Шымкентте 63 мың гектар ауылшаруашылық жері бар – А. Қаныбеков

577

Шымкенттің республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғанына жылға жуықтады. Қала әкімдігінің бөлімдері басқармаға айналып, бірқатары жаңадан құрылды. Осы орайда қаланың ауылшаруашылық саласын дамытуға жауапты ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасы қандай шаруалар атқарып жатыр? Соның жауабын білмекке басқарма басшысы Асқар Қаныбековпен сұқбаттастық.

Асқар Қаныбеков

– Асқар Сәкенұлы, Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғаннан кейін ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы қызметіне келдіңіз. Сіздің қызметке тағайындалғаныңызға тоғыз айдай болды. Сіз сол басқарма басшысы лауазымына келгенде қала әкімі қандай тапсырмалар жүктеді?

– Басқармаға басшы болып келгенімде қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы маған «негізгі миссияң – Шымкент қаласы халқын сапалы және қол жетімді ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету және қайта өңделген өнімдердің экспортын арттыру» деді. Аталған миссияға жету жолында келесі мақсаттарды айқындадық:
– экологиялық таза өнім;
– жергілікті тауар өндірушіні қолдау;
– Vision «0» эпизоотиялық жағдайдың тұрақтылығы;
– өзін-өзі жұмыспен қамту;
– цифрландыруды жан-жақты енгізу;
– заң аясында жұмыс жасау және қабылданған шешімдердің заңды болуы.
Бұл ретте, аталған миссия мен мақсаттарға жетуді Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы, «Ветеринария туралы» ҚР заңы және Басқарманың ережесінде көрсетілген басқарманың негізгі функцияларын жүзеге асыру арқылы іске асырудамыз.

– Басқарма басшысына лауазымына келгеніңізге тамызда жыл толады. Әкім тапсырмаларының қайсысы қалай орындалып жатыр?

– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Н. Назарбаев Шымкент қаласына 2018 жылғы 29 қыркүйектегі жұмыс сапарымен келген кезде, Шымкент қаласында Агроиндустриялық аймақ құру туралы тапсырма берді. Агроиндустриялық аймақты құру ұзақ мерзімді тапсырма болып табылады. Толық іске асыру мерзімі 2021 жылға белгіленген. Аталған Агро-индустриалды аймақта 30-ға тарта ауыл шаруашылығы өнімдерін сұрыптау, дайындау, буып-түю, қайта өңдеу кәсіпорындары мен өнеркәсіптік жылыжайларды орналастыру жоспарлануда.
Қазіргі таңда, агро-индустриалды аймақтың 136 га жер учаскесі «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ теңгеріміне рәсімделді. Аталған аймақта сыртқы инфрақұрылым (электр энергиясы, су, газ, жылу, канализация) мемлекет тарапынан жүргізілетін болады. Яғни, инвесторларға инфрақұрылымдары жүргізілген дайын жер телімдері ұсынамыз.

– Шымкент – жер аумағы үлкен қала. 40 елдімекен қосылды. Айтыңызшы, мұндай үлкен аумақтың ауыл шаруашылық саласын басқарудың қандай қиындықтары кездесіп жатыр?

– Иә, Шымкент қаласының аумағы үлкен 117 мың гектар, оның ішінде жалпы ауыл шаруашылығы жері 62,971 мың гектарды (егіс жерлері, жайылымдар) құрайды. Биыл 24,1 мың гектар жерге егіс егу жоспарланып, 2019 жылдың 1-тоқсанына нақты егілгені 12,6 мың га құраса, соның ішінде негізгі дақылдар: масақты дәнді дақылдар 4,9 мың га. көпжылдық шөптер 3,3 мың га, майлы дақылдар 2,4 мың га. және т.б. Аталған бағыт бойынша жоспарға жету үшін жұмыстар жалғасуда.
Үлкен аумақтың ауыл шаруашылық саласының қиындықтары ретінде қаланың ауыл шаруашылық жерлерінің ұсақ бөліктен болуын атап өтуге болады. Мысалы, еліміздің солтүстік өңірлерде бір шаруа қожалығы орташа есеппен кемінде 3-4 мың гектар жерге егіс егеді. Ал, бізде мысалға «Сайрам» тұрғын алабында кейбір шаруаларымыз гектар емес 8 соттық жерге егін егеді. Жер көлемінің аз болуы салдарынан қаламыздың тұрғындарына мемлекеттік қолдау беру немесе егілген өнімнен пайда алудан бөлек, өнімді өндіруге кеткен шығындарды толтыру мүмкін болмай жатыр.
Осы мәселені шешу үшін, тұрақты түрде семинарлар өткізіп, аталған семинарларда шаруаларды кооперация құрып, жерлерін біріктіріп, мемлекеттік қолдауларға қол жеткізу мүмкіндігін насихаттаудамыз.
Бұдан бөлек, «Social Farm» тұрақты егіншілік орталығымен қалалық жағдайдағы ауыл шаруашылығын дамыту, яғни үй іргелік жер телімінде (3-6 соттық) 500 мың теңгеден жоғары табыс табу немесе отбасыны жылдық азық-түлікпен қамтамасыз ету семинарларын тұрақты түрде қаламыздың 4-ауданында өткізудеміз. Сізді де аталған семинарларға қатысуға шақырамын.

– Шымкентте ауыл шаруашылығының көп тараған түрі, егін және мал шаруашылығын алайық. Екі саланың үлесі қандай? Шымкенттіктер егінмен бе, әлде малмен бе, қайсысымен көп айналысады? Неліктен?

– Шымкентте ауыл шаруашылығының көп тараған шаруашылық түрін айту қиындықтар туғызады. Себебі өз кезегінде қала аумағында мал шаруашылығының өнімділігі артқан күнде де егін шаруашылығы саласының бағыттары бойынша ірі жобалар іске асырылып, қала аумағында өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі жыл сайын артып келуде. 2015 – 2018 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемі 9 млрд теңгеге артқан. 2015 жылы – 16 543,1 млн теңгені құраса, 2018 жылы – 25 307,5 млн теңгені құрады. Атап айтқанда:
– өнеркәсіптік жылыжайлар құрылысы көптеп жүргізілуде. 2018 жылы 4 жоба 7,25 гектарға соғылды;
– қарқынды баулар егу жұмыстары жүргізілуде. 2018 жылға 100 гектар егілді;
– тамшылатып суғару жүйелері көптеп ендірілуде. 2018 жылы – 300 гектарға тамшылатып суғару енгізілді.
Осыған байланысты көп тараған шаруашылық түрін нақты айқындауға ерте.

– Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қала орталығында мал ұстамауға шақырып, тіпті тыйым салу туралы да айтқаны бар. Шымкенттің орталығында үйінде мал ұстайтындар көп пе?

– 2017 жылы Шымкент қаласы аумағында жануарларды асырау қағидасының жобасы әзірленіп, қала аумағы 3 аймаққа (зонаға) бөлінген болатын. (картасы қоса тіркеледі). Айта кетсем:
1-аймақ: Қала аумағында орналасқан көп пәтерлі тұрғын үйлерде, ит және мысықтан басқа ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарды ұстауға тыйым салынады. (Қала орталығы: солтүстік бөлігі Төлеметов көшесінің Бәйдібек би даңғылынан Тассай ш.а Таукехан және Жібек жолы даңғылына дейін, Оңтүстік бөлігі темір жол вокзалынан батысқа қарай Бадам өзені жағалауына дейін, батыс бөлігі Бадам өзенінен солтүстікке қарай Қатын көпір шағын ауданының Табынбаев көшесінен Әл-Фараби, Рысқұлов көшелеріне дейін).
2-аймақ: Ветеринариялық (ветеринариялық-санитарлық) талаптар және нормативтер сақталған түрде және қаланың жаңа бас жоспарының талабында қала аумағындағы осы аймақта мал жайлымы және мал айдайтын жол қарастырылуға мүмкіндік болмағандықтан, ауыл шаруашылық жануарлары мен құстарды тек қора-жайларда ұстауға рұқсат етіледі. (Самал-3, Қатын көпір, Ақжайық, Достық шағын ауданы, Асар-1,2, Қайтпас-1, Қызылжар, Забадам, Нұртас, Пахтакор, Азат, Қаражол, Қаратөбе, Оңтүстік Сәуле, Жайлау, Тұрлан, Орманшы, Тұран, Тұлпар, Тассай, Қызылсай шағын ауданы).
3-аймақ: Ветеринариялық (ветеринариялық-санитарлық) талаптарды және осы Қағиданың талаптары сақталған түрде ауыл шаруашылық жануарларын және құстарды қора-жайларда ұстауға және бос жер телімдерінде бағуға мүмкіншілігі болады. (Сайрам, Төле би, Ордабасы аудандарынан енген елді мекендер: Айкөл, Ақтас, Черноводск, Текесу, Тәуелсіздікке-20 жыл, Жаңаталап, Игілік, Қайнарбұлақ, Бадам, Абдуллаабад, Бадам-1,2, Базарқақпа, Жалын, Жұлдыз, Исфиджап (Артель), Қарабастау, Алтынтөбе, Қаратөбе, Қызылсу, Өтеміс, Таскен, Мәртөбе, Сайрам, Тұрдыабад, Шапырашты, Қызылжар-2, Достық т.а, Бозарық-1,2,3, Ақжар-1,2, Қазығұрт, Көкбұлақ, Айкөл, Ынтымақ-1,2, Жиделі тұрғын алабы). Қазақстан Республикасының Заңнамаларында қала аумағында сонымен қатар қала аумағына кіретін жеке тұрғын үйлер ауласында мал ұстау нормативтері бекітілмеген.
Ал, қала орталығында ауыл шаруашылығы жануарларын жеке үйінде ұстауға мүмкін болмағандығынан, басым бөлігі қала сыртындағы елді мекендерде ұстайды.
Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала мәртебесін алуына орай, бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының жануарларды асырау қағидаларына сәйкестендіріп, Шымкент қаласы аумағында жануарларды асырау Қағидасының жобасын әзірлеудеміз. Қағида жобасы алдағы кезеңде қалалық мәслихаттың кезекті сессиясының қаралуына ұсынылады.

– Шымкенттің ауыл шаруашылық саласы, соның ішінде мал шаруашылығын алайық, экспорт үлесі қандай?
– 2019 жылдың 5 айында шет елдерге жөнелтілген оның ішіндегі мал шаруашылығын алатын болсақ 343 бас ІҚМ, 2 422 бас уақ мал, 10 бас жылқы, 2 313 бас құс, сонымен қоса 43,7 тонна қой еті мен 27,5 тонна консервіленген балық, 14 160,4 тонна мал азығы, 90,8 тонна жүн экспортқа шығарылды.

–Шымкентте жылыжай шаруашылығын дамыту мүмкін бе? Бұл үшін не жасалуы қажет?
– Шымкент қаласында жалпы жылыжай шаруашылығы жоғары деңгейде дамып келеді. Себебі, Шымкент қаласында жылыжай шаруашылығын жүргізуге бірқатар артықшылықтары бар. Айта кетсем:
– ауа райының қолайлы болуы (қысы, жазы жылы ауа райы);
– жұмыс күшінің көп болуы және олардың арзандығы;
– жергілікті шаруашылықтардың аталған шаруашылықтарда тәжірибесінің молдығы (жаңадан шаруашылық бастаушыларға тәжірибе алмасуға қолайлы);
– энергоресурстарының жеткілікті көлемде болуы (су, электр жүйелері және газ);
– орналасуы (өндірген өнімді өткізу пункттерінің, базалар мен магазиндердің жақындығы);
– экспорттық потенциалы зор (Батыс қытай және Батыс Еуропа, теміржол және т.б. жол тораптарың бойында орналасқан қала);
– жылыжай құрылысына қажетті құрал жабдықтарды шығарушы мекемелердің қалада орналасуы (Құрылыс барысында кететін шығын көлемін азайтады).
Осы факторларға сүйене отырып қала аумағында жылыжай шаруашылығымен айналысу өте қолайлы екендігін түсінуге болады.

–Шымкентте егін, соның ішінде жылыжай шаруашылығын дамытуға техникалық сумен қамтамасыз ету шешілуі мүмкін мәселе ме? Жолдары қандай?
– Қала аумағында жылыжай шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтарға техникалық су үлкен кедергінің бірі деп айта алмаймын. Қазіргі таңда қала аумағындағы шаруашылықтардың барлығы суды үнемдейтін құралдар, яғни тамшылатып суғару технологиясы, су дайындаушы резервуарлар және кейбір шаруашылықтарда дренаждық жүйелерімен қамтылды. Сондықтанда, қазіргі таңда жылыжайларда техникалық судың жетіспеушілігі бойынша проблемалық мәселе туындамауда.
Техникалық судың негізгі пайдаланушылардың бірі ол ашық топырақтағы шаруашылықтар, яғни олар жоғарыда аталған жүйелерді талап етпейді. Бұл бағытта назардан тыс қалмай шаруаларға жеткілікті көлемде су жеткізу мақсатында қала аумағындағы 5 каналға күрделі жөндеуге жобалық сметалық құжаттамалар жасалуда және 14 канал, жалпы ұзындығы 82,1 км механикалық тазалаудан өтіп, нәтижесінде каналдардың пайдалы әсер коэффициенті (КПД) 30%-ға артты.

– Шымкенттке егін мен мал шаруашылығынан бөлек, тағы қандай ауыл шаруашылық түрлерін дамытуға болады? Бұл бағытта қандай жоспарларыңыз бар?
– Қайта өңдеу саласында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді зор дамытуға болады. Ол үшін біз бүгінгі таңда жалпы соммасы 25,1 млрд тг құрайтын 35 жобаны іске асыруды жоспарлаудамыз, оның ішінде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 1,3 млрд тг құрайтын ауыл шаруашылығындағы 5 жоба және 11,5 млрд тг қайта өңдеу саласындағы 18 жоба Атамекен кәсіпкерлер палатасы базасындағы жобалық офис аясында қаржыландырылуға ұсынылды.
Бұдан бөлек жоғарыда айтып өткенімдей, агро-индустриалды аймақ құру жұмыстары жүргізілуде. Агро-индустриалды аймақта 30-ға тарта ауыл шаруашылығы өнімдерін сұрыптау, дайындау, буып-түю, қайта өңдеу кәсіпорындары мен өнеркәсіптік жылыжайларды орналастыру жоспарлануда.
Соның ішіндегі ірі жобалар:
1. ИП «Колесников» – 2 га жылыжай кешеніне көкөніс өндіру – инвестиция соммасы 400 млн. тг.
2. ЖК «Шарипов» – 2 га жылыжай кешенінде жылына 600 тонна көкөніс өндіру – инвестиция сомасы 600 млн.тг.
3. КХ «Байтерек Агро» – жалпы соммасы 115 млн тг құрайтын, қуаттылығы 1440 тоннаға жететін сүт тауарын өңдеу фермасын құру.

– Оның ішінде «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша ауыл шаруашылығына қатысты 12,8 млрд теңгені құрайтын 23 жоба бар еді. Осы жобалар туралы тарқатып айтып берсеңіз!

– Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауында «Қарапайым заттар экономикасын» дамытуға тапсырма берген болатын. Осы мақсатта елімізде отандық кәсіпорындарды дамытуға мемлекет қазынасынан 600 млрд тг қаржы бөлінді. Осы орайды Елбасы өңдеу өнеркәсібіне және шикізаттық емес экспортқа бағытталған жобаларға қолжетімді несие беру үшін банктерге аталған қаражатты бөлуді Ұлттық банкке арнайы тапсырма берді.
Оның ішінде 100 млрд теңге агроөнеркәсіп кешенінде өнім өндіруге бағытталса, 100 млрд теңге өндірілген өнімдерді қайта өңдеу жобаларын жүзеге асыруға берілетін болады.
Қазіргі таңда, Шымкент қаласынан несие сомасы 1,3 млрд теңгені құрайтын 5 жоба (ТОО «Байтерек Агро» – 400 млн.тг, ТОО «Ет өнімдері KZ» – 250 млн.тг, ТОО «Амангелді»- 200 млн тг, КХ «Алтынсай»- 200 млн тг, КХ «Алтын тобе» -50 млн.тг) және қайта өңдеу саласынан жалпы сомасы 11,3 млрд теңгені құрайтын 17 жоба (ТОО «Шымкент Май» -3 млрд, ТОО «Алтын Дән» -5 млрд 500 млн тг, және т.б) жобалық офис аясында ұсынылды.
Осы орайда кооперативтер әлеуетін пайдалана отырып, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемелерін арттыру мақсатында жоғарыда аталған бағдарлама аясында 8% жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етілетін болады.

–Шымкенттің әлі күнге бір жақты шешілмей келе жатқан мәселесі – иесіз, қаңғыбас ит-мысықтар жайы. Сіздіңше, осы қаңғыбас ит-мысықтарға қатысты мәселені ең гуманизм талаптарына сай шешудің жолы қайсы?
– Шымкент қалалық мәслихатының 2019 жылғы 29 наурыздағы №47/384-6с шешімімен Шымкент қаласында иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету және 2019 жылғы 29 наурыздағы №47/383-6с шешімімен Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидалары Жануарларды қорғау Қоғамдық бірлестіктерінің ұсыныстарын назарға ала отырып тіркелді.
Гуманизмнің (ізгілік) негізгі көрінісі ол жануарларға өз иелерінің жауапты болуы деп ойлаймын. Сол себепті, біз жоғарыда аталған Қағидаларды бекіту кезінде Қағида талаптарын сақтамаған жануарлар иелерін Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 408-бабы бойынша айыппұл салуды қостық.
Пилоттық режимде 1000 бас иттер мен мысықтарға Чиптеп (чипирование), стерилизациялау, пішуге (кастрация) жасауға бюджетті нақтылаудан кейін іске асырылады. Қазіргі таңда Шымкент қаласында 10 ит аулау бригадалары жұмыс атқаруда. Өтініштер туындағанда «Ветеринарлық қызмет» МКК тел:45-05-22,45-05-05 хабарласуға болады.

–Шымкентте заңды ветеринариялық құжаты жоқ үй жануарларын сатып алатындар, сататындар көп пе? Мұнымен қалай күресуге болады?
–Шымкент қаласының аумағында 2 мал базары «Сандыбаев» (Абай ауданы, Қызылжар шағын ауданы 58/2) және «Иман» (Еңбекші ауданы, Сайрам тұрғын алабы, Е.Юсупов көшесі н/з) мал базары) орналасқан. Қала аумағында орналасқан мал базарларына қала аумағынан және Түркістан облысынан сатылымға ауыл шаруашылығы жануарлары сатылымға түседі.
Орны ауыстырылатын (тасымалданатын) ауыл шаруашылығы жануарларына Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі №339 «Ветеринария туралы» Заңына сәйкес ветеринариялық дәрігерлер №1 нысанды анықтама береді.
«Сандыбаев» және «Иман» мал базарларына Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мамандары тарапынан әр апта сайын арнайы рейдтік іс-шаралар жүргізіледі. Рейдтік іс-шара барысында сатылымға келген әрбір ауыл шаруашылығы жануарларының ветеринариялық құжаттары, құлақ жапсырмалары және №1 нысанды анықтамалары тексеріледі. Егер орны ауыстырылатын (тасымалданатын) ауыл шаруашылығы жануарларын тасымалдау барысында заң бұзушылық анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің № 406-бабына сәйкес айыппұлдар салынады.
Жоғарыда көрсетілген заң бұзушылықтарды болдырмау мақсатында БАҚ құралдары арқылы мақалалар жарияланып, халық арасында тұрақты түрде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Жанерке Хумар