Жаз шыққалы ішетініміз энергетикалық сусындар. Ал оның «у» екенін білеміз бе? Дүкендер мен сауда сөрелеріне бара қалсаң олардың жеті атасын көресің. Түрі мен түсі әртүрлі бұл шөлқандырарлардың біздің ағзамызға әсері қандай, пайдалы ма, әлде зиян ба? Білетініміз жылына әлемде 180 мың адам осы сусынның зиындығынан қайтыс болады екен.
Жазда сусындардың нағыз саудасы қызатын кез. Күн ыстықта шөлдеген адамның салқын сусынға деген тәуелділігі арта түседі. Жалпы ағзаның 60%-ын су құрайтыны белгілі. Ендеше бойдағы тепе-теңдікті сақтау үшін күнделікті қажетті мөлшерде су ішіп тұру қажет. Дегенмен, табиғи сусындар мен құрамында түрлі қоспалары бар жасанды сусындардың айырмашылығы үлкен. Табиғи шикізаттар негізінде дайындалған сусындарға су, сүт, минералды сулар, көкөніс пен жеміс-жидектердің шырындары, сонымен қатар, ерекше өңдеу арқылы алынған толық табиғи сусындар, яғни қымыз, айран, шұбат, шай, кофе, какао, морс, квас, қышқыл шилерді жатқыза аламыз. Бұл сусындармен шөліңізді қандыруға әбден болады.
Соңғы уақытта сатылымда шөліңді әп-сәтте басып, сергітетін түрлі энергетикалық сусындардың саны артқан. «Диззи», «Ред Булл», т.б.сусындарды іше қалсаңыз расында шөліңіз басылып, сергіп қаласыз. Адам ағзасын лезде үйіріп әкететін бұл сусынның не құдіреті бар деуіңіз мүмкін. Энергетикалық сусынның бір бөтелкесі бір күндік қажетті витаминдердің дозасын құрайды екен. Сондықтан оны тәулігіне біреуден артық ішпеген жөн. Сусынның құрамындағы глюкоза қанға тез сіңіп, оттекке байытылған қанмен миға және бұлшықеттерге көмірсутектер жеткізеді. Алайда оның зиянды жақтары да жетерлік. Дәрігерлердің айтуынша, бұл сусындардың құрамындағы әртүрлі химиялық қоспалар орталық жүйке жүйесі, жүрек-қан тамыр ауруларына шалдықтыратын көрінеді. Көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын энергетикалық сусындарды жиі тұтыну тахикардия, қант диабеті, психомотрлық қозу, жоғары дәрежедегі невроз, күйзеліс сияқты ауыр дерттерге душар етуі ықтимал. Сондай-ақ, қатерлі ісік пен еркектердің белсіздікке ұшырауына да әсері бар.
Газдалған тәтті сусындардың кері әсерін анықтаған мамандарда дабыл қағуда. Тәтті сусындарды өндірушілер өнімнің өтімділігін арттыру үшін оған түрлі табиғи қоспаларды қосатыны белгілі. Әрине, заң бойынша мұндай қоспаларды белгіленген нормамен қосуға рұқсат етілген. Алайда, газдалған сусындарды көп мөлшерде қолдану да қатерлі ісікке әкеп соғатынын айтады мамандар. Сондай-ақ, олар семіздіктің де басты себепшісі. Шетелдік ғалымдар, «Кока-Коланың» ағзада калий жетіспеушілігін тудыратынын анықтапты. Калий жетіспеушілігінің ұзаққа созылуы мүгедектікпен аяқталуы да ғажап емес. Халқының денсаулығына алаңдаған бірқатар елдерде бүгінде энергетикалық, газдалған тәтті сусындарды сатуға тыйым салынған. Ал біздің елде әзірге емін-еркін сатылып жатыр.
Төрегелді Шарманов, академик
– Энергетикалық сусынға деген көзқарасым аса күдікті. Оның ағзаға пайдасы бар деген пікірмен келіспеймін. Себебі, адамның орталық жүйке жүйесін белсендендіріп, жұмыс істеу қабілетін арттыруға бағытталған бұл сусындардың құрамында кофеин, таурин сияқты қоспалар бар. Оларды белгілі мөлшерден көп қолданса, адамның энергиясы немесе бұрын байқалмаған қандай да бір ауруы қозады. Қозудың әсерінен адам әлсірейді. Ол бірден байқалмағанымен, уақыт өте келе тұрақты тұтынушының денсаулығы күрт нашарлауы мүмкін. Өнім адамға қосымша қуат береді деу – қате пікір. Аты «энергетик» болғанымен, заты оған сай емес. Керісінше, бойдағы бар энергияны артығымен жұмсап, түгелімен шығарады. Былайша айтқанда, адамның энергиясын өзінен «қарызға» алады.
Лаура Байқонысова, Ұлттық салауатты тағамтану орталығының ОҚО бойынша департаментінің ғылыми қызметкері:
– Газдалған сусындар адам денсаулығы үшін өте зиян. Қазір барлық балалар мен жасөспірімдер бұл сусындардың тәттілігіне, дәміне сүйсініп ішеді. Бірақ бұл сусындардың қауіпті екенін біле бермейді. Ол — асқазан-ішек жолдарының ауруларын (гастрит, панкриатит, ойық жара), қатерлі ісікті тудырады. Сондай-ақ мидың қабылдағыш қасиетін төмендетеді. Кальцийдің ағзаға сіңуіне кедергі келтіріп, сүйектердің бітуіне, жетілуіне кері әсер етеді. Кальцийдің жетіспеуінен остеопороз ауруы белең алып, сүйек сынғыш келеді. Газдалған сусындардың құрамында қанттың мөлшері көп, ол 2-ші типті қант диабетіне, семіздік ауруына шалдықтыратыны да белгілі. Ал, энергетикалық сусындардың ингредиенттері адамның жүйке жүйесін ынталандыру үшін көптен бері пайдаланылып келеді. Ол ингредиенттер, мәселен кофеин, гуарана сынды өсімдік заттар өздерінің сергіткіш қасиеттерімен танымал. Сондай-ақ сусын құрамындағы аминоқышқылдар адамның жүйке жүйесіне, ал кофеин, гуарана және женьшень қоспасы жүрек жұмысына кері әсер етеді. Таурин жүрек жұмысының қызметін ынталандырады. Мұндай компоненттердің қосындысы жүрек пен жүйке жүйесінің жұмысына өте қатты ықпал ететін көрінеді. Олар тахикардия, жүйке жүйесінің, депрессия сынды жанама әсерлерді де тудырады. Барлық энергетикалық сусындар көмірқышқыл газымен қамтамасыз етілген. Көмірқышқыл газы адам ағзасындағы ас қорыту жүйесіне, асқазанға зиян. Энергетикалық сусындарды артық пайдалану артериалды қан қысымының немесе қандағы қант деңгейінің артуына алып келеді. Энергетикалық сусындарды аяғы ауыр әйелдерге, балаларға, жасөспірімдерге, жүрек-қан тамырлары ауруымен ауыратын адамдарға мүлдем пайдалануға болмайды. Энергетикалық, газдалған сусындардың орнына сүт өнімдерін ішсе анағұрлым пайдалы болар еді.
Пайдалы 8 сусын
Көк шай – құрамында флаваноид, полифенол мен антиоксиданттардың саны көп болғандықтан, ол еркін радикалдарды бейтараптайды,сүйекті бекітеді, жүрек-талма ауруларынан қорғайды және қатерлі ісік ауруының қаупін төмендетеді.
Жалбыз шайы – асқорыту жүйесін ретке келтіріп, қорытуды жеңілдетеді. Сонымен қатар, жалбыз шайы бұлшық ет ауруларын жазатын қасиетке ие.
Мүгжидек шырыны – ас қорыту және зәр шығару жүйелерінде болатын індеттерден қорғайды. Сонымен қатар, мүгжидек шырыны тіс иегіндегі ауруларды болдырмайды және қандағы холестериннің деңгейін төмендетеді.
Майлылығы аз сүт – ұзақ мезгілге дейін тәбет шақырмай, артық салмақтан арылуға көмектеседі. Оның құрамында күрделі көмірсулар, ақуыздар, кальций және В дәрумені бар. Майлылығы 1% сүтті ішсе де, жеткілікті екен.
Соя сүті – қандағы холестерин деңгейінің өсуі есебінен жүрек-талма ауруы үдеуінің бетін қайтарады. Алайда сиыр сүтін соя сүтімен толықтай алмастыруға болмайды. Ондай жағдай кальций мен А және D дәрумендерінің жетіспеушілігіне әкеліп соғады.
Ыстық какао – жүрек-талма ауруларының өршуіне қарсы тұрады. Олардың құрамына кіретін полифенол жасушалардағы еркін радикалдардың әрекетінен сақтайды.
Қызанақ шырынында кездесетін ликопен өкпе, асқазан, ішек, бауыр мен жатыр онкологиялық ауруларына ем ретінде пайдалы. Сонымен қатар, қызанақ шырыны жүрек-талма ауруларының өршуін төмендетеді.
Апельсин шырынында кездесетін С дәрумені көз ауруынан және қатерлі ісік ауруы-нан қорғайды, иммунитетті жоғарылатады. Дәрігерлер жүктілік кезінде апельсин шырынын ішуді әдетке айналдыру керек дейді.
Гүлнұр Сәтбаева