар болсақ, өз басым Оңтүстік Қазақстанның ең басты жетістігі ретінде ұлттың ұйытқысы болып, ана тіліміздің абыройын асқақтатып, демографиялық өсімді сақтап отырғандығын айтар едім. Қазақстанның ең басты байлығы адам десек, біздің облыс осы байлықтың қадірін білетін өңір. Ал одан соң аймақтың әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени жетістіктерін де атап өткен жөн.
Үдемелі индустриялы-инновациялық даму бағдарламасы аясында 13,9 млрд теңгенің 29 жобасын іске қосу жоспарланған еді. Жыл басынан бері олардың бірқатары іске қосылып та үлгерді. Жалпы, бұл бағдарлама бойынша жүзеге асырылып жатқан жобаларды облыс әкімі Асқар Мырзахметов тиянақты бақылауында ұстап отыр.
Облыста шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің саны артып келеді. Жыл басынан бері шағын және орта кәсіпкерлік субьектілері 198,2 млрд. теңгенің өнімін шығарды. Жыл басынан бері шағын кәсіпкерліктің 492 субьектісіне «Даму» қорынан 16,9 млрд. теңгенің несиесі берілді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 9,2 млрд. теңге көлемінде 53 жобаға қолдау көрсетілді. Жыл аяғына дейін олардың саны 100-ге жетпек. Қысқасы, өнеркәсіп саласы жақсы дамып келеді. Ал білім беру, денсаулық сақтау сынды салаларға тоқталсақ бұл бағытта да біз мерейтойға толайым табыс-тармен жетіп отырмыз. Бір ғана балабақша мәселесін алар болсақ, облыста 104 764 бала балабақшамен қамтамасыз етілген. Жалпы, балабақшалардың саны 1039-ға жетті. Облысымызда мектептердің саны да артты. Қазір үш ауысыммен оқитын мектептердің саусақпен санарлықтай ғана қалды.
Ал, ауылшаруашылығы саласына тоқталар болсақ, жыл басынан бері облыс диқандары мен бағбандары 60 млрд-қа жуық теңгенің өнімін өндірді. Егістік алқаптардың көлемі 2012 жылы 2009 жылмен салыстырғанда 96,7 мың га артып 738,0 мың га көлемді құрады. Оның ішінде басымды дақылдар бойынша дәнді дақыл 305 мың га, майлы дақыл 121,7 мың га, мақта 147,8 мың га, картоп 14,7 мың га, көкөніс 32,5 мың га, бақша 54,3 мың га, мал азықтық дақыл 179,3 мың га жерге егілді.
Облыста малшаруашылығы да жақсы дамып келеді. Мәселен, биыл ірі қара малдың саны 837,6 мың басты, қой мен ешкі 3848,2 мың басты, жылқы 182,8 мың басты, түйе 19,0 мың, шошқа 42,6 мың басты, құс 2480,4 мың басты құрады.
2009 жылмен салыстырғанда ірі қара малдың басы 11,8%, қой мен ешкінің мал басы 7,8%, жылқының саны 20,4%, түйенің саны 11,5% және шошқаның саны 22,7%, құстың саны 8,7% артты.
Сонымен қатар, 2009 жылмен салыстырғанда малшаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлері: ет (сойыс салмағында) – 10,5% артып, 91,8 мың тонна, сүт – 7,2% артып, 650,9 мың тонна, жұмыртқа – 7,7% артып, 266,2 млн. дана өндірілді.
Облыста 170 асыл тұқымды малшаруашылықтары жұмыс істейді, оның ішінде 16 шаруашылық ірі қара, 95–қой-ешкі, 32–жылқы, 16–түйе, 8–шошқа және 1 шаруашылық құс өсірумен, 2 шаруашылық ара өсірумен айналысуда.
Осы шаруашылықтарда асыл тұқымды 23,3 мың бас ірі қара, 308,8 мың бас қой, 12 мың бас жылқы, 4,6 мың бас түйе, 253 мың бас құс, 13,7 бас шошқа өсірілуде.
«Сыбаға» бағдарламасы шеңберінде, фермерлік шаруашылықтарды дамытуға 2012 ж. 4200 бас аналық ірі қара мал сатып алыну жоспарланса, бүгінгі күнге 4330 бас бас ірі қара сатып алынды.
Сонымен қатар құс шаруашылығын дамыту мақсатында 4 инкубатор, 3 құрама жем дайындау цехы ашылды. Жыл басынан бері 4 ет өңдейтін, 3 сүт өңдейтін, 2 көкөніс өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорын ашылды. Облыста жасанды ұрықтандыру жөніндегі 2 дистрибьютерлік орталық жұмыс істейді. Олар үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бері 61 мың бас мал қолдан ұрықтандырды. Міне, бұлардың барлығы облысымыздың қазіргі жетістіктері.
– Берік Серікұлы, ауылшаруашылығы демекші Оңтүстік Қазақстан облысында бұл салаға инновациялық технологияларды енгізу қаншалықты деңгейде жүргізіліп жатыр?
– Өздеріңіз білесіздер, ХХІ ғасырда еліміздің даму бағытын айқындайтын инновациялық технологиялар анықтайтыны қазірден-ақ белгілі болып отыр. Тіпті, инновация әлемдік деңгейде қолданылып жатыр. Мәселен қазір нано-технология деген бар. Ол да инновация. Өндірістің шығынын азайтып, өнімдерін сапалы һәм сұранысқа ие қылып өндіру де бір сөзбен айтқанда инновация. Өйткені, мұндай деңгейге жету үшін заманауи құрал-жабдық, жаңаша көзқарас керек. Осы мысалдарға сүйене отырып, инновация деген ұғымды қарапайым тілмен жаңалық деп қана бағаласақ, онда Оңтүстік Қазақстан облысында ауылшаруашылығында тамшылатып суғару тәсілі кеңінен қолданыла бастады. Бұл әдістің артықшылықтары ұшан-теңіз. Бұрын бау-бақшаларға су арықпен жеткізіліп, су көп ысырап болатын еді. Бұл өзі көнеден келе жатқан дәстүр болатын. Ал қазір тамшылатып суғару арқылы ең алдымен судың ысырабы азайса, екіншіден өнім көлемі артып жатыр. Облыста биыл тамшылатып суғару әдісі 20 мың гектар жерге қолданылды. Соның нәтижесінде 13 млрд. теңгенің өнімі алынды.
Бұл тәсіл мақта өсіруде де, бақша, көкөніс өсіру саласында да қолданылып жатыр. Сонымен бірге облыс-та жылыжайлар құрылыс қарқынды дамып келеді. Қазір жылыжайлар тіпті мектептердің қасынан да ашылып жатыр. Облыста 1017 мектеп болса, солардың 443-інің жанынан жылыжай салу жоспарланған еді. Қазір 415 мектептің жылыжай құрылысы аяқталып қойды. 28 мектептің жылыжайы салынып жатыр. Жалпы, облыста жылыжайлардың көлемі 2009 ж. 124,0 га құраған болса, бүгінгі күнге бұл көрсеткіш 4 есеге артып жалпы көлемі 507 га жетті.Үстіміздегі жылдың басынан бері салынған жылыжайлардың көлемінің өзі 118,4 га болды. Жалпы, еліміз бойынша жылыжайлардың көптігі жағынан Оңтүстік Қазақстан облысы алда келеді. Облыстағы жылыжайлар республикалық көрсеткіштің 85 %-ын құрайды.
– Енді рухани салаға қарай ойысайық…
– Менің ойымша, елдің дамуында экономикамен қатар руханият пен мәдениет те маңызды орынға ие екендігі белгілі. Оңтүстік Қазақстан облысының аумағы тұнып тұрған тарих. Әрине, бүгінде біз облыстың құрылғанының 80 жылдығын атап өтпекшіміз. Алайда, бұл өңірдегі кез келген елді мекеннің тарихы әрісі мыңдаған, берісі жүздеген жылдарға кетеді. Осыдан оншақты жыл бұрын, дәлірек айтқанда 2000 жылы ел болып, жұрт болып Түркістан қаласының 1500 жылдығын тойлаған болатынбыз. Алайда, Түркістанның тарихы 1500 жылдан да әріге кетеді. Сол сияқты Сайрам, Сауран сынды қалалардың да тарихы терең. Қазірдің өзінде Шымкент шаһарының тарихы 2200 жылға баратындығын тарихшылар дәлелдеп отыр. Демек, оңтүстік өңірі мәдениеттің, руханияттың бесігі деген сөз. Бұл өңірде Арыстан баб, Ысқақ ата, Қожа Ахмет Яссауи сынды әулие-әмбиелер де өмір сүрді. Түркістанда қазақтың хандарының басым көпшілігі жерленген. Біз бұл мәселелерді де естен шығармақ емеспіз. Облысымыздың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында, дәлірек айтқанда 25 қазан күні, Құрбан айттың алғашқы күнінде Оңтүстік Қазақстан жерінде дүниеге келген және осында жерленген 300-ге жуық әулие-әмбие, абыздар, хандар, би-шешендер, батырларға, қоғам және мемлекет қайраткерлеріне, ақындар, жазушылар, композиторларға арналып үлкен ас берілді. Меніңше бұл шара да маңызды. Өйткені өткен күн мен бүгінгінің арасында рухани сабақтастық болуы қажет. Одан бөлек Алаш қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлының 140 жылдығына, Жаһанша Досмұхамедовтың 125 жылдығына арнап жыл аяғына дейін ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу ойымызда бар. Себебі, ұлтқа қызмет еткен тұлғаларға құрмет тек олардың туған жерлерінде ғана көрсетілмеуі керек. Қазақ даласының кез келген жерінде ұлт зиялыларын ұлықтап, олардың өмірі мен елге сіңірген еңбегін насихаттап отыру жастардың тәрбиесіне оң ықпал ететін іс. Тіпті, жас түгілі жасамысқа да қажет дүние бұлар.
– Бұларды облыс басшылығының алға қойған жоспарлары деп бағалайық. Ал, жеке азамат ретінде басқа қандай істердің атқарылғанын қалар едіңіз?
– Әрине, мемлекеттік қызметкер ретінде емес, жеке азамат ретінде де көкейге көптеген ойлар түйіп жүретінімізді жасырмаймын. Ашығын айтқанда рухани-мәдени салаларға қатысты жоба-жоспарларымыз болса, олардың біразы жеке азаматтардың ойынан туындап жатады. Өздеріңіз білесіздер, Елбасы да ұлттық құндылықтарды ұлықтау мәселесіне келгенде ешкімнің қолын қағып отырған жоқ. Облыс әкімі Асқар Исабекұлы да ұлт тарихына, мәдениетке, руханиятқа бей-жай қарамайтын азамат. Шымкент қаласында Кеңес одағының батыры, генерал Сабыр Рақымовқа, Бәйдібек бабамызға ескерткіш ашылуы соның айғағы. Өз басым мүмкіндік болса облысымызда Қазақ журналистерінің форумын өткізген дұрыс болар еді деп ойлаймын. Негізі бұл идеяны бірқатар азаматтар көтеріп те жүр. «Нұр Отан» ХДП-ның хатшысы Ерлан Қариннің де, белгілі саясаттанушы Айдос Сарымның да, танымал журналист Дәурен Қуттың да осы мәселені көтергенін білемін.
Өкінішке қарай, әзірге идея жүзеге аса қойған жоқ. Қазақ журналистерінің форумын Оңтүстік Қазақстан жерінде ұйымдастыру оның беделін түсіре қоймас сірә. Ресей Федерациясының азаматтары орыс журналистикасының халықаралық форумын бірнеше рет өткізгендігін білеміз. Олардың бірі тіпті, Қазақстанда өткенінен де хабардармыз. Өзім журналист емеспін, бірақ мемлекеттік тілде ақпарат тарататын отандық және шетелдік БАҚ өкілдерінің басын қосқан абзал деп ойлаймын. Оның үстіне Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов сынды алаш арыстары шығарып тұрған «Қазақ» газетінің 100 жылдығы келе жатыр. Қателеспесем, «Қазақ» газетінің тұңғыш нөмірі 1913 жылдың 2 ақпанында жарық көрген болуы тиіс.
Демек, келер жылы ұлттық журналистиканың үлкен мерейтойы деген сөз. Ал Оңтүстік Қазақстанда ана тілімізде ақпарат тарататын республикадағы барлық газет-журналдың тең жартысына жуығы жарық көреді. Республикада қазақ тілінде жарық көретін басылымдар саны 400-ден сәл асса, оңтүстікте олардың 192-сі шығады. Демек, ұлттық журналистика форумын бізде өткізгеннің айыбы жоқ.
– Құптарлық ұсыныс екен. Бұл пікірді облыс басшылығының ресми көзқарасы деп ұғамыз ба, әлде жеке пікіріңіз ретінде қабылдаймыз ба?
– Бұл менің жеке көзқарасым. Сөз басында айтқанымдай әрбір азаматтың жеке пікірінен жақсы-жақсы бастамалар дүниеге келіп жатады. Мәселенің осы қырын да естен шығармаған абзал. Екіншіден, мемлекеттік қызметкер өз ұлтының құндылықтарын қадірлемесін, халқына, халқының тарихына жаны ашымасын дегенді естіп пе едіңіз?
– Жоқ, әрине
– Олай болса мен де қазақ халқының бір ұлымын. Ел басқарып отырған кез-келген азамат та солай. Сондықтан, біз де қоғам тынысын сезініп отырамыз. Өкініштісі, әкім-қаралардың бәрін ұлтқа жаны ашымас жандар сияқты сипаттау кездесіп қалады бізде. Әдетте мемлекеттік қызметтен қолымыз көп босай бермейді, әйтпесе мен де ұлтқа, ана тілімізге, тарихымыз бен салт-дәстүрімізге қатысты мәселелерді назардан тыс қалдырмауға тырысамын. Сол себепті көкейге түрлі ойлар орала беретіні бар. Мүмкіндігіміз болса оларды жүзеге асыруға да болатын шығар. Бастысы қандай істе де ниет керек.
– Әдетте көптеген азаматтар ұлы тұлғалардың қанатты сөздерін өздеріне ұстаным ретінде бағалап жатады. Сіз ше?
– Шынында да талай ғұламаның бір ауыз сөзі біз сияқты қарапайым адамдарға өмірлік ұстаным, бағыт-бағдар беріп тұратыны жасырын емес. Өз басым Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның «Жұртына, халқына қызмет ету – білімділіктен емес, мінезден» деген сөзін ұстаным етемін.
– Әңгімеңізге рахмет.