Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданында жеткіншектерді зорлау оқиғасы бойынша туған дау әлі басылар емес. Облыстық жасөспірімдердің ісін қарайтын сот екі бірдеи баланың құқын аяқасты етті деген айыппен он екі жастағы баланы арнайы интернатқа жіберу туралы шешім шығарған. Алайда мұндай шешіммен айыпталушының анасы келіспей отыр. Оның айтуынша ұлының қылмыс жасағаны толық дәлелденбеген көрінеді.
Келеңсіз оқиға осы жылдың шілде айында болған еді. Көксәйек ауылында тұратын 11 жасар жасөпірім көрші тұратын екі жеткіншекті зорлады деп айыпталған. Әрі бұл хабар аудан тұрғындарының ашу ызасын туғызып, екі жүзге тарта адам бұл баланың басқа жаққа көшіп кетуін талап еткен. Содан кейін тәртіп сақшылары бір айға жуық ауылда сақтық шараларын күшейтіп, халықты әрең басқан болатын.
Осыдан кейін айыпты деген жасөспірімге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілген. Тіпті аудан әкімдігі де арнайы комиссия құрып, баланы оқшаулау қажет деген қорытынды шығарыпты.
ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ ӘЖЕСІ: «Балам дәретке шыға алмай қалды. Бір күн емес, екі емес , үш күн. Сосын не болды балам деп едім, осындай-осындай жағдай болды деді. Істеген жеріне ертіп барды. Ертіп барып көрсетті. Шешесін де, баланы да. Сүйтіп доқтыр сондай тошны деп шықты. Сондай қағаз берді. Сондай қағаз бермесе сондай дүрлігіп жата ма? Бес айдан бері қарай?»
Ауылды шулатқан осы оқиғадан соң өзінен кіші балаларды зорлады деген жасөспірім де, оның отбасы да басқа жаққа көшіп кеткен. Ал тәртіп сақшылары болса олардың үйін күні бүгінге деиін күзетіп отыр. Облыстық жасөспірімдердің ісін қарайтын сот жеткіншекті екі айға арнайы интернатқа жіберу туралы шешім шығарған. Бірақ мұндай шешіммен айыпталунышың анасы да, оның қорғаушысы да келіспейміз деп отыр. Айтуларынша сараптамалар толық жүргізілмеген. Әрі тергеу амалдары әлі аяқталмаған .
ВИКТОР ДОСМЕТОВ, АЙЫПТАЛУШЫ ЖАСӨСПІРІМНІҢ ҚОРҒАУШЫСЫ: «Бұл жерде көптеген түсініспеушіліктер туындап тұр. Арнайы комиссия шешім қабылдаған кезде жасөспірімнің ата-анасы шақырылмай қалған. Ал заң бойынша олар да міндетті түрде сол жерде болуы тиіс. Қылмыстық істі қарау әлі аяқталмай жатып, баланы арнайы интернатқа жібермекші. Сонда қалай? Бұл қылмысқа кімнің кінәлі екенін анықтамай шешім қабылдана бере ме?»
Ал өңірдің құқық қорғаушылары айыпталушы жақтың мұндай пікірімен келіспек емес. Өйткені тергеу кезінде барлық заң талаптары сақталып, сараптамалар жасалған деп отыр. Содан кейін ғана іс сотқа жолданыпты.
САЛТАНАТ ҚАРАКӨЗОВА,ОҚО ІІД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: «Осы жәйітке байланысты қазіргі таңда тергеу басқармасының қызметкерлерімен ОҚО ішкі істер департаменті толығымен күдікті жасөспірімнің кінәсі дәлелденді. Айғақты заттар бар. Бірнеше сараптамалар тағайындалып, солардың нәтижелері бар».
Қазір алғашқы сот шешімімен келіспеген екі тарап та облыстық сотқа аппеляциялық шағым түсірді. Бірақ әлі сот үкімі шықпаса да, айыпталушының анасы баламның кінәсі жоқ деп отыр.
ЗУЛҚҰМАР АРТЫҚОВА, АЙЫПТАЛУШЫ ЖАСӨСПІРІМНІҢ АНАСЫ: «Болмаған нәрсеге менің балам неге кету керек? Мен ешқашанда кетірмеймін. Егер бұл тірлік Шымкентпен бітпеитін болса мен жалаңаяқ болса да баруға тура келеді Астанаға деиін».
Енді осы мәселеге байланысты облыстық соттың алғашқы отырысы ертең болады. Онда жәбірленуші тараптың айыпталушының арнайы интернатта болу мерзімін ұзарту туралы шағымы қаралмақ. Ал, жасөспірімнің анасы баласының кінәсіз екенін дәлелдеп, ақтап алмақшы. Қалай болғанда да бұл мәселеге соңғы нүктені аппеляциялық соттың судьясы қоятын болады.