Жастолқын мешітке кіруге сескенеді. Олар ОҚО Ішкі саясат басқармасына қарасты әлеуметтік бастамалар орталығы мамандарымен өткен кездесуде осылай деді. Айтуларынша, соңғы кездері Алланың ақ үйінде бір намазды жамағаттың түрліше оқу мен насихат парақшаларының таратылуы күдік туғызатын болған.
Ғазиза Шүленбаева, студент: «Қазіргі уақытта мешітке, өзге де жерлерге бара берудің қажеті жоқ деп ойлаймын.
Себебі, ол жерде көріп жүрміз, өзінің парақшаларын таратып, қасыңа жақындай кетеді. Сұрақ қойып мазаңды алады. Тіпті түсіндірме жүргізіп, миыңды ашытады. Саябақ болсын ол басқа қоғамдық орын болсын, қызықтырмайды. Бет аузын тұмшалаған қыздарды да көп кездестіремін. Сондықтан қорқып қалғанбыз. Түрлі сектанттар да қай жерді торуылдап жүруді біліп алған. Студенттердің сеніміне кіру үшін тіпті мешітте де жүр».
Жүсіп Оңғаров, студент: «Әрине, кейбір мешіттерде мұндай жағдайлар болған. Мешітте түрліше намаз оқып, басқаша уағыз айтатындарын достарымнан да жиі естимін. Өзімнің негізі діннен сауатым бар, сондықтан иманым әлсіз дей алмаймын. Мен ондай адамдарға берілмеймін. Бірақ замандастарым, достарым үшін алаңдаймын. Сонда мешіттің өзі бізге қауіп төндіретін болған ба?!»
Бүгінде төрткүл дүние діни экстремизм мен терроризммен жаппай күресін жалғастыруда. Қазақстан республикасы дін істері агенттігі мамандары жастармен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жүр. Әрбір ЖОО-ны студенттерімен, имамдармен кездесуі жүйелі жоспарға енгізілген. Сондықтан, кері ағымның арбауына түскен жастарды қайтаруда кеш емес дейді облыстық мешіттің имамдары.
Мұхамеджан Естеміров, облыстық «Абдул Хамид Хаттани» мешітінің наиб имамы: «Әрине, мешітте мұндай жағдайлар болып жатқанын мойындаймыз, білеміз. Енді біз де шарасыз болып отырған жоқпыз ба?! Арнайы заң қаралмаған. Оның үстіне «Хизбут-тахрир» сияқты тығылып, артымыздан террористік топ құрып, бомба қойып жатпағанына шүкір дейміз. Қайта мешітте болса да көз алдымызда былығын жасап жүр. Біз олардың кім екенін, оған қоса қайта жұмыс істеп, қайда жүретінін, тіпті тұрғылықты үйіне дейін жақсы білеміз. Арнайы тізімде тұрады олар. Сондықтан қолымыздан келгенінше, үгіт-насихат, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жүрміз. Бұл да болса, мұсылмандардың оң жолдан адасуына жол бермейді деп ойлаймыз, әрине. Олар мешітке келген бойда намазды бұзып, орындалып жатқан әрекеттер жайында жаңсақ пікірлерін дауыстап білдіріп отыруға талпынып-ақ бағады. Сол кезде біз де шариғат айтып, дұрыс бағдар беруден жалыққан емеспіз. Түрегеліп намаз оқуды бастағанда да өзге қимылдармен өзгелерден бөлініп тұрады. Бұл олардың дінге іріткі салып, Исламға нұқсан келтіруге арналған арнайы жобалары деп білемін. Сондықтан, біз діни экстремизмге қарсы рухани қарулы күштерімізді барымызша қолданып жүрміз. Енді жамағаттың дұрыс сенімге бой ұруы қоғам назарында болады».
Ал ОҚО Ішкі саясат басқармасы әлеуметтік бастамалар орталығы басшылығы да мұндай жағдайлардың ушығып тұрғанын айтады. Алайда, әзірге тек түсіндірме жұмыстарымен ғана шектелеміз, шарасызбыз дейді олар.
Нұржан Тұрсынбай, ОҚО Ішкі саясат басқармасы әлеуметтік бастамалар орталығының директоры: «Тек Шымкент қаласында ғана емес, барлық аудандардың орталық мешіттерінде тауарих намазына өзім қатысып отырдым. Жастардың айтып отарғаны дұрыс! Мен өз көзіммен көрдім, намазды басқа бағытта, адасып оқитын бауырларымызды. Олардың айтып отырған сөздерін де естідім. Уағыздары да бөлек. Бірақ менің бір ұтқаным — олар да негізінде сырттан осы интернет желісі арқылы кейбір ұстаздар тауып алып, солардың таратқан парақшаларын жақсылап оқып алып, сол бойынша жұмыс жасап жатқандарын өздері айтып, мойындады. Өзге ұлт өкілдері біздің жастарымыздың басын қатырып, өзге ағымдарға сүйреп жатыр. Тіпті кіріп кеткендері қаншама. Бұл деген сұмдық қой. Мұның соңы жақсылыққа әкелмейді. Үлкен саясат жатыр мұның астарында, қазақты қазаққа қарсы қою деген сияқты…»
Айта өтейік, өңірімізде 2012 жылы жастармен жүздеген түсіндірме шаралары жүргізілген. Ал биыл жастардың қатысумен 2000 іс-шара өтіледі жоспарланып отыр.