Шымкентті мазақ етіп жүрген өзіміз емес пе?

Жалған отансүйгіштікті жалау еткендер көп
Жалған отансүйгіштікті жалау еткендер көп
Жалған отансүйгіштікті жалау еткендер көп

«Не шықса да Шымкенттен шығады» деген түсінік осы күні Алтайдан Атырауға дейінгі қазақтың санасында сіресіп тұрып қалған. «Не шықса да» деген тіркестің ішінде жақсысы да жаманы да қат-қабат жүреді. Оңтүстік Қазақстан облысынан өзге өңірлерде тұратындардың түсінігінше шымкенттіктер Алдар көсенің өзін алдап кететін нағыз қудың өзі. Тіпті кейбір өңірдің халқы шымкенттіктерге өзбектермен будандасып кеткенсіңдер, сартсыңдар деп бөлетінді шығарған. Осындай таяз ойлар қайдан шығып жатыр? Шымкенттіктерді жеккөрушілік пен көреалмаушылықтың пайда болуына кім кінәлі?

Қалай десек те Қазақстандағы ең танымал өңір – Оңтүстік Қазақстан облысы. Сосын оның орталығы – Шымкент. Бірақ басқа облысқа барып, Шымкенттенмін десең Шаншардағы Уәлибек айтқандай «әйбееей» дейді. «Шаншар» демекші Шымкентке қарсы осындай жеккөрушіліктің, қара пиардың өрістеуіне көбіне-көп осы «Шаншар», «Нысана», «Шымкент-шоу» сияқты әзіл-сықақ театрларының, КВН әзілкештерінің өздері кінәлі. Себебі, қай қойылымында болмасын олар Шымкентті бір түйремей өтпейді. Әйелін ұратын да шымкенттіктер, «сенгіш», «аңқау» қазақтарды алдап кететін де шымкенттіктер, елдегі ең бұзық балалар да шымкенттіктер.

Елді күлдіреміз деп, арзан әзілмен Шымкентті масқаралау, қаралау, бейшара, жабайы етіп көрсету осы күнгі әзіл-сықақ театрларының негізгі ұстанымына айналып кеткен. Байқасаңыздар, әзіл-сықақ театрларының дені Шымкенттен шыққан. «Шаншар», «Шымкент-шоу», «Алдараспан», «Нысана» осылай кете береді. Шымкенттен шықпаса да шымкенттік әртістері басым «Бауыржан-шоу», «Базар жоқ», «Күлкі керуені» театрларын тағы қосыңыз. Түсінбейтініміз, осы әртістер туған жерін жеккөрінішті, жексұрын етіп көрсетуге неге сонша құмар? Жалпы біртұтас елді, қарадомалақ қазағымызды соншама бөлектеп, мазақ ету қылмыс емес пе? Сөйтсек әзіл түбі зіл деп білетін әзілкештер Шымкентті мазақ етпесе жеп отырған нанынан айрылып қалады-мыс. Себебі, сахнада тек шымкенттіктерге қатысты әзіл өтімді көрінеді. Жұрттың бәрі театрдың концертіне осы жолы Шымкентті қалай мазақ қылар екен, қалай жексұрын етер екен деп барады екен-мыс. «Қалың көрермен осыны қалап тұрғанда туған жердің абыройы не бопты, тәйірі?».

 

Бәріміз сонша жек көретін, мазақ ететін, сынап-мінейтін Шымкент пен шымкенттіктер расында қандай өзі? Шынында да алдынан шыққанның бәрін алдап кететін қу немесе ұнамаған адамына жұдырығын ала жүгіретін ақылсыз бұзық па? Өзгенің асын тартып жейтін, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретін кержалқау ма? Саралап көрейікші.

Оңтүстік Қазақстан облысы – елдегі ең халқы көп, әрі тығыз қоныстанған өлке. Мұнда әсіресе қазақтың саны басым. Ресми деректерді сөйлетсек, облыс 1 млн 800 мың қазағы бар берекелі өңір. Осыншама қалың қазақтың ордасы болып отырған Шымкент те ең соңғы қала емес. Елдегі үшінші қала атағын бәсекесіз ала білген алып шаһар.

Шынын айту керек, ОҚО елдегі тұрмыс-деңгейі төмен, жұмыс орны да онда істейтіндердің айлық жалақысы да аз болып саналатын облыс. Айтса айтқандай-ақ шымкенттіктер сауда жасауға келгенде пысық. Бұл пысықтық елді жаппай дағдарыс жайлаған сонау тоқсаныншы жылдардың ортасында басталған. Сол кездері өзге өңірліктер мемлекетке аузын ашып, бізді асырау міндетің деп шалқайып отырғанда, шымкенттік саудагерлер ешкімге міндетсінбей-ақ пойыз-пойызды аралап, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Ресейден, тіпті Қытайдан тауар тасып, үй-ішін асырап, туған туысына қарасып, бүкіл елдің жоқ-жітігін жамауға да септігін тигізген. Жұмыссыздық, кәсіпкерліктегі бәсекелестік – Оңтүстік жұртын өзгелерден ерте есейтті.

Есейген бала алдымен ақшасы көп қала Алматыны, кейін Астананы бетке алды. Ауылдан шыққан қарадомалақ қазақ баласы көрінгеннің босағасына жалтақтап, жетімбұрыштан пәтер жалдап тұрды. Ілінген жұмыстың бәрін істеп, оны өзіне ар санамады. Еңбекқор бала күндердің күнінде есейіп, бизнестің көзін тауып, байып шыға келді. Сосын ауылда қалып қойған туыстарын, таныс-тамырларын қасына тартты. Осылайша Алматыдағы, Астанадағы шымкенттіктердің саны күрт көбейе бастады. Осының бәрі көз алдында көрініс тапқан соң жергілікті қазақтар шымкенттіктердің іскерлігіне, еңбекқорлығына таң қалып, кешегі бейшара, қарасирақ баланың бастық болып, ісін өрге домалатқанын көре алмай, өзінің соған жегіліп жұмыс істеп жүргеніне сене алмай жеккөрушілікті бастады.

 

Ал Алматы мен Астанаға аяғы жетпей қалғандары ауылда қарап отырған жоқ. Таңның атысы, күннің батысы ала жаздай жер жыртып, егінін егіп, малын бордақылап, күнкөрісіне жаратып отыр. Осынысы үшін де жазықты ма?! Жаздыгүні 40 градус ыстықта шөбін шауып, суын беріп, елді ақ алтынмен байытып отырған еңбекқор мақташыларды, бау-бақшасын баптап, көкөнісін сақтап отырған бағбандарды да мазақ етеміз қолдары күс-күс, қап-қара шымкенттіктер деп. Олай болса әзіл-сықақ театрларының айтып жүргендері әзіл емес, бұл қарапайым халықтың еңбегін мазақ ету, қорлау. Арысы жеп отырған асыңды, берісі өз қаның қазағыңды масқаралау. Сол шымкенттіктер көкөніс екпей қойсыншы, солтүстіктің халқы қымбатшылыққа ұрынып, көз жастары көл болар еді. Біле-білсек елдегі ішкі нарықтың, азық-түлік өнімдері бағасының тұрақты болуы бірінші кезекте оңтүстік шаруаларының арқасы. Солардың ауыр еңбегінің нәтижесі. Кейде «осы бізді неге өзгелер жек көреді» деп тулаймыз. Жақтырмағанда қайтеді, әзілкештеріміз өзімізді жерге ұрып, мазақ етіп тұрса. Керісінше шымкенттіктердің абыройын асқақтататындай әзіл ойлап тапса ғой, сол шіркіндер, тапқыр болса.

Шымкенттіктердің бір ерекшелігі – сөйлегенде дауыстары биязы, жұмсақ шығады. Біздің ел сыпайы келеді. Қыздарымыз ибалы. Жігіттеріміз намысқой. Ұлттың рухын көтеріп, ұлықтап жүрген шымкенттіктер. Бақсақ, басқа өңірліктер шымкенттіктерге «майда тілдеріңмен бізді алдап соғасыңдар» деп жоқ жерден дау шығарып, қорқады екен. О заманда бұ заман, жұмсақ, кішіпейіл сөйлегеннің өтірікші болатынын өзге өңірліктерден естіп, жағамызды ұстаймыз. Шыны керек, орыстанып кеткен өңірлерге көшіп барып, қазақ тілінің мәртебесін сәл де болса биікке көтеріп жүрген нақ Оңтүстік қазақтары. Мәселен, Астана астана болғалы көшіп барған өзге облыстықтардың ішінде шымкенттіктер бірінші орында екен. Сол астаналықтардың өздері шымкенттіктер келгелі Астананың қазақтың қаласына ұқсап қалғанын мойындап жатады.

Әлгі әзілкештер, сатира театрлары келеке қылғысы келсе неге анау барша қазаққа күйе жаққан Боратты сайқымазаққа айналдырмады? «Қазақта мәдениет, тіл, өнер болмаған» деген Жириновскийді сайқымазақ етпей ме? Айналып келіп, біртұтас қазақты «шымкенттіктер» деп бөліп, келеке еткенше. Себебі, мұндай сайқымазақ қойылым жасау үшін де өре керек. Жоғары интеллект керек. Ондай өкінішке орай түсінік-пайым біздегі сатира театрларында әлі жоқтың қасы. Сол баяғы етек пен төсектің, Шымкенттің маңайынан шыға алмай жүр. Елге, жерге бөліну қазақтығымызға сын, ұлттық бірлігімізге нұқсан келтіретінін ұмытпай, бар қазақты жалғызым дейтін асыл мұраттан адаспасақ екен.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

АЙТПАҚШЫ…

«Шымкентті журналистер де жаманатты етіп көрсетеді ғой» деушілердің табылатыны анық. Ондайларға айтарымыз, журналистер көрсетсе билік мойын бұрмай жатқан кемшілікті айтады. Халықтың мұң-мұқтажын көрсетеді. Себебі, қазір халық өз зарын айтып журналистерге көп келеді. Себебі, бір шешім шығарына сенеді. Ал мұны «Шымкентті жек көрінішті етіп көрсету» деп түсіну қате ұғым. Әрі мұндай сын әсіресе билікке ұнамайтыны ақиқат. Егер өз өлкеміздің нағыз патриоты болсақ, келеке етіп, мазақ қылуды доғару керек. Кей әкімдерге таң қаламыз, «Шымкенттің кемшілігін айтпасаңдаршы» деп журналистерге өкпелегенше, арзан күлкімен өңіріміздің атын сатып жүрген сықақшыларға өкпелемей ме?! Қазақстандық патриотизм алдымен Шымкент үшін намыс жыртудан басталуы керек.

Сіз не дейсіз?

Аңсар Өсербаев, облыстық дін істері департаментінің бас маманы:

– Маған әзілкеш-тердің шымкенттіктер жайлы жасаған әзілі онша намысыма тимейді. Керісінше қуанамын. Мұндай әзілдерді мен шымкенттіктерге деген құрмет деп қабылдаймын.

Айжігіт Асанов, тележурналист, ақын-сазгер:

– Сын түзелмей, мін түзелмес» деген. Сондықтан шынайы, орынды әзіл-сын болса ол қоғамға пайдалы. Ал кейде күлдірудің оңай жолын іздеп жеңіл-желпі дастарқан басында айтылатын әзілдерді үлкен сахнадан естігенде қарның ашады. Шымкенттің аты жиі аталуы бұл жердегі тіршіліктің шын мәнінде өзге облыстарға қарағанда өзгеше болғандығынан болар. Шынайы әзіл болса жарасымды, оған неге шамданасың, рахаттанып күлесің. Алайда күлдіремін деп, бүлдіріп, шымкенттіктерді өзге жақтағыларға құбыжық етіп көрсетудің де қажеті шамалы.

Әлия Еңсебаева, журналист, Астана қаласының тұрғыны:

– Ұлы бір ойшылдардан қалған сөз бар ғой «Жарнама жасаудың ең жаман түрі біреу-ақ. Ол – көңіл айту» деген. Ал қалған түрінің барлығы да жақсы жарнама деп қабылдау керек деп ойлаймын. Біздер, шымкенттіктер туралы әзілкештер, КВН-дықтар айтып жатса, ол біздің жақсы болғанымыздан ауызға іліккеніміз, біздің әйгілі болғанымыз деп қабылдау қажет. Шымкент – Қазақстанға әрбір бесінші баланы сыйлап отырған өңір. Олардың қатарында белгілі саясаткерлер, ірі кәсіпкерлер бар. Осыны көре алмағандар тікелей айта алмаған қыжылын әзілмен жеткізіп әуреге түскен түрі шығар.

 

Әкім Ысқақ, ақын, қоғам қайраткері:

– Шымкенттік болғанымды мақтаныш етемін. Өйткені осынау қасиетті жердің перзенті болу әрі сын әрі қуаныш дер едім.Шымкент – менің намысым, арым! Бірде досым екеуміз таксимен ана тілі мәселесі жайлы жарқын-жарқын әңгіме дүкен құрып, үйге беттеп келе жатқанбыз. Астананың әдемі көшесінде құмырсқадай өріп, шұбырып жүрген адамдарға қарап жүргізуші жігіт:

– Осы халықтың тең жартысынан көбі «южандар». Астанаға неге келеді екен? «Южанский варианттарын» өздерімен бірге ала келіп, қаламыздың сәнін, халқымыздың мәнін кетірді әбден. Не шықса да осы дөрекі «южандардан» шығады демесі бар ма? Не дерімізді білмей, отырған орнымызда мелшидік те қалдық. Үйге жеткен соң мына бір шумақтар ойыма еріксіз орала берді:

Оңтүстігім, биік оның айбары.

Ұлттық үнмен желбіреген байрағы.

Ана тілін қорғаштаған қызғыштай,

Қазағымның бұзылмаған қаймағы.

Дәстүр, ғұрпын сақтаған салт, санасын,

Бірлігімен тапқан тату, жарасым.

Бабалардың өсиетін мұра ғып,

Осы күнге жеткізген сен ғанасың.

Бір басыңнан өткерсең де азап көп,

Сенде жатыр тарих, тәлім, ғажап көп.

Сенен қуат алып өскен әр жанның,

Жүректері соғады ылғи «қазақ» деп.

Жүрегіме намыс деген жағып от,

Сен қазақтың жаралғансың бағы боп.

Тәліміңді қорлаған кей тексіздер,

Қадіріңе бас иеді әлі кеп..

Ғалымжан МӘуленов, кәсіпкер:

– Арзан әзілмен жұртты күлдірем деп жүргендер ой-өрісінің саяздығын сездіріп қояды. Ойлы әзілдің елді түзеудегі орны бөлек. Астарлы сөздің «алыстағысын» сезіп қояр шымкенттіктердің кеңпейілділігін «пайдаланып» жүр-ау солар. Расында да әзілкештер кейде тым «шымкентшілетіп» жібереді. Дәл сондай қожанасырлық қылық Қазақстанның өзге аймағындағы адамдардың да басында болуы мүмкін. Бірақ ел «Шымкентте болған жағдай…» деп айтса ғана күледі деп ойлайды. Бұл дұрыс емес, Мәселен, ресейлік әзілкештер өңірге бөліп айтпайды әзілдерін. «Біздер орыстар қызық халықпыз ғой, мұндай тек орыстардан ғана шығады…» деп бастайды. Біртұтастықты көздейді. Біздің әзілкештер де осыны үйренетін кезі жетті деп ойлаймын.

Серғали БАЛАЖАН, Baq.kz ақпараттық порталының жауапты редакторы:

– Өзім Астанада жұмыс істеймін, көшіп келгеніме 1 жылға жуық уақыт болды. Жер сұрасқан кезде «Шымкенттенмін» десем Әзірейілді көргендей қарайтындар көп, әсіресе жасы үлкен азаматтар арасында. Жасыратыны жоқ, шымкенттіктер пысық келеді, өзге аймақ тұрғындары мен салыстырғанда. Мұны мен халықтың көптігімен және өңірдегі ақшаның аздығымен байланыстырамын, яғни «өмір үшін арпалыс». Шымкенттіктердің қай өңірге барса да кәсіп етіп кететіндігі содан. Бәлкім осы пысықтықты Қазақстанның кейбір тұрғындары жақтырмайтын шығар, сондықтан кейде барынша келеке етуге тырысып бағып жатады. Бірақ барлығымыздың бір қазақ екендігімізді ұмытпағанымыз жөн, тіліміз бір, дініміз бір.