«Айуандықпен өлтірілген»: Сарыағашта 5 жасар қыздың мәйіті табылды

6378
фото https://www.instagram.com/p/Cupugjqtcn7/?igshid=MzRlODBiNWFlZA==

 

Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында 5 жасар қыздың денесі табылды. Бұл туралы «Не молчи» қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі Instagram парақшасында жазды. Д.Таңсәрінің мәліметінше, бүлдіршін зорланған және айуандықпен өлтірілген.

«13 шілде күні Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында 2018 жылы дүниеге келген қыз зорланып, айуандықпен өлтірілген. 1975 жылы дүниеге келген күдікті бұған дейін адам өлтіргені үшін сотты болған және пробациялық есепте тұрған» деп жазды Дина Таңсәрі.
Полицияға 13 шілде күні жергілікті тұрғын бүлдіршін қызының жоғалғаны туралы арызданған.

Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде ауыл тұрғындарының бірінің үйінен дене жарақаты бар қыздың денесі табылған. Түркістан облыстық Полиция департаментіндегілер зорлану фактісін әзірге растамады. Тиісті сараптамалар тағайындалғанын, соның нәтижесінде белгілі болатынын хабарлады.

«Бұл факт Қылмыстық кодекстің 99-бабы “Адам өлтіру” бойынша тіркелді. Сараптама тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті Сарыағаш АПБ-ға жеткізіліп, қамауға алынды. Барлық жағдайлар анықталуда» деп хабарлады полициядан.