Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының кәсіп ашып, табысын арттыруына жаңа мүмкіндіктер беруде. Бағдарламаның шарапатын көріп отырғандардың бірі – кәсіпкер Анажан Муслимова. Ол екі жыл бұрын жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін бастаған. Кәсіпкер бағдарлама аясында 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 7 миллион теңге қаржыға қол жеткізіп, наубайхана мен кондитерлік цехқа қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған. Нәтижесінде бүгінде өндіріс орны тұрақты жұмыс істеп, 6 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Цехта тәтті нан өнімдерінің 28 түрі өндіріледі. Бүгінгі күнге дейін өнімдер Түркістан және Кентау қалаларына, Созақ ауданына, Ескі Иқан мен Жаңа Иқан ауылдарына жөнелтіліп келсе, көршілес Қызылорда облысының Шиелі ауданынан да сұраныс түсіп, тапсырыс көлемі артып келеді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібін кеңейткен кәсіпкер алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде «Ауыл аманаты» бағдарламасының ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға және отандық өнім өндірісін арттыруға қосып отырған үлесінің айқын көрінісі.







