Шымкентте үйлерінде мал сойып сататындардың кәсібі тоқтайтын болды. Дулати көшесінің бойындағы жекеменшік үйлерінде осы кәсібін дөңгелетіп отырғандармен күресуге бас прокуратураның өзі тапсырма берді. Әл- Фараби аудандық прокуратурасы ветеринариялық инспекциясымен бірлесіп осындағы 6 нысанда тексеру жүргізген, кәсіпкерлердің жануарлардан алынатын өнім мен шикізатты дайындау ережелерін өрескел бұзғанын анықтапты.
Тіпті, Экономикалық соттың шешімі де шығып үлгерген. Олар уақытша жұмысын тоқтатуы тиіс. Бұл үйлерге тексеру тағы да жүргізілетін болады. Кемшіліктер жойылмаса, кәсіпкерлер жұмысын мүлдем тоқтатуы тиіс болады.
Беглан Әбдіқаев, қалалық ветинспекцияның бас маманы: «Мал сою орындары ешқандай талапқа сай келмейді. Мысалы тірі мал бір есіктен кіріп, сойылғаннан кейін екінші есіктен шығып кетуі керек. Бірінші терісі бір бөлмеде алынса, ішектері екінші бөлмеде алынады. Содан кейін ветеринариялық тексеруден өтуі керек. Ол жерде ветеринариялық мамандар да, құрал саймандар да жоқ. Осылайша, біз алтауын тексеріп, сотқа жабу туралы талап арыз бердік «.