Кейіпкерім жайлы көп естігем, кездесуге, сырласуға ынтық болғанымда содан. Биязы, жұмсақ дауысымен ерекшеленеді. Өзіне тән нәзіктігі мен қылығы бар. Әдетте елуді еңсерген әйелдер байсалды болып көрінгісі келетін еді, ал менің бүгінгі кейіпкерім назданып отырып, сыңғыр күлкісімен сыр ақтарды.
Сіз де таныса отырыңыз. Бұл Сая Қасымбек. Иә, сол Саяның өзі…
Күзетші жігіт ой салды…
Сая ханым үшін арайлап атқан әрбір күн мереке. Жаңа күнді жаңа жігермен қарсы алып, жаңа үмітпен өмір сүреді. Бұл ережені өмірлік ұстанымына айналдырғалы да көп болған жоқ. Оған қарапайым ғана диалог себепші болды. «…Абақтыда торығып, қамығып жүрген шағым. Сонда атқан тағы бір таңда қам көңілденіп жүрсем керек, күзетші жігіт жанымнан өтіп бара жатып, «Мерекеңіз құтты болсын, Сая апай!» – дейді. Шартты түрде жауап қаттым да артынша ойланып қалдым. Қайта айналып барып, «қай мерекені айтасың, қалқам?» деймін. «Арайлап атқан әрбір таң мереке ғой, Сая апай…» дейді әлгі жігіт. Қарапайым ғана күзетшінің бұл пайым-парасатына іштей разы болдым. Сол күзетші жігіт менің өмірге деген көзқарасымды өзгертті, түйсігімді байытты. Әр таңға, әр күнге қуанып, өмірге құштарлықпен қарайтын болдым. Осы күні ойға алсам біз өткен күннің қадірін білмейді екенбіз. Қу тіршіліктің соңына түсіп алып, бітімі жоқ дүниенің құрбанына айналып кете барамыз. Жанымызды, ойымызды осы бір тіршілік түйткілдерінің торына қамап қойғанымызды сезбейміз де. Абақтыда отырғанымда осыны ойладым. Атар таңның үмітімен келген жаңа күнді жақсы өткізу, пайдалы өткізу, рухани ләззат алу өз қолымызда екен ғой. Тіршіліктің шыж-быжын ойламайтын болдым бұл күнде. Рас айтам, бұл күнде бітпес тіршіліктің түйткілдерін ойлаудан қалдым. Мұндай жәйттерге аса сабырлықпен, биік парасатпен қарауға тырысам. Болатын нәрсе болып жатар, ал сәтсіздікке немесе орындалмай қалған істерге бұрынғыдай күйіп-піспеймін. Жә, болмаса қойсын… Білесіз бе, жан тебіренісін күйбең тіршіліктің тым арзан ойларынан осылайша арашалап алуға болады екен…»
Кейіпкерім Саямен пікірлескен сайын, оның ғажап әйел екеніне көзіңіз жетеді. Адамның түр-әлпетіне қарап, оның өмірі жайлы білуге болады деген түсінік бар. Сая Қасымбектің ішкі әлемін түсіну үшін жылы күлімсірегеніне, нұрланған көзіне, ақжарқын жүзіне қарасаң болғаны. Тек өзіне тән қылығы әрі нәзіктіктің, әрі ерге бермес азаматтықтың ізін байқатады.
Құрбақаға өкпелеуге болмайды…
…Сая ханым қиянатты көргенде еркектерден көрді. Кезінде театрдың қаржысын «жеп қойды» деген жаламен одан жиренгеннің көбі ер-азаматтар еді. Оны морт сынады деген болар. Жоқ. Сынға сабырмен қарап, төзім танытуға сеп болған, өзін сындырмаған ертеңгі күнге деген сенім еді. Сенім, үміт, махаббат. Осы үшеуі бүгінгі күніне жетіп, шүкірлік етіп отыруына себепші. Күпірлік еткен күні де болған шығар. Бірақ торда отырып топшылағаны көп. Өткеніне есеп беріп, болашағын болжады. Адам боп қалу ардақты арманы еді. Бұл күн де өтер. Кеудесін шер торлап, жаны жалғыздықтан жалығып, жанары жәудірей кеткенде ойына оралатын осы бір ұстанымы бар еді. Уақыт деген ұлы емші дейді. Рас-ау, Саяның ақ таңы атып, абақтыға тоғытылған азапты күндер артта қалып, азаттыққа шықты. «Құлан құласа құлағында құрбақа ойнайды» деген сөз бар. «Мен құлап, құлан болдым. Құлағымда ойнаған құрбақалар көп еді» дейді кейіпкерім. Бүгінде құлағында ойнаған құрбақаларды жазбай таниды. Жақсы біледі. Бірақ өкпелемейді. Өрт болған өзегін өзгелерге көрсетпеуге тырысқан. Тас-түйін болып бекіген қалпынан қалт етіп тайған емес. «Құрбақаға өкпелеуге бола ма? Оларға не деп өкпелейсің?» деп түйеді ой теңізінің түйінін.
Өмірді, өжеттікті, қайсарлықты мақсат тұтып, адамзатты осы бір асыл қасиеттерге баулитын 100-ге тарта шығармалары да Саяның салихалы жүрегінен сыр шертеді. Сахналанған талай дүниесі сынға ілікті. Бірақ сыналған шығарманың түбірінен шыңына дейін шындық баурап жатқанын бәрі де мойындайтын. Темір тордың ар жағында да талай тақырып қозғалып, көзі қарақты қазаққа тарту етілді. Мұның барлығы да Саяның табиғатына тән мойымайтын қайсарлығында жатыр-ау.
Сол екі әйел…
Бәленше қайратты екен, түгенше қайсарлығымен мықты деп жатамыз. Бұл екі қасиетке де жүрек керек. Ал әйел жүрегі қашан да нәзік. Қанша жерден тас-түйін болып бекініп, нардың жүгін көтеруге бел буғанымен,айналасынан қолдау, қорғау күтеді. Себебі ол әйел. Сая ханымға да сын сағатта қолдау қатты қажет еді. Осы тұста әпкелік қамқорлық танытып, қолтығынан демеген екі әйел болды. Бірі облыстық мәдениет басқармасының бастығы Күлия Смайылханқызы Айдарбекова болса, екіншісі Түркістан қаласы мәдениет бөлімінің бастығы Ұлжан Әбенқызы Мұстапаева. «Қос қанатым болды екеуі. Топқа еніп, үйіріммен қайта табысуыма мол септігі тиді екі апамның» деп үлкен ризашылықпен ақжарма тілегін балаша жеткізді Сая ханым. Екінші тынысымның ашылып, өмірге деген құштарлығымның одан сайын артуына жол ашып берген осы екі әйелдің азаматтығы мен парасатына бас ием» деген ойын бір емес, бірнеше рет айтты. Разылығының риясыз екендігі әдемі көздерінен көрініп-ақ тұр. Бұл әйелдердің жүрегі кең, пайымы ерекше дейді кейіпкерім. Жақсының жақсысын айтуға тырысып жатқан болар, мерейі тасысын дегені деп білдім. Кенет, Саяның көзіне мұң ұялады. Әлгіден бері шабыттана, шаттана сөйлеп отыр еді. Енді дауысы бәсеңдеп, жанарына жас тұнғандай болды. Орамды ойын білгім келіп, осы қалпынан көз айырмай отырдым. Сәл үнсіздіктен соң, қайта тіл қатты. «Күлия Смайылханқызының «Анаға арнау» деген кітабын оқып шықтым. Бір қараған адам оны қатал бастық, қатардағы шырт түкіргіш шенеуніктің бірі деп біледі. Ал шын мәнінде Күлияның ой-санасы, толғаныс-түйіні тым ерекше, бөлек. Оның осы шығармасын оқи отырып, өз анамды еске аламын. Білесіз бе, өзегімді өрт ететін өкініш бар. Ол анамды ақ орап, соңғы сапарға шығарып сала алмағаным. Апалап артынан жоқтау айтып жылай алмағаным. Ол өмірден өткенде мен торда отырған бейбақ едім. Артынан торқа айтып, бір уыс топырақ шаша алмағаным осы күнге дейін жанымды қинайды. Менің ұлы мұңым осы. Кеудемде шер болып ширамай қалған өкінішім. Бұл қайғым өзге өкініштерімді еңсеріп тастамасам да талайын жолда қалдырдым. Бұл тұста қолдау білдірген қос қанатым, екі апайыма деген ілтипатым өзгеше».
Осы ойынан сөздің байыбына барып, бар мен жоқты, ақ пен қараны зерделей алатын азаматтығын байқауға болады. Тарихи шығармаларға жаны жақын Саяның идеалы – Томирис. Өр қыздың өжеттігіне, өзіндік өзімшілдігіне, қайсар-қайратына, намысқойлығы мен арына тәнті.
Әкем – данышпан
«…Әкем былай деуші еді…», «Әкем айтатын…», «Әкем ғой…». Кейіпкерімнің көп сөзі әкесі туралы естеліктермен астасып жатқанын байқадым. Әкеңізді көп айтасыз, ер азаматтың идеалы әкеңіздей болу керек сияқты ғой? – деген сауалыма ойлағанымдай-ақ жауап қатты. – Иә, мен нағыз ер-азамат менің әкемдей болу керек деп есептеймін. Білесіз бе, ол кісі оқымаса да, тоқымаса да данышпан еді. Иә, дәл солай. Ол данышпан боп туған. Әрбір сөзді, әрбір әрекетті ойланып жасап, ой қозғап отыратын қасиеті бар еді. Айналайын-ай, бүгінде аңсаймын ғой. Қарапайым ғана шаруа кісі болса да сөзі, ісі, пәлсапалық көзқарасы өзгеше бір өлшемде еді. Әрбір әрекеті мен сөзінен даналықтың, даралықтың ізін көрем. Сонда бізге бәрінен де бұрын адам боп қалуды мақсат еткен екен ғой. Қазір көп сөзін қайталаймын. Ойларын өз орамыма аламын. Өмірлік жолымды, тұлға болып қалыптасуымды және бүгінгі еңсерген биігімнің басында әкем барын білемін, сеземін.
Әкенің талай ақылын тыңдап, оймақтай болса да ой алуға тырысатын кішкентай Сая елестеді көзіме. Кішкентай Саяның бұл күнде үлкендігі маңызды емес-ау. Маңыздысы Саясының әке саясында алған салихалы, салмақты санасы. Сол санамен Сая, Сая болып отырған жоқ па…
Қара қыз…
Ана туралы тебірене айтқанда өзі қандай ана екен деген сауалдың санаға сау ете қалатыны заңды ғой. Сая ханымның үйдегі бейнесін ойша байыптап, биязы, талапшыл әрі тап-тұйнақтай етіп елестетіп алыппын. Мұнымның бәрі бекер боп шықты. Ойша суреттеген бейнемнің өрімін Саяның өзі бұзды. Үйде мен ерке-е-е-емін дейді сықылықтай күліп. Еркелеп жүрген елесі санама ерсілеу көрінді. Бірақ мұнысы рас сияқты. «Мен балаларыма еркелеймін. Олар мені біздің үйдің қара қызы деп еркелетеді. Үйді жинайтын да өздері, ыдыс жуатын да өздері. Мен тек тамақ әзірлеп берем қос сұңқарыма» дейді жанарында нұр ойнап. – Мен айтқан сөзді екі етпейтін, бетіме қарсы келіп, кеудемді қарс айырар ағат сөз айтпайтын перзенттерімнің барына мың қайтара тәубешілік етемін. Талай ананы білемін. Балалары бетінен алып, төсіне шабады ғой. Ал менің Дәулетім мен Бағдатым бағыма берген боталарым. Жігіт болып қалған екеуі де. Ертеңгі өмірімнің жалғасы, тағдырымның айнасы екеуі. Үкілі үмітімнің сүбелі үлесі екеуінің қолында деп білемін. Ертең үйлі-баранды болар, маған немере сүйгізер. Сол болашаққа әдемі аңыз болып қалғым келеді. Әжеміз мынаны айтқан, әжем мынаны жазған, әжем мынадай адам болған деп, көзім жоқта айтып отырса деймін. Сондықтан да болашаққа бағдар берер мол мұра қалдырғым келеді. Әзірге екі ұлым да бойдақ. Үйдің еркесі, қара қызы жалғыз өзім. Ертең бауырыма басар қыздарым келсе қара қыз болам ба, болмаймын ба, білмеймін. Бірақ ұлдарымның маған деген ықыластарының айрықша, сыйластықтарының тым ерекше екендігін білемін.
Сөз барысында айтқанымдай, қылықты әйел. Өзін ерке қара қыз етіп көрсетіп отыр. Елу деген еңселі белеске байыппен келген әйелдің былайша қылықтануы өзіме қызық көрінгенін жасырып қайтейін. Бірақ өзіне жарасып-ақ тұр. Әсіресе екі қасын кере сөйлеп, білегін төмен қарай тастай салып, шынашағын көтеріп алатын әрекеті елітіп әкетеді екен. Еріксіз езу тартасың.
Етіктері тозбапты…
«Адамдар – тіршілік формуласы» деді ол. Бұл дүние сынақ үшін берілгендігін айтып. Құраннан мысал келтірді. Алланың хақ жолымен жүргісі келетінін де айтты. Иманына берік әйел екенін аңғартқысы келетін сияқты.
– Мен бұл күнде жаяу жүретін болдым. Бұрын қызметте жүріп, мәшинемен ғана қатынаппыз ғой. Тіке барып, тіке қайтамыз. Қазір қоғамдық көлікпен жүремін. Рахат қой. 50 теңгеңізді беріңіз, қалаған бағытыңызға кете барасыз. Адамдарға көп қарайтын болдым. Әрбір адамның жүзіне қарап үңілемін. Біреу сары уайыммен сандалып, кеудесін жара күрсініп барады. Ал енді біреу шаттанып, айналасына ізгілікпен қарайды. Енді бір кісі ызалы күймен, тағдырының тауқыметіне лағнет айтып тұрады. Бәрі де өмір деген спектакльдің әртістері. Әрқайсысы өз рөлдерін шебер сомдайды-ақ. Бірақ күйттегендері бір ғана нәрсе. Ол – тіршілік формуласы. Бірі бүгінгісімен ғана ғұмыр кешсе, екіншісі ертеңін ойлайды. Жаяу жүріп, талай тағдырды аңғарамын. Алдымдағы адамның жан дүниесіне үңілемін. Білмеймін, менің пайымым өзгеше бір өлшемге өтіп кеткен болар, бірақ осы адамдар неге сонша күйіп-піседі? Неге терең ойланып, өмірдің әр сәтін маңызды етіп өткізгісі келмейді екен деп іштей қыжынам. Күніге жаяу жүремін. Жаяу жүріп өзімдей адамдарды көремін. Көп нәрсе байлаймын түйсігіме. Кейіпкерімнің бұл таңданысы мені ойландырды. Шын мәнінде күнделікті тіршіліктің күйбеңі өз-өзімізге, жанымызға үңілуді білмейміз.
Есесіне Саяның етіктері тозбапты. Жаяу жүрмеген соң бәрі де жап-жаңа қалпында қалған. Қазір шетінен тоздырып жатыр. Қызметте жүргенде тұмсығы кертілмеген, мүжілмеген етіктер. Бұрын тек маңызды жерлерге ғана бас сұғып, маң басатын етік иесі бұл күнде қараша жүрген жолмен жүреді. Етіктер енді тозатын шығар…
Ғашықтық
Қазақ «ерді ер ететін де әйел, жер ететін де әйел» дейді. Мұның бәрі ер адамның өмірінде әйелдің алатын орны өте зор екенін айғақтайды. Яғни ер адам әйелге қаншалықты көңіл бөліп, мейірім-шапағатына бөлей білсе, ол да ерінің жақсылығына жақсылықпен жауап берері хақ. Еркек – әйелсіз ешкім емес. Бар жетістігі мен берекесі тек әйелінің немесе анасының арқасында екенін көп еркек аңғармайды. Әйелі жоқ ер-азаматтың күні қараң деген ойын ашық айтты кейіпкерім. Ол үшін іңкәр махаббатың да болуы шарт. Сая ханымның да махаббаты бар. Және бұл сезімнің иесіне өлердей ғашық.
«Өнер адамдары үнемі ғашық болып жүру керек» дейді ол. «Ғашықтық – шабыт сыйлайды. Шабыт шаттық береді. Осыны айтсам, кімге ғашық болам деп тіксіне қарайтындар бар. Міндетті түрде субъект тауып ғашық болу керек емес деп ойлаймын. Мысалы мына мен, ғашықпын. Өлердей ғашықпын ол адамға». Ол қандай адам? – деймін мен, Саяның қиялына енуге рұқсат сұрап. «Ол кереметтей көрікті емес. Менің ғашығым қарапайым ғана адам. Тым қарапайым. Өресі биік, өр азамат. Бүгінгінің кей еркектері секілді жылпос, қорқақ, арам ниетті, тым майда емес. Еңселі келген ер. Есімі де әдемі. Ол менің ғана ғашығым. Өз әлемімнің иесі».
Көз алдыма Сая суреттеген ер кісі елестей кетті. Екеуі жарасымды-ақ жұп. Әйелдің көзі жайнап, ажары артып, сымбаты сұлулана түсуі осы бір ғанибет сезімде жатқан болар?! Ғашықтығы көрініп-ақ тұр. Өмірге құштар. Тіршіліктің қайнап жатқан ортасына түсіп, өз болмысының қаншалықты қайратты, діңгегі қуатты екендігін өзі сынап жүргендей. Осы бір назы маған да әсер етті. Сая Қасымбектің өжеттігі өзіме ғана емес, өзіңізге де үлгі болса екен деймін, оқырман…
Ақмарал Алтынбекқызы