Табиғатты талқандағандар жазаланады

Ағаштарды қопарып, тастарды қомағайлана қазып алған
Ағаштарды  қопарып, тастарды қомағайлана қазып алған
Ағаштарды қопарып, тастарды қомағайлана қазып алған

Өндірісті өркендетіп, кәсіпкерлікті дамытамыз деп кейде табиғатты естен шығарып жіберетініміз бар. Пайданың соңынан алаөкпе боп қуып жүргенімізде қоршаған ортаның тепе-теңдігі бұзылып, соның кесірінен мыңдаған жылдар бойы жасалған әсем ландшафттар жермен-жексен болып жатады.

Ордабасы ауданының орталығы Темірланның маңынан өтетін Арыс өзенінің атырабы бір кездері ну тоғаймен қоршалып жатушы еді. Облысқа ғана емес бүкіл елге танымал болатын. Өтіп бара жатқан жолаушы болсын, шетелден келген туристер болсын өзен суына шомылып, қалың тоғайдың таза ауасымен демалмай кетпейтін. Бүгінде өзен маңындағы қалың тоғай селдіреп қалыпты. Сөйтсек заңсыз табыс тапқысы келетіндер Арыстың жағасынан кішігірім карьерлер ашып, тас өндіретін болған. Өзен бойын қуалай орналасқан карьерлердің кесірінен тоғайдағы ағаштар жойылудың сәл ғана алдында тұр. Өзен арнасы да кеңи бастапты. Тиісінше судың тереңдігі де ағысы да азайған.

Арыс өзені осы маңда тіршілік ететін ондаған елді мекеннің егістік, суармалы жерлерін сумен қамтамасыз етіп отырған жалғыз су көзі. Оның үстіне жағасын бойлай өскен жасыл желек сол маңның экологиялық ахуалын бірқалыпты ұстап тұруға да септігі мол. Ал әлгіндей карьерлер сол тепе-теңдікті бұза бастаған. Ирелеңдеген, көрер көзге әдемі өзен арнасы да қалыпты бейнесін жоғалтыпты. Қазылған жерлер суға толып, өзен арнасының ұсқынын қашырып тұр.

Аудан басшысы заң шеңберінде тіркеліп, салығын төлеп жұмыс істеп жатқан мекеменің өзі заңсыз әрекеттер жасап, өзен фаунасы мен флорасына, маңындағы тоғайға үлкен зиянын тигізіп жатқанын айтты. «Қуан» деп аталатын серіктестік Арыс өзенінің оң жағалауынан 2-3 жылдан бері тас өндіріп, пайда тауып жүр екен. Заң шеңберінен шықпай, адал жолмен ақша тапса мейлі ғой, жұмыс жүргізуге деп берілген оншақты гектар жерді місе тұтпаған олар 50-60 га аймақты тас өндіремін деп әбден бүлдіріп тастапты. Ағаштарды тамырымен қопарып, өзен табанында жатқан тасты қомағайлана қазып алған. Әр-әр жері шұңқыр болып жатыр. Тап бір бомбалаудан кейінгі көріністі көз алдыңызға елестетеді.

Облыс әкімінің орынбасары С.Қаныбеков осындай бейберекет әрекеттің салдарынан, заңсыз тас өндіруші каръерлердің кесірінен бірнеше ауыл су астында қалуы да бек мүмкін деген ой айтты. Өйткені оншақты жылдан бері тас пен құм өндірісінің кесірінен ғасырлар бойы қалыптасқан су арнасы өзгере бастаған. Өзен жағасы жайылып, тоғайлар оталып кеткен.

Сәкен Қаныбеков бұл әрекеттерге тосқауыл қою керектігін шегелеп айтты. Құр сөзбен шектеліп, кейінге қалдыруға болмайтынын, мүмкіндік болса қылмыстық жазаға тарту жағын қарастыру керек деді. Табиғатқа аяусыздық танытып, өзен жағалауының тас-талқанын шығарған  каръерлер тоғайда қалған санаулы ағаштардың дымын қалдырмай отап, саяздап кеткен су арнасын одан сайын өзгертіп жіберуге шақ тұр. Облыс әкімінің орынбасары ордабасылық басшыларға өзен жағасына дереу арада арнайы күзет қойыңдар деген тапсырма берді.

Ал енді тас пен құмның қайда сатылып жатқанына келер болсақ, бұдан барлығы бейхабар болып шықты. Белгілісі – табиғатқа қиянат жасау тоқтар емес. Ал аудан әкімі бұлармен күресуге дәрменсізбіз дегенді алға тарта берді. Күшіміз де, құзырымыз да жоқ деп жыларман болды. Тиісті мекемелерге, табиғат қорғау прокуратурасына бірнеше мәрте хат жібердік, ешқандай нәтиже жоқ, – дейді Д.Тілеубергенов. Аудандық табиғат қорғау бөлімінің бастығы болса өзен маңындағы осы жағдайды енді көріп, біліп отыр екен. Ол да негізсіз тексере беруге құзыретінің жоқтығын айтады. Тек жобалық тексеріс кезінде ғана мүмкіншілігіміз бар дейді. Қарапайым ауыл тұрғындары тоғайға кіріп амалының жоқтығынынан отын қылсам деп бір тал кессе айыппұл төлетпей қоймайтын табиғат қорғаушыларының мыңдаған талды кесіп жатқан, өзеннің маңын полигонға айналдырып жіберген заңсыз кәсіпкерлерді неге дәл солай жазаламайтындарына таң қалдық.

Жалпы біздегі қадағалау, бақылау жұмыстарының жетілмегендігі, жауапты кісілердің өз ісіне жүрдім-бардым қарауы үйреншікті жағдайға айналып кеткен. Әйтпесе бес-алты жылдан бері тас аламын деп табиғатты ойрандап жатқандарды байқамау мүмкін емес. Өзен маңындағы сұмдықты табиғат қорғаушылары тұрмақ соқыр адам көреді. Көріп те жүр. Қарапайым жұртта билік болмаған соң әттеген-айдан өзге қолынан келер шарасы жоқ. Ойпырмай мынаны билік неге көрмей қалды екен деп таңданып, енді бірінің жаны ашиды. Айналып келгенде осы жағдайдың барлығы табиғат қорғаушылардың, тиісті мекемелердің енжарлығы мен жауапсыздығынан, әлгі карьер жасап, тас сатып пайдаға малшынып жатқан заңбұзарлардың ақшаға құнығуынан орын алып отыр.

Табиғатты ойсыраттық екен енді қалпына келтіру ләзім. Ол үшін тағы да қыруар ақша мен қыруар күш қажет. Оның үстіне егілген шыбық бір жылда үлкен талға айнала қоймас. Арнасы ауыса бастаған өзеннің де баяғы арнасын қалпына келтіру тау тұрғызғанмен бірдей жұмыс. Қалай десек те Табиғат Анаға өлшеусіз нұқсан келтіргендер мен осыған жол бергендердің, көзді жұмып қойып, «енді көріп тұрмын» дейтін марғау басшылар мен жауапты шенеуніктердің жақсылап тұрып сыбағасын беру керек. Одан табиғатымыз бірден қалпына келе қоймас, дегенмен сондай арамы ойы барлар мен ақша үшін Табиғат Анасын сата салатындарға сабақ болар деп пайымдаймыз.

Дәурен Әбдіраманов

Данияр Тілеубергенов
Данияр Тілеубергенов

Данияр Тілеубергенов, Ордабасы ауданының әкімі

– Аудандық әкімдік мұнымен жалғыз күресе алмайды. Себебі бұлардың ішкі тірліктеріне араласуға мүмкіндігіміз жоқ. Бірақ құзырлы органдарға, экологиялық прокуратураға ұсыныс хат, қызметтік хат жазғанбыз, жазып та жатырмыз. Мұнымен қоғам болып күресу керек. Енді облыстан арнайы комиссия құрылып, тас тасушылардың жолын кеспек. Бүгіннен бастап іске көшпесе, жағалау жайылып, көлшіктер көбейеді.

 

 

 

Сәкен Қаныбеков
Сәкен Қаныбеков

Сәкен Қаныбеков, ОҚО облыс әкімінің орынбасары

– Бұл бір түнде жасалатын тірлік емес.Бұл күні-түні жасалған. Арнайы жолда салып алған. Ал бүгін біздің келетініміз туралы біреу хабар берген. Сондықтан да «Камаздарын» тығып қойған. Қазір біз кете салысымен, бір сағаттан кейін қайта шығады. Бұған тоқтау қою керек, ертең олар қазған жерді қайта көмеміз, жағалаудан аққан су көлшік болады, көлшіктен тасыған су ауылды алады. Қалай дегенмен аудан әкімшілігі осының барлығын қадағалауы керек, бір сөзбен айтқанда осыған жауапты. Заңсыз жұмыс істеп жатқандардың бәрін  қылмыстық жауапкершілікке тарту керек.