Теннистен Қазақстан қыздар құрамасы әлем чемпионатына барады

67

Қазақстан қыздар құрамасы әлем чемпионатына барады. Шымкентте Billie Jean King Cup қыздар арасындағы Азия-Тынық мұхит аймағы бойынша теннистен іріктеу кезеңі өз мәресіне жетті. Сайысқа әлемнің 16 елінен 64 спортшы қатысты. Байрақты бәсекеде бақ сынаған Қазақстан құрамасы 2 орыннан көрініп, әлем чемпионатына жолдама алды.

Қазақстандық қыздар алғаш рет теннистен әлем чемпионатына жолдама алды. Ел мақтаныштары байрақты бәсекеде Вьетнам, Тайвей, Иран, Австралия, Жапония құрамаларымен бақ сынасты. Дегенмен ақтық сында Ярослава Шведованың шәкірттері 2:1 есебімен Жапонияға есе жіберді.


Полина Слепцова, теннисші: «Жарыс өте тартысты өтті. Әсіресе бізге Жапония құрамасымен өткен кездесу қиынырақ болды. Себебі чемпионатта бір емес, екі рет кездестік. Ал мен үшін ең сәтті ойын кешегі Австралиямен өткен матч. Сол кездесуден соң автоматты түрде әлем чемпионатына жолдама алдым».

Ярослава Шведова, Қазақстан құрама капитаны: «Менің командам алғаш рет әлемдік аренадағы чемпионатқа жолдама алғаныма өте қуаныштымын. Алдағы уақытта да жақсы нәтиже көрсетеміз деп ойлаймын. Қыздарымыздың әдемдік деңгейдегі рейтингтін жақсартуға бар күшімізді саламын. Ал бұл сайыста керемет нәтижеге қол жеткізген қыздарыма алғысымды айтамын».

Азия-Тынық мұхит аймағы бойынша өтіп жатқан іріктеу турниріне 16 елден 64 спортшы қатысты. Олар 4 топта өзара мықтыны анықтап, финалда Қазақстан, Жапония, Оңтүстік Корея, Австралия құрамалары кездесті. Ұйымдастырушылардың айтуынша халықаралық сайысқа Шымкент қаласы арнайы таңдалып алынған.


Бейбарыс Исламов, Қазақстан теннис федерациясының менеджері: «Шымкент қаласында грунд деп аталады. Шымкентте клей кордтар көп болған соң таңдалды. Ойынға ең кемінде 8 корд қажет болады. Ал мұндай корд та, ойын да көп, сондықтан таңдалып алынды. Қатысушы 16 елдің арасында алғашқы 3 орынды алған командалар Азия-Океания атынан жолдама алады».

Billie Jean King Cup іріктеу кезеңінде әлем чемпионатына 3 жолдама берілді. Атап айтқанда, 1 орынды жапондық қыздар жеңіп алса, Қазақстан құрамасы екінші тұғырдан көрінді. Ал австралиялық арулар үшінші орынға табан тіреді.