Өнер мен қайсарлық ұштасқан жерде мүмкіндіктер шекарасы жойылады. «Әр жүректе үміт шамы сөнбесін» – бұл жай ғана кеш емес, адам мүмкіндігінің шексіз екенін дәлелдеген ерекше жоба. Айтулы іс-шараға қатысқан қайсар жандардың өнері көпшілікті тәнті етті. Сонымен бұл бастаманың маңыздылығы неде?
«Мен ауылға барып, қайттым аға. Несін айтам ауыл да, үйің де аман. Балалар жүр көшеде қи ұрлаған. Байынқұл да тартылып кеткен дей ме? Уақыт дейтін балығы бұйырмаған».
Бұл – жүректің түкпірінен шыққан, адамды толғандыратын терең ой. Өмірге, өнерге шексіз құштар жандардың басын қосқан «Әр жүректе үміт шамы сөнбесін» атты инклюзиялық кеш дәл осындай ерекше жандардың өнерімен көпшілікті тәнті етті. Сахна төріне шыққан әрбір өнерпаз – өз арманының жетегінде жүрген, талантымен талайды мойындатқан қайсар тұлғалар.
САЛИХ ҚАЛИЕВ, ӘНШІ: «Мен бұл жерге арнайы қонақ болып келіп отырмын. Авторлық әнімді ұсынайын де жатырмын. Әннің аты «Анаға сағыныш» Сөзін жазған өзіміздің тәрбиешіміз. Мен балалар үйінің түлегімін. Тәрбиешіміз — Ережепов Бүркіт. Әнін жазған көз жанары көрмесе де бірақ әрбір нотаны жүрегімен сезетін Нұржан Төребаевтікі».
Бір жылдан астам уақыт тынбай дайындалған бұл кеште авторлық әндер шырқалып, жырлар оқылды, өзекті мәселелер бойынша еркін сұхбаттар өрбіді. Гиннес рекордына кірген Ербек Бакиев секілді биіктерді бағындырған өнерпаздардың сахна тізгінін ұстауы – кез келген адамның қолынан бәрі келетінін дәлелдеді.
АЛДАБЕРГЕН ӘЛІ, ГИТАРАШЫ: «Мүгедек жандардың біздің ортамызда екендігін. Олардың да сахнада еркін жүре алатындығын,еркін өнер көрсете алатындығын сендіру мақсатында істеп жатқан кешіміз бүгін. Өздерінің басынан өткен оқиғалары, жалпы ажырасу мақсаты, ауыл жайлы, ата-анасының ата-әжесі жаңағы қандай жанр бар бәрі қамтылатын болады».
Бұл шараның мақсаты – қоғамдағы адамгершілікті дәріптеп, ерекше жандарды өнер арқылы көпшілікке жақындату. Шымкентте алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл кеш ерекше маңызға ие. Алдағы уақытта мұндай шараны сахналанған қойылым ретінде жыл сайын өткізіп, игі дәстүрге айналдыру жоспарда бар.
АЛМАГҮЛ БЕКМҰРАТҚЫЗЫ, «ИНКЛЮЗИЯЛЫҚ ТЕАТР» ЖОБАСЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ: «Ол кісілерді болашақта да болмайтын нәрсеге өздерін тастап жүрген жандардың қасында бұл кісілер рухты, үміті барлық жағдайда оянып тұратын, осы кісілерден үлгі алатындай дәрежеде бір театрлар ұйымдастырылса, көріністер ұйымдастырылса бұл үлкен жобаның негізін қалар еді деп ойлаймын».
Айта кетейік, аталған инклюзиялық жоба әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы арнайы гранттың нәтижесінде 5 миллион теңге көлеміндегі қаражатқа ұйымдастырылды.
Ботакөз Әнуар







