Оңтүстіктің диқандары биогумуста көшет өсіруді қолға алды. Шаруалар Калифорниядан әкелінген қызыл жауынқұрттардың пайдасын көре бастады. Құрттардан алынатын — биогумусты пайдалана отырып, жаппай көшет отырғызылуда. Бұл таптырмайтын табиғи тыңайтқыш-дейді мамандар.
жахандық экологиялық қорының бастамасымен облыстық кәсіпкерлер мен фермерлерді қолдау қоры Калифорниядан Оңтүстікке 50 мың жауынқұрт алып келген болатын. Қызыл құрттардан биогумус алып, Сайрам ауданынынң диқандары көкөніс көшеттерін өсіріп жатыр. табиғи тыңайтқышта өскен өнім әлдеқайда жемісті дейді диқандар.
Зухра Қазымовна, диқан: «Биогумуспен өсірілген көкөністердің бойына емес, жемісіне береді. Өнімі мол болады. Мен көшеттерді сатамын. Тұрақты сатып алушылар да бар. Ешкім шағым айтып көрген емес. Қайта бәрі де риза.»
Калифорниялық Қызыл құрттың кәдімгі құрттан артықшылығы көп. Органикалық қалдықпен қоректеніп, табиғи тыңайтқышты әлдеқайда көп береді. Диқандармен арнайы меморандумға тұрған қор өкілдері жауынқұрт тәлімбағының аумағын кеңейтпек. Топырақ құнарын арттырар биогумустың нәтижесін биыл байқаймыз деп отыр мамандар.
Раис Қараибрагимов, ОҚО «Кәсіпкерлер мен фермерлерді қолдау қоры» ҮЕҰ-ның басшысы: «Біз биыл екі түрлі әдіспен жеміс, көкөністерді баптап байқап көрмекшіміз. Бір алқапқа химиялық тыңайтқыш сепсек, екінші алқапқа биогумус тастаймыз. Сосын нәтижесіне қарап тірлік қыламыз. Көреміз.»
Қи қалдықтарымен қоректеніп, биогумусқа айналдырған құрттар келесі жайылымға көшіріледі. Мұнда 50 мың буданды қызыл құрттар үшін жағдай жасалынып та қойылған. Тереңдігі 3,5 метр шұңқырға ірі қараның тонналаған қалдығы төгіліп, ылғалды компостқа жауынқұрт жіберілмек. Осы арқылы ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемі де артады дейді сала мамандары.