Шымкентте физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі ашылды. Пайдалануға берілген білім ошағы елімізде ашылуы тиіс 20 Назарбаев мектебінің тоғызыншысы болып табылады. Әлемдік талаптарға сай білім ордасы 720 оқушыға арналған. Алайда мұнда іріктеуден сәтті өткен 530 бала оқытылмақ.
«Назарбаев Зияткерлік мектебінің» біздің облыстан да ашылуы заңды. Өйткені, Оңтүстікте адам саны тығыз һәм бала да көп. Сондықтан оларға берілетін білім де сапалы болуы тиіс. Бұл үмітті оқушылар да ақтаймыз деп отыр.
Сәуле ЖАНҰЗАҚОВА, оқушы: «Менің бұл мектепке түсу себебім, елімнің елеулі, ата-анамның қалаулы қызы болу. Әрине, осы Қазақстанды бүкіл елге таныту болды».
Зияткерлік мектебінде білім беретін ұстаздар да арнайы үш деңгейлі сынақтан өткен өз саласының дарасы. Облыстағы барлық аудандардан жиналған 571 үміткердің 116-сы ғана аталған білім ордасында жұмыс істемек.
Күләш ШӘМШИДИНОВА, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы: «Оқу бағдарламасының ең ерекшелігі, оқу бағдарламасы балаларды біліктілікке жетелейтін бағдарламалар. Яғни, бала алған білімін пайдалана алуы керек. Сол үшін біздің мұғалімдер әр пән бойынша тапсырмалар дайындайды. Сол тапсырмалар арқылы оқушының алған білімін тексеріп отырамыз».
Заманауи техниканың түр-түрімен қамтылған мектептің 120 балаға арналған өз жатақханасы да бар. Шымкентте тура осындай тағы бір мектеп «Нұрсәт» шағынауданында бой көтеруде. Оның салтанатты ашылуы сәуір айына тура келмек.