Сұрақ-жауап

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ ОҚО филиалының директоры Самат Байдуанов

– «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасын толығымен оқып шықтым. Талап, шарттарымен таныс-тым. Мені қызықтырғаны жас отбасына қатысты бөлім. Алайда, кейіннен сатып алу мен тұрғын үйді жалға алу туралы шартты қанша рет оқып шықсам да түсіне алмадым. Маған «кейіннен сатып алумен тұрғын үйді жалға алу» дегенді тәптіштеп түсіндіріп берсеңіздер. 

Талғат Дүйсенов, Шымкент қаласы 

Самат Байдуанов
Самат Байдуанов

Самат БАЙДУАНОВ, «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» ОҚО филиалының директоры:

Кейіннен сатып алу арқылы тұрғын үйді жалға алу шарты мынадай. Жалдамалы тұрғын үйге (ең көп жалдау мерзімі – 8 жыл) кірмес бұрын сіздің Банктегі жинақ шотыңызға жинақтау бойынша ай сайынғы жарналардың 6 еселенген мөлшерінде бір жолғы кепілдендірілген жарна салу қажет. Және жолдасыңыз екеуіңіз осы нұсқаға үміткер болғандықтан, сіздер үшін аталған сома 362 520 теңгені құрайды. Бір нәрсені ескеріңіз, бұл қаражат сақталады, ешқайда жоғалып кетпейді. Жұмсалмайтын қор ретінде сіздердің жинақ шотыңызда жатады. Бұл нұсқа бойынша пәтерде тұру және бір мезгілде сол пәтерді сатып алу үшін ақша жинау көзделеді. Біздің жағдайымызда жинақтау бойынша ай сайынғы төлемдер 60 420 теңгені құрайды. Ал жалдау сомасы 1 ш. м. үшін 100 теңгеге тең және сіз үшін айына 8 000 теңгені құрайды. Жалпы алғанда, сіз айына 68 420 теңге (жинақтау+жалдау) төлейтін боласыз. Пәтер құнының жартысын жинақтап болғанда, Банк қалған 50%-ға 4%-бен (тиімді мөлшерлеме 4,1 %) несие береді. Ал пәтер – Сіздікі. Енді сізге айына 39 900 теңге болатын тұрғын үй заемын өтеу ғана қалады. Жалдау төлемін төлеу қажет емес, себебі ендігі жерде пәтер сіздің жеке меншігіңіз болып қала береді.