Баспанаға 20 жылға дейін алынып қойылған кезек жоқ

394
1 адамға жалпы ауданы 18 ш.м. кем болмауы шарт.
1 адамға жалпы ауданы 18 ш.м. кем болмауы шарт.
1 адамға жалпы ауданы 18 ш.м. кем болмауы шарт.

Үкімет бекіткен «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы жайлы бүгінде қызу пікірталас жүріп жатыр. Бұл бағдарлама тұрғын үй нарығындағы жағдайды реттей отырып, баспанаға зәру азаматтарды тұрғын үймен қамтуға бағытталған. Алайда, былайғы жұрт бағдарламаны жүзеге асыратын «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» кейбір талаптарынан бейхабар. Сондықтан, біз аталған акционерлік қоғамның ОҚО филиалының директоры Самат Байдуановпен сұқбаттасып, бағдарламаға қатысуға ниетті азаматтарды жиі мазалайтын сауалдарға жауап алдық.

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ ОҚО филиалының директоры Самат Байдуанов
«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ ОҚО филиалының директоры Самат Байдуанов

«Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша салынатын тұрғын үйлерге кезекке тұру басталды деп естиміз. Мұның тәртібін тағы бір рет түсіндіре кетсеңіз.

– Алдымен, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің қатысушылары үшін салынатын тұрғын үйлердің қалай бөлінетіндігіне түсінік берейін.Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы «Қолжетімді баспана–2020» бағдарламасының екі бағыты жүзеге асырылады. Біріншіден, жергілікті атқрау органдары (ЖАО) тұрғын үйді салуды және оны халықтың барлық санаттары үшін тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы жүзеге асырады. Соның ішінде кейіннен сатып алумен тұрғын үйді ұзақ мерзімді жалға алу мүмкіндігі қарастырылған. Аталған бағыт бойынша кейіннен сатып алумен тұрғын үйді жалға алу мүмкіндігі бағдарламада атап көрсетілгендей, 2013 жылғы 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылып отыр. Екіншіден, ЖАО тұрғын үйді сатып алу арқылы жас отбасыларға жалға береді. Бірінші бағыт бойынша тұрғын үй сатып алуға өтініш берушілер тізімін құрастыру қашанда нақты бір үйдің құрылысын салу кезеңінде басталады. Тұтас алғанда, процедура мынадай. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің қатысушылары үшін нақты үй құрылысын салу туралы жергілікті әкімдікпен келісімге келгеннен кейін банк баспасөзде және өзінің веб-сайтында нақты бір үй бойынша тұрғын үй сатып алушылар пулына қатысуға өтініштер қабылдау басталғандығы туралы хабарландыру жариялайды. Өтініштер қабылдау 2 айға созылады. Берілген өтініштердің ішінен тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысудың ұзақтығы мен сапасы есепке алына отырып, балл жүйесіне сәйкес қатысушылар саны іріктеліп алынады. Яғни, алдымен үй кезегіне ең көп балл жинаған қатысушылар қойылады.

– Мәселен, 200 пәтерлік үй салынып жатыр делік, ал түскен өтініш саны одан артық. Айталық, 270 азамат үй кезегіне өтініш берген болса, қалғандары бұл мүмкіндіктен шет қала ма?

-Айта кетейік, көп балл жинаған қатысушылар баспанаға зәруілігі мен төлем қабілеті жоғары азаматтар деп танылады. Әлгіндей жағдайда қалған 70 адам «резервтік» тізімде қалады. Ең көп балл жинаған 200 өтініш беруші пәтерді сатып алу үшін төлем қабілетін растайтын тиісті құжаттарды тапсырады. Егер кімде-кім өзінің төлем қабілетін растай алмаған жағдайда, өтініш берушілер санын толықтыру «резервтік» тізімнен жүзеге асырылады. Әрі қарай тұрғын үйді бөлу процедурасы жүргізіледі. Төлем қабілетін растағандардың тізімі құрылады, пәтер таңдауда басымдық тағы да ең көп балл алған адамдарға беріледі. Белгіленген күні өтініш берушілер тізім бойынша өздері тұрғын үйден сатып алғысы келетін пәтерді жобалануына, орналасуына, қабатына және т.б. қарай таңдайды. Бұл параметрлердің барлығы клиент пен банк қол қоятын бағдарламаға қатысу туралы қосымша келісімге енеді. Және осы сәттен бастап бағдарлама қатысушысына ЖАО тапсырысы бойынша құрылысы жүзеге асырылатын үйдегі нақты пәтердің сатып алушысы мәртебесі беріледі. Енді клиентке тек тұрғын үй құрылыс жинақтарын әрі қарай жинақтау және үй құрылысының аяқталуын күту ғана қалады. Тұрғын үйді сатып алу үйдің құрылысы аяқталған соң және ол пайдалануға берілгеннен кейін жүргізіледі. Ел арасында айтылып жүргендей «20 жылға дейін алынып қойылған кезек» жоқ. Екінші бағыт бойынша бағдарламаға қатысу үшін жас отбасыларын іріктеуді және тұрғын үйлерді бөлуді жергілікті әкімдіктер жүргізеді. Тек тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің салымшысы ғана бағдарлама қатысушысы бола алады. Бұл бағыттағы банктің рөлі әлеуетті жас отбасының, яғни жалдаушылардың төлем қабілетін бағалау, жалдау кезеңінде қаражат жинақтауға мониторинг жүргізу, сондай-ақ кейіннен жалдамалы тұрғын үйді сатып алу үшін тұрғын үй заемдарын беру болып табылады. Тұтас алғанда, бағдарламаның бірінші бағытында былтырдан бастап 2020 жылға дейін 3 млн. ш. м. жуық, екінші бағыт аясында – 1,5 млн. ш.м. тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

-Сіздіңше, бағдарлама аясында азаматтар қашан пәтерді сатып алуға немесе жалға алуға болады?

– Бағдарлама барысын қадағалап отырғандар біршама хабардар. «Қолжетімді баспана–2020» бағдарламасының бірінші бағыты шын мәнінде, 2011-2014 ж.ж. арналған тұрғын үй құрылысы бағдарламасының жалғасы болып табылады. Бұл бағдарлама 2011 жылы басталған болатын. Бүгінгі таңда мынадай нақты мысалдар келтіруге болады. Бүгінде Шымкентте – 129 пәтерлі 3 үй, Таразда 64 пәтерлі 2 үй, Қызылорда 100 пәтерлі 2 үй салынып жатыр.

– Ал бағдарлама бойынша салынып жатқан үйлердің сапасы туралы не айтасыз?

– Бағдарламада жайлылығы 3 және 4 класты тұрғын үй салу көзделген. Жайлылығы 3 және 4 класты деген нені білдіреді және олардың 1 және 2 класты жайлылықтан қандай айырмасы бар? Осыған тоқталайық. Егер қысқаша айтсақ, 1 және 2 класс – бұл артықшылықтары бар таңдаулы (элиталық) тұрғын үйлер, ал 3 және 4 класс – бұл қалыпты заманауи жайлы баспана. Қай класс болса да, қауіпсіздік пен сапалылық жағдайы бірдей. Яғни кез-келген кластағы тұрғын үйлердің сейсмикалық беріктігіне, құрылыс сапасына кепілдік беріледі. Дегенмен, өзіндік ерекшеліктері де жоқ емес. Мысалы, жайлылығы 3 класты үйлердің ас бөлмесінің ауданы 9 ш.м. аспауы керек, биіктігі – 2,7 м. Ал 1 адамға жалпы ауданы 18 ш.м. кем болмауы шарт. Бөлме саны 2 және одан көп болғанда, санторап бөлек, пәтердің әрленуі жақсартылған болуы тиіс. Ал жайлылығы 4 класты үйлерде ас бөлмесінің ауданы 6 ш.м., төбелерінің биіктігі – 2,5 м. болуы шарт. Әр адамға жалпы ауданы 15 ш.м. кем емес, санторап бірге болуы мүмкін. Пәтердің әрленуі жай әрлеу болып табылады. 3 класты жайлылық бойынша таза әрленген тұрғын үйдің 1 шаршы метрі үшін сату бағасы біздің өңірде – 80 мың теңгені құрап отыр. Құрылыс сапасына бақылау жасауды тағы да жергілікті әкімдіктер қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта құрылыс сапасына ерекше көңіл бөлінуде. Банк өз тарапынан, тұрғын үй сатып алушылар пулына қатысушылардың өкілі ретінде, салынып жатқан үйлердің сапасын тексеруді кезең-кезеңмен жүзеге асырады. Өз клиенттері үшін салынып жатқан нысанның ағымдағы жағдайы туралы ақпараттарды банктің сайтына орналастырып отырады.

– Табысы төмен азаматтардың жолын кесіп кететін пысықайларға шектеулер қарастырылған ба?

– Бірінші бағыт бойынша баспанасы жоқ немесе тұрғын үй жағдайлары нашар адамдар үшін алдын ала және аралық тұрғын үй заемдары бойынша жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемелер көзделген. «Қолжетімді баспана–2020» бағдарламасы аясында жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемелер бойынша алдын ала және аралық тұрғын үй заемдарын алу үшін бағдарлама қатысушысы мынадай талаптарға сәйкес келуі тиіс. Біріншіден, қатысушының және оның отбасы мүшелерінің ағдарламаға қатысуға өтініш берген елді мекенде меншік құқығында баспанасының болмауы керек. Ал қатысушының, оның отбасы мүшелерінің меншігіндегі пайдаланып отырған пайдалы ауданның мөлшері отбасының бір мүшесіне 15 ш.м. кем мөлшерді құраған жағдайда қатысушының тұрғын үй жағдайларын жақсартуға мүмкіндігі болады. Екіншіден, қатысушының және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде бағдарламаға қатысуға өтініш берілген елді мекенде тұрғын үй жағдайларын қасақана нашарлату жайттарының болмауы ескеріледі. Егер бағдарлама қатысушысы аталған талаптарға жауап бермесе, онда банктің стандартты мөлшерлемелері бойынша алдын ала және аралық тұрғын үй заемдарын алуға құқығы бар. Екінші бағыт бойынша айтар болсақ, жас отбасыларының ең жоғары таза отбасылық кірісі бойынша шектеулер белгіленген. Бұл нұсқа тек ай сайынғы таза жиынтық кірісі ең төменгі күнкөріс минимумының 15 еселенген мөлшерінен аспайтын отбасылары үшін көзделген. Бүгінгі таңда бұл сома 261 585 теңгеге тең.

– Ай сайынғы төлемдер қалай есептеледі?

– Отбасы кірісі алдын ала заем алуға жетпеген жағдайда, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы жүзеге асырылатын бағдарламаның бірінші бағыты бойынша төлемдерді есептеудің үлгісімен танысуды ұсынады. Мысалы: шаршы метрі 90 000 теңге деп есептегенде, ауданы 60 ш.м. 2 бөлмелі пәтердің құны – 5,4 млн. теңгені құрайды. Қаражат жинау бойынша ай сайынғы жарна 8 жыл бойы – 28 620 теңгеге тең. Ал жалдау төлемі – 8 жыл бойы 6 000 теңгеге тұрақталып отыр. Жалдамалы тұрғын үйді сатып алуға тұрғын үй заемын өтеу бойынша төлем 18 900 теңгені құрайды Тұрғын үй заемы 15 жылға дейін мерзімге, теңгемен жылдық 4 % мөлшерлеме бойынша беріледі.

– Сонда отбасы 8 жыл бойы ай сайын 34 620 (жалдау+жинақтау) теңге төлейді және бір мезгілде пәтерде тұратын бола ма?

– Иә, дәл солай. Жалдамалы тұрғын үйге кіру үшін сіз өзіңіздің банктегі жинақ шотыңызға салымға ай сайынғы жарналардың 6 еселенген мөлшерінде кепілдік жарна салуыңыз қажет. Біздің үлгі бойынша бұл сома 28 620*6 = 171 720 теңгеге тең. Ал 50% жинақтаған соң және жинақтау талаптарын орындағаннан кейін сіз тұрғын үй заемын ала аласыз және тұрғын үйді сатып аласыз. Тұрғын үй заемын өтеу бойынша төлем 15 жыл бойы 18 900 теңгені құрайды. Енді пәтер сіздің жеке меншігіңіз болып табылатындықтан, жалдау төлемін бұдан кейін төлемейсіз. Жалдаушылар ақша жинақтау бойынша төлемдерді ұқыпты түрде салып отырулары қажет екендігін ескерткім келеді. Салымға жарналар уақтылы енгізілмеген жағдайда, жалдамалы тұрғын үйде нақты тұрғаны үшін өтемақы төлей отырып, жалдаушы жалдамалы тұрғын үйден шығуға мәжбүр болады.
– Әңгімеңізге рахмет!

– Бағдарламаға қатысуға қатысты сұрақтар бойынша «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ ОҚО филиалына мына телефон арқылы 21-38-58 немесе 8-800-080-1880 телефоны (қоңырау шалу тегін) бойынша хабарласуға болады. Сондай-ақ Банктің www.hcsbk.kz сайтын пайдаланыңыз.