Ұмтылыс пен құлшынысқа толы күн!

420

Жаңа оқу жылы басталып, өңіріміздегі 1036 мектепте алғашқы қоңырау соғылды. 680 мыңға жуық оқушы мектеп парталарына отырса, соның ішінде 73 мыңға жуық бүлдірішін білім ошағының табалдырығын алғаш рет аттады. Биыл білім күні қасиетті Құрбан айт мерекесімен тұспа-тұс келуіне байланысты мереке 2 қыркүйек тойланды. Шымкент қаласындағы Лермонтов атындағы №17 орта мектебі де бұл күні оқушыларына есігін айқара ашты.

Қоңыр күздің алғашқы күнімен келетін мерекеге оқушылардың дайындығы ерекше. 3 ай жазғы демалыстан соң алтын ұяларына асыққан оқушылар мен ұстаздардың қуанышында шек жоқ.
Аталған орта мектепте ырыс қазығын қағып, терең білім алып жүрген мыңнан астам оқушы болса, бүгін олардың қатарын 152 оқушы толықтырды. Олар үшін қоңырау алғаш рет сыңғырлады.

80 жылға жуық тарихы бар мектептің мақтанар жетістіктері баршылық. Алғашқысы ұлттық бірыңғай тестілеуде қаламыз бойынша ең үздік көрсеткіш көрсеткен мектеп атанды. Екіншісі – білім ошағының былтырғы түлегі Сағыт Әбдіранбаев әскердегі қызметі кезінде шекараны бұзып өтпек болған қылмыскерлерді құрықтап, ерлік жасаған. Осыған орай шекара қызметкерлері арнайы келіп, Сағыттың ата-анасын, мектеп директорын марапаттады.

Ал ресми рәсімдер аяқталған соң салтанатты шара ән мен күйге ұласты. Бұл күн тек оқушылар мен ұстаздар үшін емес, ата-ана үшін де қобалжуға толы күн. Оқушылардың ендігі мақсаты – білім шыңын бағындыру. Ендеше, оларға талап пен еңбек, ұмтылыс пен құлшыныс серік болсын!

Әлия Әділбек