Қыстың қамын жаз ойла

Үй жағдайында қыстың қамын жасап, қысқа азық дайындау ісіне кірісіп кеткен қыз-келіншектер аз емес. Дегенмен, газет оқырмандарына көмек бергіміз бар. Қысқа арнап «банкі жабу» әдістерін назарларыңызға ұсынамыз.

Банкідегі ет

33-026

Бұқтырылған етті жақсы көресіз бе? Әрине, дүкен сөрелерінде сатылатын консервіленген етті жегеннен гөрі үйде, өзіміз дайындаған «тушенкаға» не жетсін.

Қажетті заттар: 

Ет, тұз, қара бұрыш, сірке суы, күнбағыс майы, пияз, сарымсақ пен лавр жапырағы . 

Дайындау әдісі: 

Етті тік төртбұрыш етіп турап, тұз, бұрыш, сірке суын, майдалап туралған пиязды, лавр жапырағын қосып араластырыңыз да бетін жауып 6 сағатқа қоя тұрыңыз. Маринатталған етті 150 градусты газ пешінің ішіне қойыңыз. 45 минуттан кейін, етті алып, бетіне сарымсақ турап, бетін жауып, тағы да 2 сағатқа қоя тұрғаныңыз абзал. Суыған етті банкіге салып, жаба беруіңізге болады.

Банкідегі тауық

33-027

Дайындау әдісі:

Тауықты ұнға аунатып, ыстап алыңыз. Іші-сыртын тазалап, ыстық сумен жуыңыз. Ыңғайлы етіп туралған тауық етіне сәбіз, ақжелек, пиязды қосып қайнаған су құйып бұқтырыңыз. Піскен тауық етін сорпадан алып, залалсыздандырылған банкіге салыңыз. Банкінің ішіне лавр жапырағын, 2 дана дөңгелек қара бұрышын қосуды ұмытпағайсыз. Тауықты қайнатқан сорпаны сүзгіден өткізіп, тұз қосып, банкіге құйыңыз да залалсыздандырылған темір қақпақпен жауып тастаңыз. Жабылған банкіні 20-25 минут суда парлап болған соң, суығанша бір бүйірімен жатқызып қойыңыз.

Қызылша тұздығы

33-028

Қажетті заттар:

2 литрлік банкі, 8 дана қызылша, 5 дана қызыл болгар бұрышы, 5 дана қызанақ, 1 дана қызыл бұрыш, 1 бас сарымсақ, 5 домалақ қара бұрыш, 1 стакан күнбағыс майы, 1,5 стакан су, 3 ас қасық тұз, 4 ас қасық қант, 0,5 стакан 9% сірке суы керек. 

Дайындау әдісі:

Қызылшаны ұзыншалап турап алыңыз. Сәбізді үккіштен өткізіңіз. Қызыл болгар бұрышын, қызанақ пен сарымсақты да ұзыншалап турап алғаныңыз жөн. Барлығын қазанға салып, жақсылап араластырыңыз да, жәй отта 40 минут бұқтырыңыз. Тұздығыңыз дайын болған кезде, банкіге салып жаба беріңіз. Жабылған банкіңізді аударып, үстіне көрпеше жауып қойғаныңыз абзал.

Маринадталған асқабақ

33-029

Дайындау әдісі:

Асқабақты тазалап, төрт бұрыштап кесіп, сәл ғана қайнатып аламыз. Тұздық үшін: суға сірке суын, қант, қалампыр қосып қайнатамыз. Банкіге салынған асқабақтың үстіне құямыз да бір күн бойы тұндырамыз. Екінші күні тұздықты басқа ыдысқа құйып алып қайта қайнатамыз да қайтадан асқабақтың үстіне құйямыз. Бұл әрекетті кемінде төрт күн қайталағаннан кейін банкіні жабуға болады.

Банкідегі болгар бұрышы

33-030

Қажетті заттар: 

Тәтті болгар бұрышы (орташа болғаны лазым, әйтпесе банкінің аузына сыймайды), 1 дана үлкен қырыққабат, сәбіз, сарымсақ, бал, су, сірке суы, қант, күнбағыс майы, тұз керек.

Дайындау әдісі:

Болгар бұрышын тазалап, 5 минут қайнатып, суытып қойыңыз. Қырыққабатты майдалап турап, сәбізді үккіштен өткізіңіз де араластырыңыз. 1 тіс сарымсақты үккіштен өткізіп болгар бұрышының әр қайысысының ішіне салыңыз да, бір шай қасық бал қосыңыз. Жоғарыда қырыққабат пен сәбізден әзірленген қоспаңызбен болгар бұрышын толтырыңыз. Жентектелген бұрышты банкіге салыңыз. Үстіне қайнап тұрған тұздықты құясыз да 25 минут залалсыздандырып жауып тастаңыз.

Тұздықты әзірлеу үшін: 1 литр суға 150 гр сірке суын, 200 гр қант, 200 гр күнбағыс майы мен 2 ас қасық тұзды араластырып қайнатасыз.

Банкідегі қарбыз

33-031

Қажетті заттар: 

3 литрлік банкі, қарбыз, 7 ас қасық қант, 3 ас қасық тұз, 1 ас қасық 70% сірке суы мен қайнаған су. 

Дайындау әдісі:

Қарбызды банкіге сиятындай етіп турап алыңыз (қабығын ашысаңыз да, ашымасаңыз да өз еркіңізде). Банкіні қарбызға толтырып алған соң ішіне қайнаған су құйыңыз да, 15-20 минуттай күтіңіз. Одан кейін, суды басқа ыдысқа құйып алып, ішіне тұз бен қант қосып 2-3 минут қайнатыңыз. Су қайнап жатқан кезде банкіге сірке суын қосуды ұмытпағайсыз. 2-3 минут қайнаған суды қайтадан банкіге құйыңыз. Банкі жапқышпен жауып тастаңыз да аударып қойыңыз.

Маринадталған сәбіз

33-032

Сәбізді кішкентай бөбектер, болашақ және бала емізетін аналар, асқазан, бүйрек, жүрек, қант диабеті ауруына шалдыққан жандардың көбірек пайдаланғаны жөн. Сәбізді маринадтап банкіге жауып, сақтауға да болады. Ол үшін: сәбізді тазалап, 3-5 минут қайнатамыз. Банкіге салып майдалап туралған сарымсақ қосамыз. Әр банкіге 5 дөңгелек қара бұрыш, 3 дана қалампыр, 2 дана лавр жапырағын қосып, үстіне тұздық құясыз.

Тұздық үшін: 1 литр суға 40 гр тұз бен 40 гр қант қосып, 10 минут қайнаған соң, 60 гр сірке суын құясыз. 

Ескерту: Егер банкіңіз 0,5 литр болса – 9, 1 л – 15, 3 л – 20 минут залалсыздан-дырыңыз.

Банкідегі кетчуп

33-033

Қажетті заттар: 

Қызанақ, болгар бұрышы, сарымсақ.

Дайындау әдісі:

Жоғарыда аталған-дарды етүккіштен өткізіп алыңыз. Дайын болған қоспаға 1 стакан күнбағыс майын, 1 стакан қант, 2 ас қасық тұз, 2 ас қасық сірке суын, 1 шай қасық қара және қызыл бұрыш қосып, 25 минут қайнатыңыз. Дайын болған кетчупті банкіге құйып, жауып тастаңыз.

Күріш салаты

33-034

Дайындау әдісі:

0,5 литр күнбағыс майын ысытамыз. 500 гр туралған сәбіз қосып, 15 минут жай отқа қойып булаймыз. Одан соң туралған 1 кг тәтті болгар бұрышын қосамыз да тағы да 15 минут булаймыз. 1 кг пияз (дөңгелек пішінді етіп тураймыз) қосып тағы 15 минут қайнатамыз. Үстіне 1 кг қызанақ қосып 15 минут қайнатамыз. Одан соң 2 стакан күріш (қайнаған болу керек) қосамыз да тағы да 15 минут бұқтырыңыз да, банкіге салып жаба беріңіз. Салат қайнап жатқан кезде үстіне сірке суын, қант, тұз қосуды ұмытпағайсыз.

Ескерту:

Банкі жабарда тазалық сақтау маңызды. Қолыңыз бен қажетті көкөністеріңізді ағынды таза суда жуыңыз. Банкі мен қақпақты залалсыздандырып алыңыз. Жабылған банкіні төңкеріп, үстін матамен жабуды ұмытпағайсыз.

 

Біле жүріңіз…

— Консервілеуге арналған банкілерді пайдалану алдында жуады. Содан соң ыстық сумен шаяды (дизинфекция үшін). Стерильдеу алдында банкілерді шамалы қыздырып алса, жарылмайды.

— Банкіге салынған жемістер оның жоғарғы ернеуінен 1,5-2 см төмен болу керек. Мұндай кеңістік банкі қақпағының атылып, ашылып қалмауына мүмкіндік жасайды, банкідегі тағам ұзақ сақталады.

— Стерилизациялау. Стерильдеу үшін банкі салатын кең ыдыстың түбіне бірнеше қабаттан мата салып қойған дұрыс. Кәстрөлдегі су стерильдеуге қойған банкі мойнынан 1,5-2 см төмен болу керек. Стерильденген банкіні судан жылдам алып, қақпағын тез жауып, содан соң үстелге төңкеріп қояды. Қаңылтыр қақпақтарды алдын ала содамен жуып, құрғатып сүртеді.

— Консервілеу үшін жеміс-жидек соғылмаған, шірімеген, құрт түспеген, көгеріп, қабықтары жарылмаған болуы керек.

— Егер банкілер мен шөлмектер ішіндегі қоспалардың үстіне күдікті көбікшелер пайда болса, ыдыстардың қақпағы герметикалық (тығыз) жабылмағаны. Ондай жағдайда ыдыс ішіндегі шырынды кәстрөлге құйып қайта қайнатып, таза банкілерге қайта салып, аузын мықтап жапқан дұрыс.

— Бұзылған шырынның иісі әдетте спирт немесе сірке суына ұқсас болады.

— Егер банкідегі нәрсудың (компот) реңі лайланып тұрса, оны ашып, ішіндегіні пайдалануға болады. Ал банкі қақпағы ісінсе немесе атылып кетсе, оның ішіндегіні пайдалануға мүлде болмайды.

— Кез келген нәрсуды бір жылдан артық сақтауға болмайды. Өте күшті дәмі бар жеміс-жидекте адам ағзасына зиян өте күшті синиль қышқылдары болады.

— Консервілерді дымқыл, сызды жерде сақтау қауіпті. Қақпағы тоттанып, консервінің бұзылуы әбден мүмкін.

— Дайын нәрсудың ішіндегі жемістер қарайса, банкі ішінде ауаның қалып қойғаны. Ондай жағдай болмас үшін, жемістерді салар алдында қайнатып, бұқтырып алған дұрыс.

— Нәзік жемістер(алхоры,шабдалы,өрік) езіліп, пішіні өзгермес үшін, шәрбатқа салар алдында 5 минут содалы ерітіндіде ұстағаныңыз жөн(1кг жеміске – 1,5 л суға бір шай қасық ас содасы).

— Жемісті тот баспайтын пышақпен тазаласа, С дәрумені бұзылмайды.

— Шыны ыдыс жарықты оңай өткізеді, сондықтан шыны ыдыстағы шараптың реңі өзгеріп кетеді. Сол себепті шыны ыдыстағы шараптың сыртын матамен, қағазбен орап немесе қараңғы жерде сақтаған жөн.

— Қайнатпа дайындаған кезде кәстрөл ернеуіне жабысқан қантты салқын суға малып алынған шүберекпен сүртіп алған дұрыс.

— Хош иісі жоқ алмадан қайнатпа дайындаған кезде пысық келген нәзік жандыларымыз бір түйір апельсинді қабығымен салып жібереді. Мұндайда қайнатпа салған ыдысты ашқан кезде бөлмені хош иіс алады.

— Қызанақтың қабығын аршу үшін жемістің үстіңгі жағындағы өзегін алып тастап, қайнап тұрған суда бір минут ұстаса қабығы сыпырылып түседі.

— Тағы бір таңданарлық нәрсе, бір қоқысқа тастайтын қарбыз қабығындағы дәрумендер қарбыз жұмсағынан ондаған есе көп екен. Қабықтан тек қайнатпа дайындап қана қоймай, кептіріп пайдаланса, кәдімгі «зәр айдайтын» дәріге айналады екен.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ