2012 жылы оңтүстікте өндірісте 18 адам қайтыс болған

405
еңбек өнімділігі жұмысшының қауіпсіздігіне байланысты

Халықаралық Еңбек Ұйымының ұсынысы бойынша әлем халықтары 28 сәуірде Бүкіләлемдік еңбекті қорғау күнін атап өтеді. Бұл дәстүр — өндірісте қайтыс боған және зақым алған, кәсіби аурулардан зардап шеккен жұмыскерлерді еске алу күні. Атаулы күн түрлі өндірістік жағдайларда адам өмірі мен денсаулығына назар аударуға тағы бір мүмкүндік береді.

еңбек өнімділігі жұмысшының қауіпсіздігіне байланысты
еңбек өнімділігі жұмысшының қауіпсіздігіне байланысты

Еңбекті қорғаудың тұтастай әлеуметтік-техникалық ғылым деген атауға ие екенін біріміз білсек, біріміз білмейміз. Өндірістік қауіпті жағдайларды және кәсіптік зияндарды зерттейді, оларды болдырмау шараларын жасайды немесе оқыс жағдайлардың, кәсіптік аурулардың алдын алу тәсілдерін қарастырады.

Сарапшылар әлемде әрбір қызметтің толық қауіпсіздігіне кепілдік беретін қауіпсіздік жүйесінің болуы мүмкін емес екенін айтады. Өйткені, әрбір жасалған әрекеттің өз қаупі болады. Сәтсіздік жағдайлар түрлі себептермен байланыстырылады. Көп жағдайда мекеме басшылары қаржы жетіспеушілігін алға тартып, еңбек қауіпсіздігін сақтауға мән бермейді. Тиын-тебенді үнемдеп жүргенде қомақты қаржыға түсіп, шығынға белшесінен батып қалатынын қаперінен шығарып алады. Керісінше, жұмысшыларының жағдайын жасаған жұмыс беруші бұл мақсатқа шығынданбайды. Қайта қызметкерлердің денсаулығына залал келмесе, еңбек тәртібі артып, өндірістік және қоғамдық белсенділік пен еңбек өнімділігі арта түседі. Біздің қоғамдағы мұндай еңбек қатынастары еліміздің «Еңбек туралы Заңымен» реттеледі.

Халықаралық Еңбек Ұйымының мәліметтері бойынша әлемде өндірісте жыл сайын 270 млн. жуық жазатайым оқиғалар тіркеледі. 160 млн. азаматта кәсіби ауру айқындалады. 2 млн. 200 адам өндірісте қаза болады. Әлемдік экономиканың шығыны триллион долларды құрайды екен. Өкінішке орай, мұндай жағдайлардан біздің облыс та қалыс қалып отырған жоқ.

Облыстық Бас мемлекеттік инспекторларының міндетін атқарушы Ғ. Шәріповтің сөзіне сенсек, өткен жылы облыс бойынша 117 өндірістік жарақат орын алып, 122 адам зардап шеккен. Оның 18 қайтыс болған. Қайғылы оқиғалардың басым көпшілігі көлік қозғалысы кезінде орын алған. Инспекторлар талабымен 77 қызметкер жұмыстан уақытша шеттелсе, орескел заң бұзушылыққа жол берген 9 лауазымды тұлға жұмыстан босатылған, ал 35 адам тәртіптік жазаға тартылған.

Еңбек инспекторлары тексеру жүргізу кезінде облыстың аумағынан өтетін «Батыс-Еуропа Батыс-Қытай» халықаралық транзит дәлізінің құрылысын іске асырып жатқан «Дена Рахсаз», «Азеркерпу-тепе» ЖШС, «Кукдонг Инжинеринг Констракшн КоЛТД» АҚ, «Корпорация Синохайдро» ЖШС «Поско Инжинеринг Констркшн Ко. ЛТД», «Сейсер» ЖШС секілді мекемелерде жұмысшыларының еңбек жағдайлары жасалмағанын анықтаған. Ондағы жұмысшылар арысын айтпағанда, тіпті арнайы киімдермен, қорғаныс құралдарымен де қамтылмаған.

Еңбек инспекторларының айтуынша, қазіргі таңда облыста жұмысшылардың жалақы мәселесі де өзекті күйінде қалып отыр. Былтырғы жылы облыс бойынша жалақыдан қарызы бар 69 мекемені анықталып, олардың осы мақсаттығы берешігі 227 млн теңгені құраған. Әрине, жұмыс беруші мекемелердің барлығына бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Олардың арасында жұмысшыларының жайын жасап, еңбек өнімділігін арттырып отырғандары да аз емес. Солардың бірқатары жыл сайын еңбек жағдайларын жақсарту мақсатында Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай ұйымдастырылатын «Сенім» байқауына қатыстырылады. Былтыр облысымыздан байқауға «Шымкентпиво» ЖШС, «Карона» ЖШС, «Петро КазахстанОйлПродакс» ЖШС, «Реммонтажсервис» ЖШС «, «Казмонтажстройконстукция » ЖШС қатысуға ниет білдірген. Соның ішінде «ПетроҚазақстан Ойл Продакс» ЖШС-і «Ең үздік мекеме» номинациясы бойынша 2 орынды иеленген. Шара жеңімпаздарын анықтау әлі де жалғасуда. Жергілікті инспекторлар қалған қатысушыларға да үміт артып отыр.