Сан сауалға мамандар жауабы

1198

Сұрақ: «Жүйке жүйесі ауруына шалдыққан ағам бар. Ауылда ата-анамызбен тұрады. Ол кісілерге оған қарау оңай емес. Ағамды қалаға көшіріп, оған күтуші жалдамақпын. Ағамның заңды түрдегі қамқоршысы (опекун) ретінде оның атынан баспанаға құжат тапсыра аламын ба? Бұл үшін қайда және қандай құжаттарды өткізуім керек?»
Салтанат

Бұл сауалға Шымкент қалалық тұрғын үй-шаруашылық секторы бөлім басшысы М.Абдинуров жауап берді:
– Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 67,68,74 баптарына сәйкес коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға:
– ҰОС мүгедектері мен қатысушылары;
-ҰОС мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілгендер;
– 1 және 2 топтағы мүгедектер;
– Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары;
– ҚР Үкіметі бекiтетiн аурулар тiзiмiнде аталған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар;
– Жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;
– Кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған 29 жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
-Оралмандар;
-Экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар;
-Көп балалы отбасылар;
-Мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;
-Толық емес (асыраушысы жоқ, ажырасқандар) отбасылар жатады.
Жоғарыда көрсетілген санаттарға енетін азаматтар кезекке тіркелу үшін Шымкент қаласының тұрғыны болуы және соңғы бес жыл көлемінде иелігінде тұрғын үйі болмауы шарт.
Сондықтан Сіз сұранысыңызда көрсетіп отырған азамат (аты-жөні көрсетілмеген) Шымкент қаласының тұрғыны болса, иелігінде соңғы 5 жыл көлемінде тұрғын үй тіркелмесе және аталған санаттардың біріне енсе кезекке тіркелу үшін мекен-жайы бойынша хылыққа қызмет көрсету орталығына немесе «E-gov» электронды порталы арқылы электронды-санды қолтаңбасымен интернет желісі арқылы өтінім бере алатындығын хабарлаймыз.

Сұрақ: «Сал ауруына шалдыққан балам бар. Келер жылы 18 жасқа толады. Естуімше, кәмелет жасқа толған мүгедек баланың ата-анасына, мүгедек баланың күтіміне тағайындалатын жәрдемақы тоқтатылады екен. Сол қаншалықты рас?»
Алуа

Оқырманның сауалына Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығының ОҚОФ директорының орынбасары Несібелі Қаражанова жауап берді:
– Елбасымыздың биылғы Жолдауына сәйкес, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап кәмелет жасына толған І топтағы мүгедек-балалардың ата-анасына мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейіне (28284 тг) пара-пар болады. Еліміз бойынша бұл жәрдемақыны 14 мыңға жуық отбасы алады деп жоспарланған. 2018 жылы бұл мақсатқа 3 миллиард теңге жұмсалады. Осы ретте айта кетейік, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 16 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалар – 39 598 теңге, 16 жастан 18 жасқа дейінгілер тобына қарай (І топ – 54305тг, ІІ топ – 44972 тг, ІІІ топ – 33941тг) жәрдемақы алады. Ал олардың ата-анасына 29 698 теңге көлемінде жәрдемақы беріледі.

Сұрақ: «Жақында нәрестелі боламыз. Сұрайын дегенім, декреттік демалысты күйеуімнің атынан рәсімдеуге болады ма? Жалпы нәрестелі болған отбасы қандай төлемдерді ала алады?»
Сымбат

Сұрақтың жауабы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтынан және egov.kz порталынан алынды:
– Әрине, болады. Ата-ананың қалауы бойынша декреттік демалыста не баланың анасы не әкесі шыға алады. Жұмыс беруші бала тууға және оның күтіміне 3 жылға дейін жалақысы сақталмайтын демалыс беруге міндетті. Жалпы, жұмыс істесін не істемесін, босанған әйелдердің барлығына республикалық бюджеттен жәрдемақы төленеді.
Бір реттік жәрдемақының мөлшері:
1-ші,2-ші,3-ші балаға – 91390 теңге
4-ші және одан кейінгі балаға – 151 515 теңгеге тең.
Жұмыс істемейтін әйелдер 1 жасқа дейінгі бала күтімі үшін:
1-ші балаға – 13 852,8 тенге;
2-ші балаға – 16378,05 теңге;
3-ші балаға- 18879,25 теңге;
4-ші балаға – 21404,5 теңге алады.
Жұмыс істейтін әйелдер үшін:
Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін ай сайынғы әлеуметтік төлемдер табыстың орташа айлық мөлшерiн табысты ауыстыру коэффициентiне көбейту арқылы айқындалады – 0,4. Әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген табыстың орташа айлық мөлшері әлеуметтік төлемге құқық басталған айдың алдындағы соңғы 24 ай ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген (осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістердің болу-болмауына қарамастан) табыстар сомасын 24 бөлу арқылы айқындалады. Бұл ретте, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен жалақының 10 еселенген мөлшерінің 40% аспауға, ал әлеуметтік төлемнің ең төмен мөлшері бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерінен кем болмауға тиіс .

Сұрақ: «Мектепте мұғаліммін. Жалғыз өзім 3 баланы өсіріп отырмын. Жеке кәсіппен айналыссам деген едім, «Өрлеу» бағдарламасына қатыса аламын ба?»
Гүлназ

Оқырманның сұрағына ОҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының маманы Әйгерім Дүйсенбаева жауап берді:
– Ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-нан төмен отбасыларға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде жәрдемақы тағайындалады.
Шартты атаулы әлеуметтік көмек:
6 айға тағайындалып, тоқсан сайын беріледі. 6 айдан соң оның мерзімін тағы 6 айға создыруға болады.
1. Отбасында еңбекке қабілетті мүшесі бар аз қамтылған отбасыға беріледі.
Шартсыз атаулы әлеуметтік көмек:
Тоқсан сайын тағайындалып, ай сайын төленеді.
1. Отбасында еңбекке жарамсыз мүшесі бар отбасыға;
2. Еңбекке жарамды мүшесі жұмыспен қамту шарасына белгілі бір себептермен қатыса алмайтын отбасыға беріледі.
Сіздің шартты атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін құжат тапсыруға мүмкіндігіңіз бар. Бірақ, отбасыңыздың кіріс мөлшері есептеледі. Яғни табысыңыңзды жан басына шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан аспауы керек. Толығырақ мәліметті жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне келіп білесіз

Дайындаған:  Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ