Шымкенттіктер дұрыс қойылмаған жол белгісіне шағымданды

86

Шымкенттік тұрғын күре жол бойындағы белгінің дұрыс орналаспағанын айтады. Салдарынан көлік жүргізушілері айыппұл арқалауда. Ал, тұрғындар шағымданған Республика даңғылы мен Әлия Молдағұлова көшелері қиылысындағы бейне-бақылау камералары 1 айдың ішінде 100-ден аса ереже бұзу әрекетін тіркеген.

Қаламыздағы Республика даңғылы мен Әлия Молдағұлова көшелері қиылысындағы көліктер кептелісі күнделікті қайталанатын жағдай деуге болады. Сонымен қатар, шет аудандарға жол жүру үшін, көшеде қол көтеріп көлік тоқтатып тұрған тұрғындарды да дәл осы жерден көптеп көресіз.

Ал ол жерге тоқтауға көліктерге тиым салынған. Арнайы бақылау камерасы орнатылып, белгі де қойылған. Сондықтан ол жерге 1 мезетке тоқтаған кез келген көлікке айыппұл салынады. Ал қала тұрғыны Алмат Қыстаубаев жол белгісінің дұрыс орналаспағанын айтады.

Алмат Қыстаубаев: «Бүгінгі проблема «Колостағы» жол белгісі. Мен әкімшілікке звондадам, мамандарынан сұрадым, транспорт бойынша басқармаға хабарластым, нәтиже болмады. Туннельге кіре берер жерде тоқтауға болмайды деген 2 белгі қойылған. Ол жерде тіке сызық мен тоқтағандарды артынан түсінеді: ол жерге міндетті түрде видео түсіреді деген белгі қою керек».

Сәт сайын айыппұл арқалаған жүргізушілердің жайына алаңдаған тұрғынның айтуынша, тоқтауға болмайды деген белгінің жанында бейне-бақылау камерасы түсіріп тұрғанын білдіретін белгі де тұруы керек. Ал ондай белгі көлік иелерінің көзіне түсе бермейтін аумақта, яғни Республика даңғылы мен Нахимов көшелері қиылысында тұр.

Ал құзырлы орын өкілдері Абай ауданына қарасты бұл аймақты толық тексеріп, мәселені шешуге тырысамыз дейді.

Айта кетейік, Республика даңғылы мен Әлия Молдағұлова көшелері қиылысындағы бейне-бақылау камералары соңғы 1 айдың ішінде жол ережесін бұзған 100-ден аса көлік иелеріне айыппұл салған.

Әсел Мәлік