Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрында кешегі аптаның соңында жазушы Мархабат Байғұттың «Жоғалған Жұрнақ» трагедиясы сахналанды. «Театрға көрермен аз келеді» дегеніміз әншейін екен. Сахна өнерін бағалаушылар талғап, таңдап көретін болғанға ұқсайды. Премьерада көрермен көп болды. Бәлкім негізгі тақырып Желтоқсан қасіреті болғандықтан да болар.
Шығарма сол жылдардағы алматылық студенттердің ғана емес, бүкіл бір ұлттың қасіреті болған Желтоқсан көтерілісіне қатысушы Жұрнақтың (сомдаушы әртіс Е.Аманғалиев), оның сүйген қызы Алманың (Ж. Сарыпбекова) және олардың замандастарының тағдыры арқылы ұлттың тағдыры тәлкекке түскен қайғы-қасіретті баяндайды. Трагедияны сахнаға шығарған қоюшы-режиссер Иманәлі Сапаровтың мақсат тұтқаны да осы. Бір ауылдың, бір ғана студент жастың тағдырын емес, солар арқылы бүкіл елдің, ұлттың тартқан азабын көрсету болған. Әсіресе тақырыпты талқылаушы ел-жұртты-әртістерді көрермен ортасына отырғызып, сахна мен көрермен зал арасын байланыстыра білген тәсілі сәтті шыққан. Ынта-ықыласын сахнадағы оқиғада болып, кейіпкердің кейпі басыңа түсіп, сюжет ішіне кіріп кетіп отырғаныңда, дәл қасыңда отырған көрермен «Жұрнақ жынды екен. Желтоқсанға қатысып әбден азаптауға түсіпті. Содан жынды боп қалыпты», – дейді. Оқиғаның дәл ортасында жүргеніңді одан сайын сезіне, ұғынуға ұмтыла түсесің.
Тәуелсіздіктің негізін қалаған Желтоқсан көтерілісінде сүйген қызынан, замандастарынан айырылып қалған Жұрнақтың аянышты өмірі арқылы қазақтың зар-запыранын сыртқа шығарған «Жоғалған Жұрнақ» шығармасын бұған дейін Шымкенттегі №65 мектептің оқушылары, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың студенттік театры сахналаған-ды. Тіпті Жетісай театры да Шымкентке әкеп сахнаға шығарған.
Алайда, олардың көбінде сахнада басты кейіпкерлер ғана болып, тіпті «массовканың» белсенділігі көріне бермейтін. Ал Иманәлі Сапаровтың сахналауында жоғарыда айтып өткендей көпшілік сахнадағылар да, көрермен арасындағы да кейіпкерлер кішігірім болса да өз рөлдерін белсенді түрде ойнады. Бір қойылымда бүкіл шаниндіктер танылды. Режиссер қолтаңбасының өзгелерден ерекшелігі де осында болды.
Әдетте, спектакльдерді сөз еткенде әртістердің, қоюшы-режисердің еңбегі еленіп, сахнаны безендіруші суретшілер сырт қалатыны бар. Ал сахнаға көз тіккен көрермен ең алдымен қоюшы-суретшінің еңбегімен бағалайды қойылымды. «Жоғалған Жұрнақта» өзге қойылымдардағыдай декарация мың құбылып өзгерген жоқ. Сол Мәскеуден достарын аңсап келген Жұрнақты қарсы алатын теміржол стансасы. Кішігірім стансия бойында орналасқан ауыл. Шағын болса да рухы биік, ұлттық намысын ту еткен азаматтар тұратын мекен. Бірақ, қарапайым қоңыр тіршілікті өз бедерлеуімен қоюшы-суретші Қалтөре Жұмақұлов та ұтымды берген деп ойлаймыз. Ал сахнада…
Адамдар арасындағы пікірқайшылық, жақсы мен жаман, санасыз бен саналы, ақ пен қара сияқты кезектесіп көрініс береді. Өзіміз көріп жүрген кәдімгі өмір. Тек кертартпа қоғамда ұлт азаттығы үшін азапқа түскендердің сұраусыз, іздеусіз, қамқорлықсыз қалатыны бар емес пе? «Жоғалған Жұрнақ» дәл осыны баяндайды. Шығарма авторы Мархабат Байғұттың өзі айтқандай санамыздың сапасын арттыру, ұлттық рухты сілкіндіру мақсат болған. Барыңыз. Көріңіз.
Суреттерді түсірген Ә. РОЗМЕТОВ