«Оңтүстік Рабат» ұсынады: Заңгер кеңесі

Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ
Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ
Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ

Оқырмандар сауалына тұрақты авторымыз, ОҚО «Тәуелсіз заңгерлер» ҚБ-нің төрағасы Дінмұхамед Қылышбаев жауап береді.

Сұрақ: 

– Осыдан 6 жыл бұрын мен перзентханаға бармай үйде босанған едім. Балам өсті, оны мектепке де дайындау керек. Адамдардан сұрасам мектепке баланың «метрикасы» болмаса, қабылдамайды дейді. «Загске» де бардым, ол жерде перзентханадан баланы туғаны жөнінде анықтамасы болмаса «метрика» берілмейді деген. Балаға «метриканы» қалай алуға болады?

Жауап: 

– Сіздің мәселеңізді шешуге «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 187 бабына сәйкес 2 жол бар:

1) Медициналық ұйымнан тыс жерде, оның ішінде үйде босанған жағдайда, туу туралы медициналық куәлікті анасының жеке басын куәландыратын құжаттарына сәйкес босанғаннан кейін ол өтініш жасаған медициналық ұйымның қызметкері немесе босандырған және жеке медициналық практикамен айналысатын жеке адам рәсімдейді;

2) Сізге сот тәртібімен баланың туу фактісін анықтауыңызға болады. Яғни, баланың тууын тіркеу үшін (метрикасын алу үшін) туу туралы медициналық куәлік немесе туу фактісін анықтау туралы сот шешімінің көшірмесі негіз болып табылады.

Сұрақ:

– Бізде сот процесі орыс тілінде өткен кезде мен орысша түсінбей екінші жақпен келісімге барғанмын. Біраз уақыт өткеннен кейін мен ол келісімнің мәнін сұрастырып білгенімде, келісімнің мазмұнына наразы болдым. Сөйтіп облыстық сотқа шағымданғанмын, бірақ облыстық сот бірінші соттың бітімгершілік туралы шешімін бұзбай күшінде қалдырған. Сонан соң мен кассацияға бергенмін, онда да менің шағымымды қарамай қайтарып берген. Неге кассация менің шағымымды қарамайды? Олар заң бойынша кез келген сот шешімін қарауы тиіс емес пе? Азаматтық іс жүргізу кодексінің 383-12-бабының «кассациялық шағым, наразылық бойынша кассациялық сатыдағы сот бірінші және апелляциялық сатылардағы соттар шығарған, заңды күшіне енген шешімдердің, қаулылардың және ұйғарымдардың заңдылығы мен негізділігін тексереді» дегені қалай сонда? Енді мен Жоғарғы сотқа барсам бола ма?

Жауап:

– Сіздің берген сауалыңыз өте дұрыс. Бірақ Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу Кодексінің 344-бабының 5-бөлігіне сәйкес аппелляциялық сатының жеке шағым, наразылық бойынша шығарылған ұйғарымы шағымдануға, наразылық келтіруге жатпайды және ол шығарылғаннан кейін дереу заңды күшіне енеді. Яғни Кассациялық сот инстанциясы Сіздің шағымыңызды қарамай қайтарып жібергені заңды болып табылады.

Келешекте осындай түсінбеушіліктер болмас үшін, Сіз көрсетіп өткен Азаматтық іс жүргізу Кодекстің 383-12-бабына нақты қай инстанцияның ұйғарымдары мен қаулыларына және нақты қандай ұйғарымдарға шағымдануға болатынын көрсететін өзгерістер мен толықтыруларды енгізу қажет.

Сұрақ:

– Біз күйеуім екеуміз Өзбекстан Республикасының азаматтарымыз. Қазіргі уақытта Қазақстан аумағында тұрамыз. Жақында мен босанайын деп жатырмын. Құдай қаласа аман-есен босанған жағдайда балам осында туылғаннан кейін Қазақстанның азаматы бола ала ма.

Жауап:

– Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы Заңның 11-1-бабына сәйкес бала туған кезде ата-анасының екеуі де шет мемлекеттің азаматы болса, ол туған жеріне қарамастан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайды.