1 қыркүйектен бастап білім беру дәстүрлі форматта өтеді

288

Жаңа оқу жылында мектеп оқушылары қалай оқитын болады? Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында айтылды. Білім министрінің айтуынша, 1 қыркүйекте еліміздің мектеп оқушылары мен студенттері дәстүрлі форматта оқиды. Алайда, қатаң сақтық шараларын сақтауы қажет.

1-ші қыркүйектен бастап мектептерде оқу дәстүрлі форматта жүргізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. Оның айтуынша, мектептерде қосымша ауысымдар ұйымдастырылып, үзілістер уақытын әр уақытқа белгілеп, «1 сынып – 1 кабинет» жүйесі жұмыс жасайды. Барлық бұқаралық іс-шараларға тыйым салынады.

Сондай-ақ, министр білім берудің дәстүрлі форматына оралу балабақшаларға да, колледждер мен жоғары оқу орындарына да қатысты екенін айтты. Еліміздің бас ұстазы білім берудің дәстүрлі форматына оралу қажетті шара екенін жеткізді. Және де ата-аналардың басым бөлігі, мұғалімдер мен оқушылар бұл жаңалықты көптен бері күткенін айтады.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі: «Балабақшалардағы 20-25 баладан аспайтын топтарға штаттық режимде жұмыс істеу ұсынылады. Өз кезегінде мектептер барлық 1 мен 11-сынып оқушыларына қатаң санитарлық шектеулерді сақтай отырып, оқытуды дәстүрлі форматта жүргізу, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерін де дәстүрлі форматта оқыту ұсынылады. Әрине, ата-аналары немесе өздері коронавируспен ауыратын және денсаулығы бойынша тәуекел топтарға жататын білім алушыларға уақытша қашықтан оқыту форматымен білім алуды ұйымдастырамыз».

Сонымен қатар, 1 қыркүйекте ел мектептерінде салтанатты шаралар дәстүрлі форматта тек 1 сыныпқа ұйымдастырылады. Білім министрі жаңа оқу жылында мектеп формасы негізінен сақталатынын айтты. Бірақ, пандемия жағдайына байланысты мектепке классикалық үлгідегі ыңғайлы киіммен келуге де рұқсат беру бойынша шешім қабылданған.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі: «1 қыркүйекте болатын Білім күні салтанатты іс-шарасы дәстүрлі форматта, мектеп аумағында 1-сынып оқушылары үшін ұйымдастырылады. Оларға салтанатты түрде алғашқы оқулығы «Әліппе» табысталады. Ал 2 мен 11-сынып оқушылары тікелей бекітілген кабинеттерге барып, сонда тақырыптық сынып сағаттарына қатысатын болады».

Министр оқушылар мен педагогтердің қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету басты мәселе екенін қадап айтты. Сондықтан, барлық білім беру ұйымдарында қызметкерлер мен білім алушыларға маска кию міндетті дейді. Оған қоса, студенттер, педагогтар мен басқа да қызметкерлер оқу орынна «Ashyq» жүйесі арқылы кіргізіледі.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі: «Жаңа оқу жылында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және денсаулығын сақтау үшін арнайы санитарлық іс-шаралар қабылданады. Барлық мектептер, колледждер мен университеттердегі қызметкерлер мен білім алушыларға маска киюге міндетті болады. Барлық білім беру ұйымдарында күнделікті термометрия, желдету, кварцтеу, дезинфекциялау іс-шаралары жүргізілетін болады».

Айта кетейік, қазіргі таңда еліміздің білім мекемелеріндегі педагогтердің 93,1 пайызы коронавирусқа қарсы вакцина алды. Министрдің дерегінше, жаңа оқу жылында педагогтердің қатарын 12 мыңнан астам жас маман толықтырады. Олардың басым бөлігі Ақтөбе, Түркістан, Жамбыл облыстарында.

Сондай-ақ, жоғары оқу орындары мен колледждер дәстүрлі оқыту форматына көшуі кезінде педагогтар мен қызметкерлерді, жатақхана, асхана қызметкерлерін 100% вакцинациялауды қамтамасыз ету қажет. Вакцинацияланбаған студенттер қашықтықтан оқытуға ауыстырылады.

Асхат Аймағамбетов,  ҚР Білім және ғылым министрі: «9 тамыздағы жағдай бойынша, білім мекемелеріндегі педагогтердің 93,1 пайызы және басқа қызметкерлердің 88,4 пайызы коронавирусқа қарсы вакцина алды. Студенттердің вакцина алуын ынталандыру бойынша университеттер арнайы іс-шараларды іске асырып жатыр. Оқу ақысын төмендету, ақысыз курстар ұйымдастыру, жолдамалар мен бағалы сыйлықтар беру сияқты бастамалар университеттерде кеңінен қолданылуда. Бірақ екі облыс бойынша оқулықтар жеткіліксіз. Олар Түркістан және Павлодар облыстары».

Түркістан мен Павлодарда оқулық жетіспеушілігі байқалғанын айтқан Білім министрі оның себебі оқушы санының өсуінен деп отыр. Қазір бұл мәселелерді шешуге қосымша қаражат бөлініп жатыр екен.

Айта кетейік, жаңа оқу жылында ел мектептерінде 3 млн. 600 мыңға жуық бала білім алатын болады. Колледждер контингенті – 470 мың, университет студенттерінің саны 650 мың. Бүгінде білім ордаларына жаңа оқу жылының басталуы туралы бұйрық және арнайы дайындалған әдістемелік нұсқаулық бекітіліп, аймақтарға жіберілген.

 Олжас Айдарбек