Жастар практикасы негізінде былтыр жұмысбасты болған 571 жас маманның бірі-Нұргүл Нарбаева. Ол қаламыздағы №76 мектептің тәлімгері. Мектептің оқушылармен өткізілетін әрбір іс-шарасынан бастап,оқушылардың білімін қадағалау да жас маманның міндеті. Жауаптылық пен ұқыптылықты талап ету міндеті болғандықтан, өз ісіне үнемі жауапкершілікпен қарайды. Мамандығы бойынша жұмыс тауып, ел қатары жалақы алып отырғаны үшін Елбасына дән риза.
Нұргүл Нарбаева: «Мамандығым бойынша жұмыс жасап жатырмын. Жастар практикасы бойынша құжатымды өткізіп, мектепке жіберді. Алты ай бойы еңбек еттім, сосын директор тәлімгердің орны бос тұрғанын айтып, жұмысқа алып қалды. Содан бері екі-үш ай болды, осында қызмет етіп жүрмін. Жұмысым өзіме ұнайды, Елбасына және оның саясатын жүзеге асырып отырған азаматтарға көп рахмет».
Өткен жылдың мамыр айында жұмыспен қамту -2020 бағдарламасы аясында тоғыз жас осы мектепке тәжірибеден өтуге жіберілген екен. Солардың ішінен біздің кейіпкер Нұргүл іскерлігімен көзге түсіп, тұрақты жұмыспен қамтылыпты.
Талғат Ыстықұлов, №76 мектептің директоры: «Бізге келген жастардың біліктілігі жоқ болғандарымен, талабы таудай. Ішінен Нұргүл көзге түсті. Тұрақты жұмысқа алып қалдық. Бәрін бірдей жұмыспен қамтуға мүмкіншілігіміз жоқ».
Өткен жылы 3427 жас бағдарлама аясында практикадан өтіпті. Ол үшін ел қоржынынан 330 млн. Теңгеден аса қаржы жұмсалыпты. Әрбір жас маман алты ай бойы 26 мың теңгеден жалақы алып отырған. Оның тек 571-і ғана тұрақты жұмысқа орналаса алған. Айта өтейік, былтыр жас толқынның алғашқы тәжірибесінен өту үшін 406 мекемеден 4 мыңға жуық орынға сүраныс түскен. Ал биыл 2100 жас маман жастар практикасымен қамтылады деп күтілуде. Олар үшін 129 мекемеден 2005 орынға сұраныс бар. Айтпақшы биыл бұл бағыттың жалақысы да өсіпті.
Елбасымыздың бұд бағдарламасы көптеген жастарды жұмыспен қамтып отыр. Өз болашағым өз қолымда деп ұрандатқан әрбір жас қазақстандық жұмыссыз қалмайтыны анық.