2013 жылға арналған махаббат жұлдызнамасы

Тоқтылар ерте тұрмыс құруға асықпауы қажет
Тоқтылар ерте тұрмыс құруға асықпауы қажет
Тоқтылар ерте тұрмыс құруға асықпауы қажет

Бүгін не болмақ? Келешекте бізді не күтіп тұр? Қызметте, отбасында, махаббатта қандай өзгеріс орын алмақ? Осындай сан мыңдаған сұрақтар адамзат баласын үнемі мазалап келеді. Көкейімізде жүрген сауалдарға жауап алу үшін бүгінде жұлдызнамаға көз жүгіртуді сәнге айналдырдық. Әсіресе, көпшілік қауымды жеке өмірінде орын алатын өзгерістер мен тосын сыйлар қызықтырады. Осы орайда, оқырмандарымызға 2013 жылға арналған махаббат жұлдызнамасын ұсынуды жөн көрдік.

Тоқты

Ер тоқтылар отбасын құрып, үйленгенше, сайран құрып, көңіл көтеріп жүргенді жаны сүйеді. Махаббатта тұрақсыз. Бір сөзбен айтқанда мұндай азаматтарға сенім артып, ес-түссіз ғашық болуға болмайды.

Тоқты белгісінде туылған бикештер сүйіктісінің көңілін өзіне аудару үшін аянып қалмайды. Жұлдызшылар тоқтыларға ерте тұрмыс құруға асықпау керектігін ескертеді

Сәйкестік. Шаян, Балықтар, Сарышаян белгісіндегілерден сақ болу керек. Таразы, Мерген, Арыстандармен жұп құра алады.

Торпақ

Еркек торпақтар үшін биылғы жыл тосын сыйға толы. Көптен бері екінші жартысын кездестіре алмай жүрген олардың махаббат айдынында айы оңынан туады. Мамандардың айтуынша, биыл торпақтарға шаңырақ көтеруге қолайлы жыл болмақ.

Ал, торпақ белгісінде туылған нәзікжандылар көбіне өзімшіл, өркөкірек болады. Айналасындағылардың барлығын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстауға тырысады. Дегенмен, өмірлік серігін табу үшін торпақтар бір сәтке болса да биязылық танытқаны абзал.

Сәйкестік. Тоқты Бикеш, Тауешкі, Суқұйғыш, Арыстан белгісімен жақсы жұп құра алады. Ал, Балықтар мен Шаяннан алыс жүргені абзал.

Егіздер

Бұл белгіде туылған азаматтардың өмірде де, махаббатта да жолы болғыш келеді. Өздерінің сымбаттылығымен, биязы мінезімен олар кез келген арудың жүрегіне жол таба біледі. Егіздер отбасын құруға асықпайды. Бұл мәселеге байыппен қарайды.

Егіздер белгісінде туылған еркектерге қарағанда қыздар қауымы махаббатты бағалай алмайды. Жас кезінде махаббатты ойыншыққа айналдырған бойжеткендер уақыт өте келе, отбасы құндылығын түсініп, шаңырағының нағыз тірегіне айналады.

Сәйкестік. Егіздер Суқұйғыш, Таразы, Торпақ, Арыстан, Тоқты, Шаяндармен жұп құра алады. Балықтар, Мерген белгісіндегілермен жұп құра алмайды.

Шаян

Бұл белгіде туылған ер-азаматтар әйелдерге «ана» ретінде ғана қарайды. Яғни, әйелін ұрпағының жалғастырушысы, баласының анасы деп біледі. Шаяндар өзінің отағасы ретіндегі парызын ешуақытта ұмытпайды. Оларға сенім артып, маңызды шаруаны тапсыруға да болады. Көңілін тауып, бабын жасаған әйел ғана оған өмірлік жолдас бола алады.

Шаян-әйелдер үшін биылғы жыл тосын жаңалықтарға толы. Яғни, көптен бері екінші жартысын таба алмай жүргендердің махаббатта айы оңынан тумақ. Ал, жұбын тауып, отбасылық өмірге қадам жасауға ниеттеніп жүрген жандарға мамандар асықпауға кеңес береді.

Сәйкестік. Шаяндар барлық белгілермен жұп құра алады. Десек те Сарышаян, Бикеш, Тауешкі, Балықтармен жұп құрғаны абзал.

Арыстан

Махаббаттың құлына айналған арыс-тандар сүйіктісіне адал. Серігінен де соны күтеді. Мамандардың айтуынша шаңырақ көтеріп үлгермеген арыстандар үшін биыл үйленуге қолайлы жыл болмақ.

Арыстан-бикештер өте талғампаз келеді. Сол себепті болар, олардың махаббатта жолы бола бермейді. Мамандар Арыстан белгісінде туылған нәзікжандыларға тұрмысқа шығып, қалыңдық атануға асықпау керек екенін айтады.

Сәйкестік. Мерген, Тоқты, Егіздер, Таразы белгісінде туылғандармен бақытты отбасын құра алады. Сарышаян, Тоқтылармен жұп құруға болмайды.

Бикеш

Ер-азаматтар қалыңдығын ренжітпеуге тырысады. Адал жар бола біледі. Бикештер әрбір басқан қадамын ой елегінен өткізеді. Олар сезімін сөзбен емес, іспен дәлелдейді. Сүйгені үшін күресе біледі.

Көптен бері сыңарын кездестіре алмай жүрген нәзікжандылар екінші жартысын жолықтырады. Ал, шаңырақ көтеруге жоспар құрсаңыз, оны 2014 жылға қалдырғаныңыз абзал.

Сәйкестік. Тауешкі, Тоқты, Сарышаян, Шаяндармен отбасын құруға болады. Тоқты және Мергенмен жұп құра алмайды.

Таразы

Таразылар өздерін толық бақытты сезіну үшін отбасын құру керек. Биылғы жыл той жасау үшін қолайлы.

Ал, таразы белгісінде туылған бикештердің сүйіктісімен ренжісіп қалу қаупі бар. Абайлаңыз, бақыт құсын ұшырып алмаңыз.

Сәйкестік. Тоқты, Арыстан, Суқұйғыш, Егіздермен жұп құруға болады. Ал, Шаян мен Тауешкіден сақтанғаныңыз жөн.

Сарышаян

Астрологтардың айтуынша, биыл сарышаяндар үшін шаңырақ көтеруге қолайлы жыл. Екінші жартыңызға ұсыныс жасасаңыз, күздігүні тойдың қамына кірісесіз.

Сарышаян белгісінде туылған бойжеткендер биыл өз ханзадасын кезіктіреді. Қолына қондырған бақыт құсын бағалай білсе, келесі жылы ақ көйлек киіп, қалыңдық атануы мүмкін.

Сәйкестік. Шаян, Балықтар, Таразы, Бикеш белгісіндегілер дос және жар болуға лайық. Суқұйғыш пен Арыстаннан сақ болыңыз.

Мерген

Биыл Мергендердің шығармашылықта да, өмірде де, махаббатта да жолы болмақ. Серігі жоқ Мергендер сүйіктісін кездестірсе, ал енді бірі шаңырақ көтереді.

2013 жылы Мерген-бикештердің жеке өмірінде бірқалыптылық сақталмақ. 2014 жылы махаббат айдынында өзгерістер орын алады.

Сәйкестік. Егіздер, Тоқты, Суқұйғыш, Таразы, Арыстан белгісіндегілермен бақытты отбасын құра алады. Бикештен сақ болған жөн.

Тауешкі

Тауешкі азаматтар көптен бері ойға алған жоспарларын іске асырғаны абзал. Яғни, сүйіктісі екеуі жазғы демалысты бірге өткізіп, болашаққа бағдар жасағаны ләзім. Тауешкілер биыл асықпай, 2014 жылы отбасын құруға қамдана бергені жөн.

Нәзікжандылардың жеке өмірінде көптен бері тыныштық орнаған еді. Биыл тауешкілер махаббат әлеміне сапар шекпек. Оларды романтикалық кездесулер, тосын сый мен қызықты саяхат күтіп тұр.

Сәйкестік. Тоқты, Бикеш, Сарышаяндармен жұп құруға болады. Егіздер мен Шаяннан абай болыңыз.

Суқұйғыш

Биыл Суқұйғыштардың жеке өмірінде бір қалыптылық сақталады. Жыл соңына қарай біршама өзгерістер орын алуы мүмкін.

Суқұйғыш-бикештер екінші жартысымен ренжісіп қалуы ғажап емес. Дегенмен, кішіпейілділік сақтап, кешірімшіл болсаңыз сүйіктіңіз сізді кешіруі мүмкін.

Сәйкестік. Таразы, Арыстан, Балықтар, Мерген, Егіздермен жарасымды жұп құруға әбден болады. Тоқты мен Сарышаяннан сақ болғаныңыз жөн.

Балықтар

2013 жылы Балықтардың жеке өмірінде көптеген өзгерістер орын алмақ. Ең маңыздысы сіз өзіңіздің сүйіктіңізбен отбасы құруға дайын екен-деріңізді түсініп, тойдың қамына кірісесіз.

Ал, нәзікжандыларда бәрі керісінше, олар өздерінің сүйіктісімен ренжісіп, 2014 жылды жалғыз қарсы алуы мүмкін. Дегенмен, көп кешікпей жаңа жыл оларға жаңа бақыт пен жаңа табыс әкеледі.

Сәйкестік. Бикеш, Тоқты, Шаян, Сарышаян, Тауешкімен бақытты отбасын құра алады. Таразы мен Егіздерден бойын аулақ ұстағаны жөн.

Айжан Ермекқызы