Шымкенттік спортшы жасөспірімдер Олимпиадасында қола медальді жеңіп алды

268
inform.kz

Буэнос-Айрестегі жасөспірімдер Олимпиадасында байдарка есуден спринт бәсекелері өтті. Жарыстың осы түрінен сынға түскен шымкенттік спортшы Стелла Суханова қола медальді жеңіп алды.

ҚР ҰОК баспасөз қызметінің хабарлауынша, 15 жастағы Стелла Суханова іріктеу кезеңінде 1:54.64 нәтижені көрсетіп, келесі айналымға төртінші орынмен өтті. Содан соң Стелла аустралиялық қарсыласынан бұрын мәреге келді. Ширек финалда Италия елінің өкілі Люкреция Зирониден озып кетті.

Жартылай финалда қазақстандық байдарка есуші мажарлық Эстер Рендессиге жол беріп, қола жүлдеге таласу мүмкіндігін алды. Үшінші орын үшін өткен сында Стелла Суханова неміс Джина Зинттен шамамен үш секунд жылдам болды. Стелланың уақыты – 1:54.25.

«Өте қуаныштымын. Диас үшін де қуаныштымын. Эмоциямды сөзбен жеткізе алмаймын. Жарыс өте қиын болды. Қола медаль оңай келген жоқ. Елім үшін қуаныштымын. Бұл біздің спорт үшін жақсы жетістік. «В» жолымен жарысу оңай болған жоқ. Әсіресе бұрылысқа кіру қиынға соқты. Жартылай финалда қобалжу әсер етті де, сенімсіздеу өнер көрсеттім. Ал қола медаль үшін таласта барымды салдым», – дейді байдарка есу жарысынан жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Стелла Суханова.

Айта кетейік, биылғы жасөспірімдер Олимпиадасында 58 қазақстандық спорттың 22 түрінен бақ сынап жатыр.

ҚазАқпарат