Әжені аңсау немесе жұқпа көже жасап үйренейік (суретті хикая)

2662

000

Соңғы кезде тым сезімтал болып кеткендеймін. (Бәлкім келе жатқан көктемнің әсері болар) Әйтеуір әжем жайлы (енемнің енесі) жиі ойланатын болыппын.

«Тірісінде қадіріне жете алдық па? Не жақсылық көрсете алдық? Перзенттік парызымызды өтей алдық па?» деген сауалдар маза бермейтін боп алды. Ондайда езу тарттырар жағдайлар жиі еске орала кетеді.

Жә, айтпағым ол емес. Әжеміз әсіресе немере келіндері (абысынды үшеуміз) бала көтергенде «жерік астарыңды жасап берейін» деп жұқпа көже жасайтын. Дәмі әлі аузымнан кетпейді.   Әжемізді еске алған сайын сол жұқпа көже ойыма орала берді.

Кеше жұмыстан соң үйге бардым да сол көжені жасауға кірістім.  Әрине, мені былайғы жұрт «Оңтүстік Рабат» газетінің бас редакторы, журналист ретінде танығанымен. (Әсіресе біздегі жас тілшілеріміз Мөлдір, Әйгерім, т.б мені қатал,талапшыл апай деп көзіме түсрпеуге тырысып, дәлізде мені көргенде тығылып қалуға тырысқанымен….))))))). Мен де әйелмін. Үлкен бір әулеттің келінімін. Анамын. Сондықтан да әжеміз жасайтын жұқпа көжені өсіріп отырған ұл-қызымның да ішкенін, үйренгенін қалаймын. Сонымен…

001

Алдымен суға азғана тұз , 1 дана жұмыртқа шағып салдым да қамыр иледім. Әбден июі қануы үшін біраз уақыт қамырды демдетіп қойдым.

002

Сосын июі қанған қамырды осылай жайдым.

003

Әжем қамырдың жұқа әрі бір тегіс болғанын қалаушы еді, солай шықты ма шықпады ма, қолымнан келгенін жасауға тырыстым.

 

004

Қаланың үйінде тұрғандықтан жұқпаның екі жағын қызартып алатын ауылдағыдай үлкен қазан жоқ, жайылған қамырды  ыдысыма лайықтап бөлуге тура келді.

014

Табаны қыздырып, жапарқ-қамырды салып, екі жағын қызарттым. Жасырмаймын, күйіп кеткендері де болды. Себебі, ТВ-дан арасында кешкі жаңалықтарды көруге де тырысып едім )))).

 

005

Жұқпа нан осылай біртіндеп көбейе берді.

 

006

Отбасымызға жетеді-ау деген мөлшердегі жұқпа нан дайын болды.

 

007

Алдын-ала дайындап қойған ыдыстағы су қайнады. Мөлшермен тұз қостым. Соған дайын жұқпаларды біртіндеп салдым. Айтпақшы, көжеге  сары май қостым. Мөлшерлеп, жетеді-ау деген шамада.  Астың исі бұрқырап сала берді…

 

008

Бір мәрте бұрқ етіп қайнату үшін ыдыстың  бетін жауып қойдым.

 

009

Жұқпа көже дайын болды. Бұрқыраған иісін сезіп, бала-шағам ас бөлмеге кіріп-шығып, «Мама, не пісіріп жатырсың?! деп сұрап қояды. Ал мен көжемді кеселерге құйып, шамалап айран қаттым.

 

010

Айраны аз боп қалды дегендерге қосымша тағы қатуға тура келді.

 

011

Біздің үйдің еркелері Дархан мен Нұрхан «бұл қандай тамақ?» деп отыр еді, дәмін көрген соң «дәмді екен» десті. Ал ересектер дастархан басына жиналғанмен суретке түсуден бас тартты. Олардың агенті, өз блоктары бар болғандықтан интернетте «танымал» боп кеткіміз жоқ дегенді алға тартты )))). Ал мына екеуінде әзірге «агент» жоқ. Бұларға «бәрібір» )))).

Бірақ…

Папамыз: «Әжемдікі дәмдірек болатын» деді. Таласпадық. Себебі әжеміз жұқпа көжеге айранның орнына құрт езіп салатын. Ол да әжесін сағынып жүр екен ғой деп ойладым.

 

013

 

Біздің үйдің бас аспазы – МЕН.

Жұқпа көже жасауды суретке түсіріп жүріп үйренген – қызымыз Айдана.

Біздің әжеміздің «рецепті» бойынша дайындалған жұқпа көжені Сіз де жасап көріңіз.

Асыңыз дәмді болсын! 

Айтпақшы, Сіздер де тамақ дайындаудың өзіндік әдістері болса, біздің сайтта бөліскейсіздер. Келіңіздер, келіншектер, әжеміз, апамыз, анамыз жасаған тағамдарды  жасап бір-бірімізбен бөлісейік.

Үйренгеніміз өзімізге жақсы емес пе?!