Мүгедектер қоғамы балалар орталығын ашты

418
Балалардың қуанышында шек жоқ

Тағдыр тәлкегіне ерте түскен балдырғандарға арнап арнайы орталық ашылды. Балабақшаға бара алмай келген бүлдіршіндердің қамы үшін, облыстық мүгедектер қоғамы жағдай жасап отыр. «Бота» қоғамдық қорының қаржыландыруымен 30 бала күндізгі әлеуметтік арнайы орталыққа келіп,тәрбиеленетін болды.

 

Айгерім Талиева: "Орталық қызыма жаңа мүмкіндіктер беруде"
Айгерім Талиева: «Орталық қызыма жаңа мүмкіндіктер беруде»

5 жасар Шұғыланың гипер белсенділік синдромы бар. Тынышсыздық проблемасына душар болған. Тұңғышының ауруы ана жанына қатты батыпты. Ешкіммен ашық сөйлеспейтін қызы орталыққа келгелі тақпақты тақылдап айтып, достар тапқан.

Айгерім Талиева, ата-ана:»Қызым мүлдем сөйлемейтін. Беймаз, айналасындағылармен қарым-қатынас орната алмайтын. Осы орталық ашылғанша біз үйде болдық. Орталыққа келгелі ашылып, жан-жағымен араласа бастады. Сөйлейді, сызады, жазады.Өте қуаныштымын».

Балалардың қуанышында шек жоқ
Балалардың қуанышында шек жоқ

Қаламыздағы мүгедектер қоғамының жанынан ашылған шағын орталық сәуір айынан бері жұмыс істей бастаған. Келем деушілердің қатары қалың, бірақ ғимарат тар. Соның өзінде тілінде мүкісі барлар мен жүйке жүйесінде ауытқу байқалған 30 балаға тәрбие беріледі. Мұнда дефектолог мамандар мен қатар еріктілерде жұмыс істейді. Бірінші келген тұйық әрі ортаға бейімделмеген баланы бір айдың ішінде қатарға қосуға болады дейді мамандар.

Айгүл Байтохаева, педагог-дифектолог: «Әр түрлі балалар келеді. Ойын ашық айта алмайды алғашында. Дамуы өте төмен олар, уақыт өте келе көзі ашылып, арнайы сабақтардың арқасында айналасымен араласа бастайды. Үй тапсырмасын береміз, ол ата-анасымен тығыз байланыста болуға көмектеседі».

дефектолог мамандар балалармен тыңғылықты жұмыс істейді
дефектолог мамандар балалармен тыңғылықты жұмыс істейді

Ғимаратта балаларға психологиялық сабақтар мен қатар, ойлау қабілетін дамыту пәндері де жүреді. Күніне екі кезең бойынша орталыққа келетін баланың қуанышында шек жоқ, ал ата-анасына жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары.

Күнсұлу Мирова, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім бастығы: «Мұндай орталықтардың ашылуы басты екі проблеманы шешеді. Бірі баланың дамуына, қоғамға араласуына септігін тигізсе, екінші оларға қарап, жұмыссыз үйде отырған ата-аналарына жұмысбасты болуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, біздің мамандарда тәжірибе бар. Ашылған орталықтарға көмек беруге дайынбыз».

Айта өтейік, қаламызда дәл осындай науқас балалардың саны 200-ге жуық. Олардың жүзге жуығы ғана арнайы орталыққа барса, қалғандары үйде отыр. Сондықтан да осындай орталықтардың көптеп ашылғаны жөн дейді мамандар. Ал оларға көмек беруге мемлекеттік мекемелер көмек беруге қауқарсыз.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=99VxBfUGlPE[/youtube]