Өткен жетілік қаламыз үшін үлкен теннис аптасына айналды. Ашылғанына жыл толмаған Халықаралық теннис орталығында 14 жасқа дейінгі жеткіншектер арасында Қазақстанның жазғы чемпионаты болды. Ми қайнатар ыстыққа тура келген бұл чемпионат аталмыш орталықта алғаш рет өткізіліп отыр. Қиыршық құм төсеніштің үстінде өткен жарыста мықтылығын дәлелдеген балғындардың арасынан Қазақстан құрамасы жасақталады.
Еліміздің әр түкпірінен келген жүзден астам қатысушылар – ұлдар мен қыздар бойынша жекелей және өзара жұп құрап бақ сынасты.
Төрт жиынтық медаль сарапқа салынды. Біздің облысымыздың атынан қатысқан балалардан Руслан Игнатов пен Мозуляк Дмитрий жұптық кездесуде қолаға қол жеткізді. Жекелей сайыста Мейірбек Диас төртіншіге, ал 12 жастағы Тайтелі Жәмила өзінен үлкен әпкелерімен тайталасып, бестікке ілінді. Орталықтың директоры Шайбаков Валерий Яковлевичтің айтуынша, облысымыздың негізгі құрамы халықаралық жарыстарға әзірлік жасап жатыр. Сондықтан да олар бұл сайысқа қатыспаған. Оңтүстіктің намысын қорғауға екінші құрам шыққан екен.
Жұптық ойында Родион Пакпен бірге алтынды олжалаған Елтаев Айтуар жекелей сында да біріншіге шықты. Келешегінен мол үміт күттіретін Айтуар бұған дейін Қазақстанның қысқы чемпионатында 3-орын алған. Содан бері өз шеберлігін жетілдіре түсіп, енді міне қос бірдей алтынды қанжығасына байлап отыр. Алдағы уақытта тек қазақстандық турнирлерге ғана емес, шетелдерге шығып, еуропалық, халықаралық бәсекелерде жарқырай көрінуді мақсат еткен ол Астанадағы «Дәулет» теннис орталығында жаттығады.
Қазіргі таңда Қазақстанның теннисін шетелге Ресейден келген теннисшілер танытып жүр. Өз жерімізде туып, осында дайындалып, үлкен тенниске келіп, жарқырай көрініп жүргендер әзірге некен-саяқ. Өткен айдың соңында Астанада Президент Кубогі үшін «Челленджер» санатындағы турнир өткен болатын. Қазақстан атынан шыққан Михаил Кукушкин ақтық ойында израилдік Дуди Селадан ұтылып қалды. Андрей Голубевпен жұптасып, ақтық бәсекеге жеткенімен де, итальяндық Риккардо Гедин мен Клаудио Грасси жұбынан жеңілді. Қыздарымыз финалдық кезеңге жете алмады.
Ресейден шақырылған Кукушкиннің жеңісті қолдан беріп қою себебін Қазақстандағы білікті теннис мамандарының бірі Серікғани Көшеров (суретте) ұлттық рухтың болмауынан деп біледі. Спортта тек ақша үшін жұмыс істеу- жетістіктерге жеткізбейді дейді. Қазақ теннисінде өз жеткіншектеріміз үлгі тұтып, еліктейтін тұлға болу керек деп біледі. Тұлғаның жетіспейтіндігін алға тартады. Алдағы күндерге көз жүгірткен теннис бапкері шетелдік, яғни ресейлік легионерлердің шақырылуы осы сәттегі Қазақстан теннисі үшін қажет екендігін жоққа шығармайды. Өйткені, өзіміздің балалар дайындалып, алға шыққанша Қазақстанның әлемдік теннис турнирлеріндегі атын танытатын адамдар қажет.
– Бұл күндерде тенниске мамандық ретінде қарау жоқ бізде. Кәсіби деңгейде ғана дайындалу алдағы уақытта үлкен жетістіктерге жеткізбек. Ал ол үшін қаражат қажет. Қазір үміт күттіретін теннисшілерден Алматылық Евсеев Деннис бен жерлесіміз Керимбаева Камила бар. Ол екеуі де дайындықтарын жүргізе берсе, жоғары орындардан көрінетініне сенім мол, – дейді С.Көшеров.
Теннис – қымбат спорт түрі. Кәсіби деңгейде айналысу үшін теннисшінің қалтасынан шығатын шығын мол. Киімі мен жаттығатын корты, бапкерінің еңбекақысы мен әр жарыстарға қатысу үшін барып-келуге қажет қаражаты жеткілікті болу керек. Міне сондықтан да болар бұқаралық спорт түріне айналып кете қойған жоқ.
Ата-аналар тарапынан бұл спортқа өз балаларын әкелетіні аз. Насихат жұмыстарының аз жүргізілуінен де болар, бір жағынан теннисті жалпы білім беретін мектеп бағдарламасындағы дене тәрбиесіне, не қосымша сыныптан тыс сабақтарға енгізу қажет. Осы үшін де дене шынықтыру мұғалімдеріне арнайы тренинг семинарлар өткізу шарт.
Бірінші, ата-ананың түсінігі, теннис жөніндегі білімі жоқ. Баланың іс-қимылдарына сәйкес келмейтінді айтады. Аз шығын шығарып, көп нәрсе алғысы келетіндігі де мысал.
Екіншіден, спортшыда медициналық ақаудың жоқ екендігін анықтау. Үшіншіден, жеке бапкер, теннис бапкерін жалдау керек; төртіншіден, жеке дене дайындығы бапкері болу қажет. Бізде ол жоқ. Жеке дене дайындығы мамандары жеңіл атлетика, күрес сияқты басқа спорт түрлерінен келеді. Арнайы тенниске арналған дене дайындығы бапкері болмайды. Бесіншіден, жеке спарринг партнер болу қажет. Спортшы деңгейін көтеру үшін бір сағаттай ойнап тұрады. Алтыншыдан, турнирлік жоспарлар орындалу керек. Қазақстан ішіндегі, шетелдердегі жарыстарға барып тұру үшін де қаражат болу қажет. Жетіншіден, бапкерлердің ауызбіршілігінің жоқтығы. Әркім өзінше жұмыс істегісі келеді. Бұл жоғары деңгейде дайындық жүргізу үшін қажетті шарттар. Қазір Шымкентте тенниске қатысу ақысыз болғанымен де, басқа қалаларда ақшаға жүреді. Бір теннисшіні кәсіби тұрғыдан дайындау үшін 13 жасқа дейінгі бала үшін быр жылға 50-60 мың доллар, 14-18 жастан асса одан да көп керек, екі-үш есе де болады. 5-10 жаста 20-25 мың доллардай жетеді. Қазір агрессивті теннис болып жатыр. Барлық ойыншылар 3-4 бапкерден жалдап алған.
Көшеровтің сөзінше, орталықта тума таланттар үшін тегін оқыту жүреді. Оларға деп өз сабағымды тегін өтемін деген ол, талантты анықтауда арнайы қабылданған сынақтар бар дейді. Бес жас пен сегіз жастың арасында. бес түрлі тест тапсырады.
Міне, осылайша шымкенттіктердің арасынан тенниске келетіндер көп болса деген бапкер, көп оқу-жаттығу жиындарын шетелдерде де жүргізілетінін ескертеді. Өйткені, ол жақтағы мүмкіндіктер басқа. Жаңа тәсілдер мен жетілулер болады. Сондықтан да теннис тек белгілі бір топтың ғана айналысатын спорты болып қалмай, бұқаралық деңгейге жетуі маңызды. Сонда ғана ел арасындағы дарындыларды анықтап, тартуға болады.
Жәнібек НҰРЫШ