Солтүстік Ирландияның астанасы Белфаст қаласында өтіп жатқан әлемдік бәсекеде шымкенттік полицей-палуан Асқар Жандаров қола медальға ие болды. Дзюдо күресінен ел намысын қорғаған жерлесіміз Ресей, Грузия, Ирландия және Ұлыбританияның саңлақтарымен белдесіп, 100 келіден жоғары салмақта ептілігін сынға салған болатын. Құқыққорғаушы органдар арасында бірнеше дүркін чемпион болған ол, қола үшін болған тартыста ұлыбританиялық әріптесін таза жеңіспен жеңді.
Полицейлер мен өрт сөндірушілердің XV Бүкіләлемдік ойындарында Қазақстан құрамасынан дзюдо бойынша бес палуан қатысқан еді. Нәтижесінде қоржынға екі медаль салынды. Күмісті ақтық ойында грузиялық балуанға жол берген Талғат Қожабаев иемденді.
10-тамызға дейін созылатын шараға әлемнің 75 елінен 10 мыңнан астам құқыққорғау қызметкерлері қатысып жатыр. Келесі ойындар 2015 жылы Вашингтонда өтеді.