Қапастағылардың бір күні

650
ИЧ 167/11 мекемесі

 Шымкенттегі тергеу абақтысында бүгін Ашық есік күні өтті. Туыстары тмір торға тоғытылғандардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Ерекше кездесуді «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы ұйымдастырған. Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты 167/11 мекемесінде өткен шараға келгендер көкейіндегі біраз сұрақтардың жауабын тапқандай болды. 

Ашық есік күніне балалар да келді
Ашық есік күніне балалар да келді

Жақындарын көріп, көңілі көтерілгендердің бірі – Қасымбек Қыстаубаев. Оған жары мен тұлымы желбіреген екі қызы келді. Әкелерінің қуанышында шек жоқ. Тағдыр тәлкегімен абақтыға қамалған ол әдетте туыстарымен айына бір рет жүздесетін. Бұл кездесуді күтпегенін айтады. Қыздарын құшағына қысып, беттерінен сүйді.

 Қасымбек Қыстаубаев, сотталушы: «Біздің өмір – осы. Құдай қаласа, сәуірде колонияға  шығамыз. Жағдайымыз жақсы, тамағымыз бар, жатын орнымыз таза. Бостандыққа шыққан соң, жоспар басқаша болады. Отбасыңмен бірге болғанға не жетсін?»

Бүгінде ИЧ 167/11 мекемесінде сотталушылар мен айыпталушыларды қосқанда 578 адам отыр. Олардың 13-і – жасы кәмелетке толмаған жасөспірімдер. Он сегізі – нәзік жандылар. Жазасын өтеп жатқандардың ата-аналары мен туған-туыстары камералардан бастап, кір жуу бөлмелеріне дейін аралап көріп шықты.

 Әділбек Досмағанбетов, ОҚО бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары, әділет полковнигі: «Сотталушылар мен айыпталушылардың туыстары әр қылмыстың жазасы болатынын түсінуі керек. Түрменің аты – түрме. Бұл – қонақ үй емес. Сондықтан, ішкі тәртіпке бағыну керек.»

Ич167/11 мекемесінің кітапханасы. Қорда 3 мыңнан аса кітап бар
Ич167/11 мекемесінің кітапханасы. Мұнда 3 мыңнан аса кітап бар

Ашық есік күніне келген тұтқындардың туыстары айтқан арыз-ұсыныстар дөңгелек үстел басында талқыланды. Айта өтейік, бақылаушы партияның атына түсетін түрме төңірегіндегі арыздар саны бүгінде азайыпты.

Мақсұт Юсупов, «Нұр Отан» ХДП Шымкент қалалық филиалының өкілі: «Бұдан екі-үш жыл бұрын түзеу мекемелеріне қатысты арыз көп түсетін. Қазір азайды. 2012 жылдан бері бір-ақ арыз түскен. Офицерлер өз ісін жақсы біледі деп ойлаймын.»

Қазіргі таңда өңірімізде сотталғандардың саны – 4300 адам. Олар алты түзеу мекемесінде жазаларын өтеп жүр. Биылдан бастап темір тордағылардың да өмірі жариялыққа бет бұрыпты. Алдағы уақытта да осындай ашық есік күндерін көбейтуді көздеп отырған партия өкілдері сотталғандар да қоғамның бір мүшесі екенін ескеруді сұранады.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=k55c0ZEx4Y0[/youtube]