Шымкентте «31-түрменің» жанында Ленгірдегі жағдай қайталанды

742
Жиналғандар бірден тыныштала қойған жоқ. Біраз айқайға басты

Леңгірлегі түрмеден шыққан даудың екпіні Шымкентке де жетті. Түс ауа Темірлан тасжолының бойындағы ИЧ 167/3 абақтысынан шу шықты. Дәлірек айтқанда, шуды шығарған түрмеде жазасын өтеушілердің жақындары.

Ашынған халық пен сарбаздар
Ашынған халық пен сарбаздар

Олар халық арасында «31-зона» аталып кеткен жалпы режимдегі түрменің жанына жиналып, айқайға басты. Айтуларынша, темір тордың арғы жағында отырғандар өздерінің соққыға жығылғандарын айтып, хабарласыпты. Салдарынан сағат 5-тер шамасында абақтының жанына жүздеген адам жиналды. Соның кесірінен тасжолдың бойындағы көше қозғалысы тоқтап қалды.

Жиналғандар бірден тыныштала қойған жоқ. Біраз айқайға басты
Жиналғандар бірден тыныштала қойған жоқ. Біраз айқайға басты

Ашынған халықты тоқтату үшін арнайы жасақтың сарбаздары оқиға орнына тез арада жетті. Олардан бөлек жол полициясының қызметкерлері де осында жүр. Барлығы жабылып, шу шығарған адамдарды әрең сабырға шақыруда. Тіпті, төбелесіп қалғандар да болды. Тәртіп сақшылары жағаласып жүргендердің бірін дақпырт қауесет таратты деген күдікпен көлікке отырғызып, полиция бөліміне алып кетті.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=RLBo2mVhoTc[/youtube]

Бұл арада қылмыстық атқару жүйесі департаментінің мамандары да қол қусырып отырған жоқ. Олар жиналғандардың ішінен 8 әйелді алып, түрменің ішіне алып кетті. Біраздан кейін оралған әйелдердің барлығы да абақтының ішіндегі жағдай қалыпты екенін, ұлдары мен інілерінің аман-сау екеніне көз жеткізгендерін айтты. Арада бір сағат өтпей жатып жабылған жол ашылып, көлік қозғалысы қайта қалпына келді. Осылайша күні кеше ғана Леңгірдегі абақтының маңында орын алған дау-дамай Шымкентте қайталана қойған жоқ.