Мал азығының қымбаттауы шаруалардың қолын байлауда

Яғни, сиыр 305 күн сауылып, күніне 7 литр ғана сүт береді

Бүгінде Үкімет ауылшаруашылығын дамытуға жіті көңіл бөлуде. Әсіресе, мал шаруашылығын өрістету күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі. Малдың өнімділігін арттырып, жайылымдық жерлерді жайқалтуға мүдделіміз. Сол себепті облыс әкімі өңірдегі ауылшаруашылығы мамандарының басын қосып, болашаққа бағыттаған негізгі іс-шара жоспарлармен танысты. Сала басшыларының уәжін тыңдап, ауылшаруашылығы басқармасына бірқатар міндеттемелер жүктеген еді. Біз осы іс-шара жоспарының мән-жайын білу үшін облыстық ауылшаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Ғалымжан Ильясовты әңгімеге тарттық. Облыстағы малшаруашылығының қазіргі ахуалын білдік.

Ғалымжан ИЛЬЯСОВ,  ОҚО ауылшаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары
Ғалымжан ИЛЬЯСОВ,
ОҚО ауылшаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары

– Облыс басшысымен болған жиында негізінен малшаруашылығының өнімділік көлемін және сапасын арттыру жайы сөз болды. Асқар Исабекұлы алдағы бір айдың ішінде іс-шара жоспарын дайындауды біздің басқармаға жүктеді. Жоспар «Агробизнесті дамыту – 2020» бағдарламасы аясында жүргізілетін болады. Осы мәселеге орай ғылыми институттар, оқу орындары, жер қатынастары және табиғи ресурстар басқармасымен бірлесе тереңірек талдау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мәселеге тереңдей енуіміз керек. Тек зерттеп қана қоймай, оны іске асыру басты міндет. Келесі айдың 20-на дейін аяқтаймыз деген үміт бар. Басты мақсат өзімізді өнімділікпен қамтамасыз ету ғой. Малдың өнімділігін қайтіп көбейтеміз? Яғни, азықтық қорды жақсартып, қолда бар малды асылдандыруға мән берсек. Деректер бойынша, біздің облыста ірі қара малдың 95%-ы жеке қожалықтарда өсіріледі екен.

– Жиын барысында Асқар Исабекұлы мал өнімділігінің сын көтермейтінін баса айтты. Мал басы өсіп жатқанымен, өнім аз. Сүт өнімі де солай. Бұған не дейсіз?

– Бұл жағдай мал азығының қымбаттауымен байланысты. Осындай кедергілерден кейін шаруалардың құнары мол жем-шөпті сатып алуға мүмкіндігі жоқ. Осы ретте мынадай дерек келтіргім келіп отыр. Мәселен, облыста бір жылда орташа есеппен 2200 литр сүт сауылады. Бұл бір сиырдың өнімі. Яғни, сиыр 305 күн сауылып, күніне 7 литр ғана сүт береді. Бір айта кететіні, қалаға жақын аудандардағы көрсеткіш бұдан жақсырақ. Олар 3500-4000 литрден кем алмайды. Оған қоса малдың күтімін жасайды. Неге? Өйткені, базарға сүт сатып, күнін көріп отыр. Егер одан аз өнім алса, пайда көрмейді. Дегенмен, барлық қожалықтарды аралап, нақты статистика түзу де мүмкін емес.

– Малшаруашылығы сөз болғанда малды асылдандыру жағын айтпай кетуге болмас. Мал басын асылдандыруда тек бюджеттен бөлінген қаржыны жұмсап отыра бермей, барынша мүмкіндіктерді қарастырғанымыз жөн емес пе? 

– Қазақ бағзы заманнан секлекционер халық. Жеті атаға дейін жақын туысты алуға болмайтынын әу бастан білгенбіз ғой. Сондықтан қорасында малы бар қазақтың бәрін селекционер десек, қателеспеспейміз. Әрине, кім де болсын малын асылдандыруға құмар. Өйткені, асыл тұқымды малдың жергілікті малға қарағанда өнімділігі жоғары. Шыны керек, бұл игі іс 2009 жылдан бастап қарқын ала бастады. Асқар Мырзахметов өңірімізге келгелі жұмыс жанданды деуге болады. Мәселен, 2009 жылдың соңында 40 мың бас мал қолдан ұрықтандырылса, биылғы жылы 168 мыңын асылдандыру жоспарда. Қазір шаруалар да көп жағдайды біліп қалды. Өңірімізде негізінен сүтті, етті бағыттағы «Әулие ата» тұқымына ықылас зор. Тек біз ғана емес, әлемнің көптеген елінде осы малдың құны жоғары. Анығы сол, асылдандырудың көлемі жылдан-жылға ұлғая бермек. Келесі жылы 235 мың бас малды асылдандырамыз. Сонымен бірге, қолдан ұрықтандыру бекеттерінің де көбейіп жатқандығы қуантарлық. Қазір әр аймақта 198 бекет жұмыс істеп тұрса, биыл қосымша 264 қолдан ұрықтандыру бекеті салынатын болады.

Жұдырықтай жұмылғанда ғана нәтиже боларын әр ауданның шаруалары түсініп келеді. Қуантатыны, асылдандыру облыстың әр ауданында бірдей жүргізілуде. Ешбір өңір артта қалып келе жатқан жоқ.

Яғни, сиыр 305 күн сауылып,  күніне 7 литр ғана сүт береді
Яғни, сиыр 305 күн сауылып, күніне 7 литр ғана сүт береді

– Жыл басында Австриядан әкелінген сиырлардың біразы ауруға шалдығып, қырылып қалғанын білеміз. Мұндай жағдай біздің облыста да қайталануы мүмкін бе?

– Негізінен облыста шетелдік ірі қараға аса қызығушылық жоқ. Біздер тек өзіміздің қолда бар малды сапалы етуге күш салудамыз. Рас, Австралиядан әкелінген герефорд және ангус тұқымдары бар. Бірақ олар өңірімізге жерсініп, екінші төлін берейін деп жатыр. Оның үстіне, өзіңіз айтқан келеңсіздікке байланысты Еуропадан мал әкелуге тиым салынды. Шетелден мал әкелудің машақаты аз емес. Ондай төте жолды көзейтіндердің дені қалталы азаматтар. Әзірге біздің облыста ондай аурулар тіркелген жоқ. Құдай бетін аулақ қылсын дейміз.

– Кейінгі жылдары қойдың жүнін кәдеге жарату жайы да айтыла бастады. Жүннен құрылыс материалдары ретінде суық өткізбейтін зат шығаруға болады екен… 

– Біздің облыста қойдың жүнін өндіретін кәсіпорындар жоқ емес, бар. Олардың бірқатары жылына 7000 тоннаға дейін өнім өндіреді. Ал сіз айтқан жобаны іске асыру үшін әлі біршама уақыт керек. Ол облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасымен бірлесе қолға алынады. Осы іс-шара жоспары облыс әкімінің алдынан бекітіліп шыққаннан соң, нақты іске кірісетін боламыз.

– Жайылымдық жерлерді түгендеу жұмыстары қалай жүргізілуде? 

– Статистикалық мәлімет бойынша өңірде 9 млн гектардай жайылымдық жер бар. Оның ішінде 4 млн-ға жуығы орман қоры мен ерекше қорғалатын аймақтар. Ал жайылымдық жерлерді түгендеу жұмыстарымен жер қатынастары мен табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы тікелей айналысады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Тағабай ҚАСЫМ