Илья ИЛЬИН, Ауыр атлетикадан Олимпиада ойындарының екі дүркін, Әлем чемпионатының үш дүркін жеңімпазы

Елімізде Олимпиада чемпиондары көп емес. Саусақпен санарлық. Ал екі дүркін олимпиада чемпионы жалғыз. Ол –Сыр бойының саңлағы Илья Ильин. Таяуда Оңтүстікке қонақ болып келген халықтың ерке ұлымен жүздесудің сәті түскен еді. Мүмкіндікті жібермей, зілтеміршіні әңгімеге тарттық. Әманда жайдары жүретін спортшы сауалымызға көтеріңкі көңіл күймен жауап берді.

Илья ИЛЬИН, Ауыр атлетикадан Олимпиада ойындарының екі дүркін, Әлем чемпионатының үш дүркін жеңімпазы
Илья ИЛЬИН, Ауыр атлетикадан Олимпиада ойындарының екі дүркін, Әлем чемпионатының үш дүркін жеңімпазы

– Илья, Лондон ойындарынан кейін демалыс алғаныңды білеміз. Жаттығуға қашан кіріспек ойың бар? 

– Адам ағзасы бір сәт дамылдау да керек қой. Үлкен спортта жарақат иектейтін сәттер де болады. Қазір денсаулығыма көңіл бөліп, жарақаттарымды емдетіп жүрмін. Бәрі жоспар бойынша жүріп жатыр. Демалысқа шықсам да арқаны кеңге сала алмайтыным анық. Өйткені, спорт — менің өмірім, жұмысым. Спорттық қалпымды сақтауым керек. Жаттығу залынан біржола алшақтап кеткенім жоқ. Жоспар бойынша, жеңіл жаттығулар жасап, бассейнде жүзіп жүрмін. Ал қарқынды жаттығулар қараша, желтоқсан айында басталады.

– Биылғы жылдың басты жарысы Польшада өтетін әлем чемпионаты. Бұған дейін әлемдік бәсекеге қатыспайтыныңды мәлімдеген едің…

– Жо-жоқ, мен әлем біріншілігіне міндетті түрде барамын. Бірақ, қонақ ретінде. Поляктар өте меймандос халық. Қонақты құрметтей біледі. Мені онда жақын досым Шимон Колецкий арнайы шақырды.

– Екі дүркін Олимпиада, үш дүркін әлем чемпионының қоржынында Универсиаданың жүлдесі жоқ екен. Биылғы Қазандағы сайысқа барғың келмеді ме?

– Ештеңесі жоқ. Есесіне, маңызы жоғары Олимпиада, әлем чемпионаттарының бағалы жүлдесі бар ғой (күліп). Бұл жолы студенттердің сайысына қатысудың реті келмеді. Алдағы уақытта сәті түсер, бәлкім. Егер соншалықты маңызды болып жатса, келесі ойындарға қатысамын және топты жарып шығамын да.

– Енді Олимпиада жайында сөз қозғайықшы. Лондон ойындарында сенің қабілет-қарымыңа бүкіл әлем таңырқай қарады. Тамсанды. Қоссайыста 418 келіні көтеріп, екі рет әлем рекордын бұзғаныңды көрдік. Ал 2008 жылғы Бейжіңде чемпион болуың үшін бар болғаны 406 келі жеткілікті болды. Шыныңды айтшы, қайсы олимпиадада қара үзіп шығу қиынға соқты?

– Ең әуелі табиғатымнан жеңіске құштар екенімді айта кетейін. Анығы сол, әрбір жеңісім шүмектеп төгілген тердің арқасы. Кейінгі жылдары бапкерлеріммен бірге ғылымға бет бұрған жайымыз бар. Соның жемісі шығар, ескі жүйемен қоштасып, жаңа әдіс-тәсілдерді үйрендік. Бапкерлерім – Ержас Болтаев пен Тойшан Бектеміров нағыз өз ісінің мамандары. Жеңіске бастар жолды дөп таба білген осы кісілер. Рас, жеңіске жетелейтін тәсіл көп. Соның бірі диетология ғылымы екенін ұғына бастадық. Әуелде мән бермеуші едім. Спортшының дұрыс тамақтануының да маңызы зор екен.

Енді қайсы ғаламдық бәсеке қиын болды дегеніңізге жауап бере кетейін. Бір есте ұстайтын жәйт, Олимпиадаға арнайы тактикамен бармасаң жеңіске жетуің қиын. Сөз жоқ, екі бәсеке де ерекше жағдайлармен есте қалды. Қытай астанасында еркін көсілуіме қолымның жарақаты кедергі болғанын білесіздер. Дегенмен, өз жоспарымды орындап шықтым емес пе?! Ал Лондонда барынша өз-өзіме сенімді болдым-ау деймін. Иә, қарсыластарымды психологиялық түрде «сындырдық». Қуанышымызға орай, тактикамыз өз жемісін берді.

Ең бірінші қолдаушым – Президент Нұрсұлтан Әбішұлы
Ең бірінші қолдаушым – Президент Нұрсұлтан Әбішұлы

– Тіл көзіміз тасқа дейік, көпшілік сенің 3 дүркін Олимпиада чемпионы боларыңа сеніммен қарайды. Жанкүйерлеріңнің тілегін орындау жоспарыңда бар шығар..

– Әлбетте, өзімнің де бар мақсат-мүддем сол ғой. Үлкен спорттан әлі де болса өз сыбағамды алғым келеді. Қазіргі жоспарым — 3 дүркін чемпион болу. Бұйырса, Рио-де-Жанейроға қатысамын. Әрине, міндетті түрде жеңіспен оралуға уәде беремін. Маған сеніңіздер. Әлі күш-қайратым сарқи қойған жоқ.

Шынымды айтсам, келешегі зілтемірді ұршықша үйіргем келеді. Сенесіз бе, қоссайыстағы көрсеткішімді 500 келіге жеткізуді ойлап жүрмін. Ол оңай емес. Бірақ осы мақсатта жұмыс істейтін боламыз.

– Сенің басты қарсыластарың кімдер?

– Менің ең басты қарсыласым ол — өзім (күліп). Не үшін дейсіз бе? Адам ең әуелі өзін жеңе білуі керек. Спортта мінез керек. Жалқаулығыңды жеңсең ғана нәтиже болмақ. Пенде болғандықтан менің де кемшілігім бар. Осы жаман әдеттерімді жеңгенім — бәрінен үстем болғаным.

Өздеріңіз білетіндей, 94 келіге дейінгі салмақта нағыз мықтылар топтасқан. Әлем үздіктерінен бөлек, елімізде де жігерлі жігіттер жетерлік. Владимир Седов, Алмас Өтешовтің ықтырып алардай қауқары бар. Бұл топқа жас болса да Александр Зайчиков қосылды. Сашаның күні кеше Азия чемпионатында бағы жанғанын көрдіңіздер. Тамаша жетістік. Нәтижесі төмендеу болғанымен жеңімпаз атанды. Жалпы 3 алтынды иемдендік қой. Барша жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтаймын.

– Илья, сен жарысқа шыққанда жанкүйерлердің айқай-шуынан күш-қуат алатын секілдісің. Солай ма?

– Рас, менің жанкүйерлерім өте көп. Ең бірінші қолдаушым деп Президент Нұрсұлтан Әбішұлын айтар едім. Әрбір жеңісімнен соң, ең бірінші болып құттықтайтын да Елбасы. Оны бәріңіз білесіздер. Спортшы үшін бұдан асқан қандай бақыт болсын. Халқым да әманда тілекші. Қайда жүрсем де, жанкүйерлерім көптеп табылады. Жанкүйерлерімді көргенде қанаттанып кететінім сондықтан.

– Біздің газеттің оқырмандарына айтар тілегің болса..

– Өсіп өркендей беріңіздер, шығармашы-лық табыс тілеймін. Жоғары білікті маман-дарыңыз көбейе берсін!

– Әңгімеңе рахмет!

Сұхбаттасқан – Тағабай ҚАСЫМ