1-қыркүйек — Білім күні! Шымкенттегі № 9 Өмірбек Жолдасбеков атындағы лицейде алғашқы қоңыраудың да үні естілді. Мұнда көкіректерін қуаныш кернеген оқушылар алтын ұя мектебіне сағынышпен оралды. Әрбір адамның өміріне ерекше әсер қалдыратын бұл күн еліміздің барлық тұрғындарының басын біріктіреді.
— Бұл білім ордасында биыл 3400 оқушы білім алатын болса, оларға білікті де білімді 202 ұстаз дәріс береді. Мұғалімдердің әрқайсысы өз мамандығына аса жауапкершілікпен қарайды, — дейді лицей директоры Баян Жандосова. — Барша оқушыларды, ата-аналарды бүгінгі Білім күнімен құттықтаймын! Бұл күн тек атаулы мереке ғана емес, біздің еліміздің болашағы — жастар үшін жауапты кезеңнің басталуы. Біз биыл «Бір тағдыр», «Бір қала», «Бір ел» атты жаңа талаптармен оқушыларға білім бермекпіз.
Бүгін бұл мектепте 410 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады. Оларды 2 сыныпқа бөліп, мектеп партасына отырғызған мұғалімдер оқушыларға Әліппемен алдағы уақытта дос болатындарын түсіндіруде. Мектеп директорының айтуынша, үш ай демалыста мұғалімдер біліктілігін арттыру мақсатында оқу курстарынан өткен. Ендеше, болашақ жас ұрпақтың білімді болып өсуі барысында ұстаздардың алған білімдері қажет болмақ.