Úı ANONS Пәтерде жарылыс болып, әйелді күйік шалды

Пәтерде жарылыс болып, әйелді күйік шалды

Жетісайда көп қабатты үйдегі пәтерлердің бірінде жарылыс болды. Жетi айлық сәбиімен бірге үйге кірген әйел ауыр күйік жарақатын алды. Бала аман болғанымен, анасы жан сақтау бөліміне жеткізілген. «Қазақгазаймақ» мекемесі қызметтік тексеріс жүргізіліп жатқанын растады. Ал зардап шеккен әйелдің отбасы кінәлілерді тауып, жазалауды талап етуде.

Жетісайда көп қабатты тұрғын үйде жарылыс болып, бір әйел ауыр күйік жарақатын алды. Куәлердің сөзінше, жеті айлық баласымен жалдамалы пәтеріне кірген әйел жарықты қосқан сәтте газ жарылған. Бала аман болғанымен анасы күйіп қалған.

РУСТАМ СҰЛТАНОВ, КҮЙІК ШАЛҒАН ӘЙЕЛДІҢ КҮЙЕУІ: «Мен келсем топырлаған полиция. Жетісайдың жартысы жүр. Адам көп. Бала-шағаңды ал деп, бала-шағамды берді. Құжаттарды телефон каспиден көрсеттім. Барлығын жазып алды. Жазатайым оқиға деді. Арызымды ешкім алған жоқ хабарласқан жоқ».

 

Күйік шалған әйелдің күйеуі Рустам Сұлтановтың сөзінше, әйелінің денесінің дерлік 50 пайызға жуық жерін күйік шалып, жан сақтау бөліміне түскен. Қазір дәрігерлер науқастың жағдайы ауыр деп бағалап отыр.

НҰРСҰЛТАН ШОЙБЕКОВ, ЖЕТІСАЙ АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ: «Келіп түскендегі жағдайы ауыр. Денесінің 47 пайыздай бөлігін күйік шалған. 1, 2-дәрежелі. Қазіргі таңда науқастың жалпы жағдайы тұрақты, ауыр. Ем-шарасы жүргізілуде. Алдағы уақытта науқасты Шымкент қаласына мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге күйік бөліміне ауыстыру жоспарда».

 

Тұрғындардың сөзінше, жарылыстан алдын газды өшіріп, жөндеу жүрген. Мұны «Қазақгазаймақ» та растап отыр. Мекеме мәліметінше, қысқа жылыту маусымына дайындалған. Ал қайта қосып, арадан шамамен жарты сағат өткенде жарылыс болған. Алдын ала болжам бойынша газ пеші ашық қалған болуы мүмкін. Оқиғаға қатысты бөлек қызметтік тексеру де басталған.

БАҚТЫБАЙ ӘКЕЕВ, «ҚАЗАҚГАЗАЙМАҚ» ҚЫЗМЕТКЕРІ: «Сараптама тағайындалды ғой. Қызметтік тексеру болып жатр қазір. Машинамен бүкіл тұрғындарды осы жерде хабарлағанымыз туралы бүкіл тұрғындар түсініктеме жазып берді. 3-4-тің арасында қайта-қайта машина өтіп, үйме-үй балалар айтып шықты деп».

Ойда-жоқта жан сақтау бөлімінен бір-ақ шыққан әйелдің отбасы мұны жазатайым оқиға деп санамайды. Олар істі жылы жауып қоя ма деп алаңдайды. Және кінәлілерді тауып, жазалауды сұрайды.

Дилара Иса