Қаратаудан Карпатқа дейін

Шымкент қаласы
Бір топ ардагер Украинадағы Трускавец курортында екі аптадай уақыт емделмек екен
Бір топ ардагер Украинадағы Трускавец курортында екі аптадай уақыт емделмек екен

«Ардагерлеріміз – ардақтыларымыз»

«Бір топ ардагер Украинадағы Трускавец курортында екі аптадай уақыт емделмек екен». Осындай хабар шыққан. Облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев мырза қоңырау шалған. «Елшіліктің қамқорлығымен болып жатқан нәрсе. Тізімде тұрсыз. Барасыз ба? Жауабыңызды тездетіп, ертең түске дейін айтыңыз», − деген. Ойландық. Ақылдастық. Сәуірде өзіміздің өңір де тым тәуір. Қазығұрттың қапталдарын қимайсыз. Қаратау мен Алатау түйіскен төрлер қандай?! Қостұра, Созақ, Отырар ше?!

«Ардагерлеріміз − ардақтыла-рымыз» дегенді жиі айтатын ініміз, облыстық ардагерлер кеңесінің жас төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов: «Қызықсыз сіз, − деді қасын керіп. – Тегін түскелі тұрған Трускавецтен қашқақтайсыз. Онсыз да он алты адамның біразы бармайтын бопты. Дайындалайық». Сонымен, Шымкенттегі «Көмек» дейтұғын туристік фирманың көмегімен әзірлікке кірістік.

Шымкенттегі «Көмек» дейтұғын туристік фирманың көмегімен әзірлікке кірістік
Шымкенттегі «Көмек» дейтұғын туристік фирманың көмегімен әзірлікке кірістік

Сәуірдің он бірі күні сәресіде Шымкент әуежайында жиналғанбыз. Ең үлкеніміз Нұрмахамбет Әжіметов Келес, Алғабас сияқты бірқатар аудандарды басқарған. Тоқсанға таянғанына қарамастан, теп-тетік. Дәметер Бөлегенова облыстық сүт комбинатына ұзақ жылдар жетекшілік жасаған. Алтын құрсақты аймақтың ағарғанын – айран-қаймағын қолында ұстаған. Клара Әліпова аудан, қала басшысы, обком хатшысы қызметтерін атқарған. Сәкімбек Қалғынбаев аупартком хатшысы, облыстық білім басқармасының бастығы, облыстық мәслихат хатшысы болып істеген. Ағабек Сүгірәлиев облыстық ет-сүт саудасы мекемесін, ет комбинатын басқарған. Сайлаукүл Барақова Келес жағында аупартком хатшысы, Шымкент қалалық партия комитетінде екінші хатшы, облыс әкімінің орынбасары, сенатор, облыстық білім басқармасының бастығы болған. Исмат Тұрсынқұлов басқасын былай қойғанда, Алғабас ауданына алты жыл, облыстық ауылшаруашылығы басқармасына он жыл жетекшілік еткен. Рәзия Нығмаділова да облыс орталығындағы ауданды басқарған. Ағабек Мұратбеков техникум мен қалқоз-сапқоздарды шиырып, Арыс ауданы әкімінің орынбасарлығын жамғарған. Трускавецке баратын топтың басшысы Жеңісбек Мәуленқұлов обкомда бөлім бастығы, обләкімдікте іс басқарушысы, аудан әкімі, облыстық басқармалар бастығы қызметтерін қыздырған. Осалы жоқ. Осы Жеңісбектің зайыбы, өз қаржысымен жолға шыққан Дариға ханымды қосқанда, он екі адамбыз.

Сәуір самалы жібектей. Шымкентіңізде шие гүлдеген шақ. Шолпан жұлдыз алқаракөк аспанға сіңерде ұшағымыз шығысқа қарата шапшаң көтеріліп, кілт батысқа бұрылған. «Кемедегінің жаны бір» дейді қазекем. Қазіргі кезде ұшақтағының жаны бетерден де бетер бір шығар, сірә. Себебі түсінікті. Он екіміз түгелдей ой үстіндеміз. Әзіл-қалжыңдар сап тыйылған. Бір-бірімізге қарасып қоямыз.

Сайлаукүл мен Рәзия да уыздай жас еді-ау...
Сайлаукүл мен Рәзия да уыздай жас еді-ау…

Ең артқы жақтан шымкенттіктерді барлаймын. Көпшілігі иллюминаторлардан қазақтың кең даласына көз тастайды-ай. Деп-демде Шымкентімізді сағына бастағандаймыз. Дінмұхамед Қонаевтың «Өтті дәурен осылай» деген кітабы бар. Сол кітаптың аты ойға оралар. Себебі, осыдан отыз шақты жылдай бұрындары Нұрмахамбет қажыңыз жігіт ағасы жасындатұғын. Клара Төлендіқызы мен Дәметер Тұрарқызы сарт-сұрт етіп, небір батыл шешімдер қабылдап, мінберлерден жалындап сөз сөйлейтін. Сайлаукүл мен Рәзия да уыздай жастар сияқты еді-ау… Дәурен өтер осылай.

Бәрі де бейнет кешкендер. Аянуды білмегендер. Өздеріне сеніп тапсырылған міндеттерді жоғары жауапкершілікпен арқалағандар. Күн демей, түн демей, іс басында, қалың бұқара қасында болмаққа тырысқандар. Қайтпас-қайсар қажыр танытқандар. Кім білсін, кей-кейде кейкиіп, кісімсінген күндері де, шыли жүдә шіреніңкіреген шақтары да болған шығар. Алайда, негізінен ерен еңбектенгендері рас. Қошеметті де көрген. Қудалауға түскендері де бар.

Енді, міне, баршасы базардан қайтқан, шау тартқан. Бір кездері бәріміз де жас едік, албырт едік десек, біртүрлі қарайтындар табылар. Әне, Дәметер мен Клара әпкелер қосыла күрсінді. Нұрекең мүлгіп отыр. Қалғынбаев қалғиды. Өмір деген осы. Тағдыр деген оңай емес. Осы оншақтымыздан үшеу-төртеуіміз бір-бір перзенттерімізден айырылғанбыз. Екеу-үшеулері жұбайларын жөнелткен. Ілгерілі-кейінді дегендей. Жайшылықта мән-мәніс бермейміз. Заулаған уақыт. Асыққан адамдар. Бәріміздің бірнешеден сырқатымыз бар. Жалған дүние дейміз. Бірақ, осы жалған, жарық дүние, жер бетіндегі тіршілік неткен тәтті еді десеңізші.

Ағабек Сүгірәлиев ұшақтың құйрық жағына кетіп барады. Отырудан жалыққандай. Исмат мырза әлдене деп әзілдейді. «Мәскеуге жақындадық», − деді Мәуленқұлов. Төменде қарлы қырқалар, өзен-сулар, ойдым-ойдым ормандар, Мәскеу маңайының мыңғырған мекендері көрінді. «Отанымыздың жүрегі – Мәскеу» деп оқытушы еді-ау мектепте. Баяғыда.

(Жалғасы бар…)

Мархабат БАЙҒҰТ

Шымкент-Трускавец-Шымкент