Наурыз мерекесін атап өтуге арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес бүгін, 15 наурыз Оңтүстікте «Тағзым күні» аталып өтілуде. Тарихымызда Наурыз мерекесі қарсаңында ата-бабаларымыз көпшілік болып бата жасаған. Көпшілік батасы қабыл болатындығы жөнінде елде сенім де бар.
Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген қағида бар. Сондықтан, дүниеден өткен ата-бабалар рухына Құран бағыштап, жеті шелпек пісіру Наурыз мейрамның қарсаңында жасалатын игі істердің қатарына кіреді.
«Тағзым күніндегі» шаралар Шымкент қаласы Абай саябағында орналасқан қаза болған шекарашыларға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Одан соң, Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрында қазақтың тарихи тұлғалары Төле бидің 350 және Абылайханның 300 жылдықтарына арналған республикалық «Наурыз» ақындар айтысымен жалғасты.
Жұма намазға сай келген осынау игі-шара мешіттерде аталар рухына арнап Құран оқумен, уағыз айтумен жалғасын таппақ.