Бүгін мектептерде сабақ басталды. Қысқы демалыс аяқталып, оқушылар 3-ші шешуші тоқсанда білім алуды бастап кетті. Ал кейбір шәкірттер каникулда емтихан тапсырып, білімдерін саралады. Алайда «Назарбаев» мектебінде түсуге ниеттенгендердің 50 пайызы ғана оқи алуы мүмкін. 6 қаңтарда болып өткен тестілеудің қорытындысы осындай. Бірінші кезең бойынша 4 мыңнан аса оқушы тест тапсырса, соның жартысына жуығы ғана білімін дәлелдеген.
Физика-математика бағыты бойынша 40, химия-биология бағыты бойынша 50 пайыз. Тестілеудегі тапсырмалардан оқушылардың осынша үлесі өте алмаған. Кейбіріне бақ күліп қараса, енді бірі біліп тұрғанын шатасып жазыпты.
Бұл күні сондай-ақ, ата-аналардың наразылығын тудырған өту балының бастапқыда 24 деп берілгені еді. Кейіннен мұны техникалық ақауға жатқызған комиссия мүшелері 7 сыныптар үшін физика-матиматика бағытынан басқа пәннің бәрі де 30 балдан кем жинамауы қажетін түсіндірді.
Бақыт Байкемелқызы, аппеляциялық комиссияның төрайымы: «Сайтта жазылғаны бойынша 7 сыныптың физика-математика бағыты бойынша өту балы 24. Ал осы бағыт бойынша 8 бен 9 сыныптар 30 балдан төмен жинамауы қажет. Ал химия-биология бағыты бойынша 7, 8, 9 сыныптарға өту балы 30. Бірақ келген ата-аналардың Сіздер осылай 24 балл деп айттыңыздар деп ренжуі дұрыс емес. Өйткені, білімді бала 24 балмен тоқтап қалмауы тиіс».
Ал бүгін тестілеу мен аппеляциядан аман өткен оқушылар екінші кезең бойынша бақ сынап жатыр. Тиісті бағыт бойынша жүргізілген бақылау жұмысы «Назарбаев» мектебінің шәкіртін анықтап бермек. Нағыз сынақ осы кезеңде болады дейді мамандар.