Кәсіпкерлікті қолға алу – уақыт талабы. Алайда, бұл іс кез-келгеннің қолынан келе бермейді. Оған ең алдымен сауаттылық пен ептілік керек. Нарықтың ұңғыл-шұңғылын жақсы білетін, есеп-қисапқа жүйрік, менеджментті игерген адам ғана мықты кәсіпкер бола алады. Тіпті, қалыптасып қалған мықты кәсіпкерге де кейде қолдау керек. Өйткені, нарық заңдылығы күн сайын өзгеруде. Кәсіпкер болғысы келетіндер қандай баспалдақтардан өтуі керек? Облыста қай кәсіп түрі өтімді? Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы өз ісін бастауға ниеттілерге қалай көмектесе алады? Орталық директоры Нұржан Әлтаевқа жолығып, осындай сауалдарға жауап алған болатынбыз.
– Орталық өз бизнесін ашқысы келетін азаматтарға қалай көмектеседі?
– Орталықтың ашылғанына бір жылдай уақыт болды. Біздің мамандар осы күнге дейін 2861 азаматты оқытып, 1160 жобаны қаржыландырды, 1422 кәсіпкерге рұқсатнама қағазын алып берді. Мәселен, сіз жылыжай ашқыңыз келіп, біздің орталықтың қызметіне жүгіндіңіз делік. Алдымен, біз сізге кәсіпкерлік негіздері туралы дәріс өтеміз, бизнес-жоспар жасаймыз, сала мамандарының кеңесіне жүгінеміз. Яғни, жылыжаймен айналысатын білікті кәсіпкерлерді осында шақырып, бизнес-ке жұмсалатын қаржының көлемін, шығынды есептеп, пайдасын анықтаймыз. Болашақ кәсіпкерге жол сілтеп, қолға алатын бизнесінің қаншалықты тиімді екенін ұғындыру – біздің міндет. Кәсіпкерлікті қолға алғысы келген азамат біздің орталық мамандарының көмегімен 50%-ға уақытын үнемдей алады. Рұқсат қағаз алу бүгінге дейін қиын шаруа болып келген. Тілдей құжат алу үшін кәсіпкерлер бұрын бір жыл уақытын өткізетін. Қазір біздің заңгерлер бұл құжатты алты айда алып береді. Жалпы, біздің елімізде кәсіпкер боламын деушілерге жол ашық. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында қолға алынған 100-ден астам әлеуметтік көмек пен шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған 30 шақты бағдарлама бар. Бұрын жұрт олардан тіпті хабарсыз болған.
– Сонда бұл бағдарламалардың іске асырылуы қадағаланған болып тұр ғой…
– Иә, біздің орталық осындай қажеттіліктен ашылған.
– Кәсіпкерлікке оқытатын мамандарды қайдан шақыртасыздар?
– Көбіне өзіміздің отандық мамандардың көмегіне жүгінеміз. Қажет болған жағдайда, шетелдік әріптестерімізбен байланысамыз. Мәселен, жылыжай — Голландияда, ал көкөністерді сақтайтын қоймалар — Түркияда, тамшылатып суару әдісі Израильде жақсы дамыған. Осындай тақырыптық ерекшеліктерге қарай мамандарды сырттан да шақыртып аламыз.
– Бізде артық қаржылық қоры жоқ адам өзінің бизнесін аша ала ма?
– Өкінішке орай, стартты бизнестерге ақша салуға банктер құмбыл емес. Себебі, оларға бұл тиімсіз. Бірақ, мемлекеттің инновациялық жобаларды қолдау мақсатындағы арнайы жобасы бар. Онда кәсіпкер 3 млн теңгенің грантын алуына болады.
– Өзіңіз кәсіпкерлікпен айналысуға қалай қарайсыз? Қандай кәсіппен шұғылданған болар едіңіз?
– Мәселен, биыл біздің өңірде бау-бақша өнімдері молынан жиналды. Алайда, шаруа-лар жинаған өнімдерінен көл-көсір пайда көрген жоқ. Мен оны толық сеніммен айта аламын. Айталық, қауын-қарбыздардың басым бөлігі егін алқабында шіріп қалып қойды. Одан қала берсе, шаруалар «ең болмаса шығынымызды өтесін» деп, көп өнімдерін арзан бағамен сатып жіберді. Ұзақ сақталмайтын осындай өнімдерден шырынның қоспаларын шығаратын бізде бірде-бір кәсіпорын жоқ. «Рауан», «Визит» компаниялары мұндай шикізаттарды Ресейден тапсырыспен алады. Егер, осындай кәсіпорын ашуды қолға алатын болса, оған сұраныс та көп болар еді. Шаруалар өнімдерін сол кәсіпорынға өткізіп, пайда табар еді. Айталық, кәдімгі қарбыздың дәнінен май шығаруға болады екен. Ол да бір бизнеске сұранып тұр. Қауыннан бал жасап шығарсақ та болады. Алма, жүзімнен түрлі шырындар жасасақ, жаз мезгілінде оған сұраныс тіпті артар еді.
Бүгінде қытай таяқшалары тапшы болып отыр. Бір ғана Пекин қаласы бір күнде 15 вагон ас таяқшасын пайдаланады екен. Тауардың тапшылығынан онда бүгінде сапасыз ағаштар түрлі материалдармен қапталып сатылып жатқан көрінеді. Ал ондай тауарлар санитарлық талаптарға сай келмегендіктен, адам денсаулығына зиян келтіреді. Қытайлар бүгінде осынау жоба аясында бізбен жұмыс істеуге құмбыл болып отыр. Егер терек өсіруді қолға алып, қытай таяқшаларын шығарумен айналысуға ден қойсақ, қытайлық әріптестер цехқа қажетті құрал-жабдықтарды өздері әкеліп беруге дайын. Біз неге тауарды тасуға құмармыз? Өз мүмкіндігімізді пайдаланып, керісінше шетелге тауар шығаруды ойлаудың кезі жетті. Біз аграрлы өңірміз деп мақтанамыз. Алайда, біздегі дүкендердегі ет өнімдерін сырттан алып жатыр. Мәселен, «Нұрсәт» шағынауданындағы «Метро» гипермаркеті еттерді сонау Америкадан алдыртып сатады екен. Басшыларынан «неге отандық өнімдерді сатпайсыздар» деп сұрағанымызда, біздегі ет өнімдерінің сақталуына көңілдері толмайтынын айтты. Америка асып келіп жатқан ет өнімдерінің сақталуы барлық санитарлық талаптарға сай екен. Ет өнімдері ұзақ уақытқа сақталу үшін оның сүйегіне дейін қатырылуы керек. Ал біз еттерді қалай орауды да білмейміз. Нарықта тауардың сипатына үлкен мән беріледі. Егер мен кәсіпкерлікті қолға алар болсам, осындай тың жобалармен айналысар едім.
– Жақында облыс әкімі А.Мырзахметов аудандарда болып, әкімдердің жартыжылдық есептерін тыңдап қайтты. Қай ауданды алмаңыз, «Сыбаға» бағдарламасын орындауда жайбасарлық танытып отыр. Аграрлық саланы дамытуда маңызы зор бағдарламаны іске асыруға не кедергі?
– Біздің өңірде халық тығыз орналасқан. Жер тапшы. Сайрам, Мақтарал аудандарында тіпті бос жатқан жер жоқ. Бұл бағдарламаны өз деңгейінде жүзеге асыру үшін жайылым жерлер қажет. Біз жақында еліміздің Ауылшаруашылығы министрлігіне хат жолдадық. Біздегі қалыптасқан жағдайды түсіндіріп, бағдарламаның орындалу нормасын азайтуға өтініш білдірдік. Құзырлы органнан әлі жауап келген жоқ. Алайда, облыстағы ахуалды ескере отырып, өзгеріс енгізеді деген үміттеміз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Мақпал РЫСБАЕВА