Шымкенттің дәл бүйіріндегі бұрынғы қорғасын зауытының қалдықтарынан қарапайым шөптің көмегімен құтылуға болады. Оңтүстік Қазақстанның биологтары осындай ұсыныс жасап отыр. Қазір қала маңында үйіліп жатқан 500 мың тонна қалдық алыстан-ақ көрінеді. Соңғы уақыттағы мамандар зерттеу жүргізіп, бұрынғы зауыттың маңында тұратын халықтың арасында ауру кең тарағанын әлдеқашан анықтаған. Енді ғалымдар осы қалдықтың көзін жоюдың оңай әрі табиғи тәсілін ұсынып отыр.
Жарты ғасырдан бері жиналған мына өндіріс қалдықтары шымкенттіктердің бас ауруына айналғаны қашан. Қала маңындағы топырақ құрамындағы қорғасынның мөлшері қалыптағы мөлшерден бірнеше есе артық. Ол түрлі дерттің көбеюіне себеп болып тұр. Енді, міне, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ғалымдары оны шешудің жеңіл жолын ұсынып отыр. Олар қалдықты сол маңда өсетін жабайы шөптермен көмкермек.
Ақмарал Исаева, биология ғылымдарының докторы: «Біз жақында осы тау болып жиналған қоқыстың айналасында флористикалық зерттеу жүргіздік, — деп таныстырды өз жұмыстарымен Ақмарал Исаева. Билогия ғылымдары докторының айтуынша, сонда тәжірибеге лайықты 144 өсімдік таңдап алынған. «Оның ішінде, әсіресе, тұрақты түрде жыл сайын қаулап өсетіндеріне баса назар аудардық. Олардың тамыр жүйесі мықты дамыған. Оған қоса жоғарғы тұздылық мен құрғақшылыққа шыдамды.»
Ғалымдар айтуынша, осы таңдалып алынған шөптердің тұқымын арнайы контейнерде өсіріп, қалдықтың үстіне шашса, ол көбейе келе бетін толық жабатын көрінеді. Сонда уытты қалдық қоршаған ортаға аса зиянын келтірмейді дейді зерттеушілер.
Арыстанбек Ешібаев, биология ғылымдарының докторы: «Бұл биопрепараттардың ішінде әртүрлі заттар бар. Соның ішінде осы уытты ортада өсе алатын, ыстық климатқа бейім жергілікті өсімдіктердің тұқымы да бар».
Ғалымдар бұл әдісті зерттеуге институттың қаржысын жұмсаған. Енді грант ұтып алыпты. Зерттеу жүргізгендер бұрынғы қорғасын зауыты қалдығының үстін жабайы шөптермен толық көмкеру жобасының қаржысын есептеп те қойған. Алдын ала болжамға сәйкес, бұл жұмыстарға 200 млн теңге жеткілікті.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=BZD7Q3_Tx0c[/youtube]