Үстел теннисінен облыс біріншілігі «Спартак» спорт кешенінің залында жалауын көтерді. Орталық дайындық орнының бір бұрышында жарыс өтуде. Бір жағында шыңға өрмелеушілер жаттығуда. Палуандар да осында. Турнир өткізуге ыңғайсыз болғанымен, бапкерлер осының өзіне шүкіршілік етеді. Өйткені, оларды өзге спорт ордаларына тіпті кіргізбейді де. Ал «шағын ғана жерде бәсекеге түсу аса проблема емес»,- дейді олар.
Евгений Конаков, жарысқа қатысушы: «Кезінде спорттың бұл ойынына деген қызығушылық жақсы болатын. Үстел теннисі Қытайда халық ойыны саналады. Әлемдік аренада барлық медальдарды да сол елдің спортшылары жеңіп алады. Біздің ел де сол жақтан үлгі алса деймін. Мына жерді қараңызшы бір жағымызда палуандар жаттықса, мына жақта басқа спорт түрі дайындалуда. Зал қажет бізге».
Үстел теннисінің белсенділері спорттың бұл түрінің жойылып кетуіне жол бермеуге бекініпті. Оның үстіне жеткіншектер арасында да қызығушылық жоқ емес. Ең бастысы, жарыстардың қатары көбейсе.
Бұл жолғы облыс біріншілігінде 40-қа тарта теннисші бағын сынады. Кәсіби спортшылармен қатар теннис клубының әуесқой ойыншылары бас жүлдені сарапқа салды. Бәсекеге түскендер жас ерекшелігіне бөлінбеді. Яғни, 10 жастағы спортшы 70-тегі спорт ардагерімен де кездесе алды.
Төрт күнге жалғасқан жарыстың қорытындысы бойынша әйелдер арасында Галина Мирошниченко бірінші орыннан көрінсе, Салима Тұрғанбековамен Әсел Болатова жүлдегер болды. Ал ерлердің ішінен Николай Ким көшті бастады. Ернар Рүстем екінші орыннан көрінсе, Қуаныш Сабденов алғашқы үштікті қорытындылады.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=0SKhe9s10Is[/youtube]