Елімізге Ресей, Беларусь және Украинадан әкелінген санитарлық талаптарға сай келмеген 52 тонна құс еті тәркіленіп, жойылды. Сырт елдерде шығарылған өнімдерден ішек таяқшалары табылған. Бұл еттің нарыққа шыққанына бір жылдан көп уақыт болғаны анықталыпты.
Жесең тіске, жемесең түске кіретін еттің нарқы құбылып тұр. Еліміздің кейбір өңірлерінде оның келісі мың жеті жүз теңгеге дейін қымбаттаған. Ал, етсіз тамақ жемейтін қазақтың қалтасына бұл ауыр түсейін деп тұр.
Дағдарыстан кейінгі жылдары қазақстандықтардың ет өнімдерін тұтыну көлемі 25%-ға артыпты. Еліміз бүгінде әлемнің етті ең көп тұтынатын 117 елінің арасында 48-ші орынды иеленіп отыр. Орта деңгейлі қазақстандық жылына 65 келі ет жейді екен. Ал біздің өңірімізде әр тоқсан сайын жан басына шаққанда, 10,3 кг ет және ет өнімдері пайдаланылады. Сиыр, шошқа, жылқы мен қой етінен бөлек, қазақстандықтар құс етін де жақсы алады. Себебі, уылжып демде пісе қоятын құс етінің бағасы арзан. Сондықтан, тауық еті нарықта көш бастап тұр. Айта кетейік, жылына елімізде 100 мың тоннадан астам құс еті сатылады.
Ресей мамандары АҚШ пен Канададан әкелінетін ет өнімдерінің құрамында рактопамин қоспасы бар екенін анықтаған. Ол жүрек-қан тамырлары қызметіне жасушалық деңгейде кері әсер етеді. Тыныс алу жүйесіне, тоқішек микрофлорасына және жатыр бұлшықетіне зияны бар. Рактопамин қоспасы Солтүстік Америка елдерінде шошқа мен ірі қараны семірту үшін беріледі.
Алайда, шекара асып келіп жатқан құс етінің сапасы күмәнді. Мұны Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер де мойындайды. Жоғарыда айтып өткендей, жуырда елімізге Ресей, Беларусь және Украинадан әкелінген санитарлық талаптарға сай келмеген 52 тонна құс етінің көзі жойылды. Мамандардың сөзіне сенсек, өндірушілер тауардың салмағын артық етіп көрсету үшін медициналық шприцпен құс етіне су жіберіп келген. Осы арқылы аталған үш елден келетін сапасыз өнім қазақстандық нарықта әділетсіз бәсекелестік орнатып, баға демпингін жасаған. Айта кететін бір жәйт, бізде сырттан келетін сапасыз тауарларды ел аумағында толықтай тексеруге мүмкіндік жоқ. Себебі, Кедендік одақ ережесіне сәйкес, эспортталатын тауар шығарылатын елде тексерілсе, жеткілікті. Салдарынан Ресей мен Беларусьте қадағалаудың дұрыс болмауынан сапасыз тауық еті біздің нарыққа көптеп келуде. Сол себептен де тұтынушылар өз денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін шетелдік өнімдерден гөрі, сапалы қазақстандық тауарларға басымдық беруі тиіс.
Шынын айту керек, етті өңдеу саласы бүгінде агрокешенді бағыттың көшбасшысы болып тұр. Себебі, елімізде бұл саланы дамытуға мүмкіндік көп. Сонда да болса, сауда нүктелері халықты отандық өнімге қарық қыла алмай отыр. Дәлірек айтқанда, сападан бұрын пайданы көздейтін бизнес өкілдері отандық өнімнен гөрі сырттан әкелінген еттерді сатуға құмбыл. Себебі, шекара асып келіп жатқан ет өнімдерінің сақталу шаралары талапқа сай болғандықтан оларды сату да оңай. Тауарға өң беретін орамасы да тартымды. Отандық кәсіпкерлер ет өндіруді білгенімен, оны сатудың жолдарын әлі күнге меңгере алмай келеді. Ауыл-аймақтан әкелініп жатқан еттер қалаға жеткенше қаны сорғалап, тіпті иістеніп, тұтынуға жарамсыз болып қалады. Осылайша, тер төккен шаруаның еңбегі еш кетіп жатыр. Тұтынушы халық сапалы өнімнен ауыз да тие алмай, амалсыздан шетелдің сапасыз тауарын сатып алуға мәжбүр болады.
Бір жылда бір қазақ 65 келі ет жейді екен.
Сондай-ақ, мамандар Солтүстік Америкадан жеткізілетін ет өнімдері ағзаға қауіпті екенін айтады. Мәселен, Ресейдің тұтынушылық қадағалау органы «халықты импорт ет құрамындағы рактопамин затынан қорғау керек» деп дабыл қағуда. «Ремедиум» ақпарат құралының хабарлауынша, Ресейдің тұтынушылар құқығын қорғау қызметі мен Медициналық ғылымдар академиясы АҚШ пен Канададан әкелінетін ет өнімдері құрамында рактопамин күмәнді дәндік қоспасы бар екенін анықтаған. Бірақ өнімнің құжаттарында бұл зат туралы ешқандай мәлімет берілмейді. Ғалымдардың айтуынша, рактопамин жүрек-қан тамырлары қызметіне жасушалық деңгейде кері әсер етеді. Сондай-ақ ол тыныс алу жүйесіне, тоқішек микрофлорасына және жатыр бұлшықетіне зияны бар. Айта кетейік, рактопамин қоспасы Солтүстік Америка елдерінде шошқа мен ірі қараны ірілендіру үшін оларға азық ретінде беріледі. Нарыққа көз жүгіртер болсақ, ет өнімдеріне деген сұраныс жылдан-жылға артып отыр. Сұраныс өскен сайын бағаның да қырық құбылатыны айдан анық. Статистика агенттігінің мәліметіне сүйенсек, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, елімізде қой етінің бір келісі шамамен 200 теңгеге қымбаттаған. Ет саудасымен айналысатын алып-сатарлар бұл жағдайды жем-азықтың шамадан тыс қымбаттауымен байланыстырады. Бұл жағдай етті сырттан тасымалдаушыларға да тікелей байланысты болып отыр.
Ет өтімділігінің артуына орай бүгінде еліміз «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасы шеңберінде әзірленген «Сыбаға» бағдарламасын қолға алды. Алайда, оның орындалуы көрсеткіштен төмен. Өңіріміздің қай ауданын алсақ та бұл бағдарламаның өз деңгейінде іске асырылмай жатқанына көз жеткізуге болады. Оның бір себебі — жайылым жерлердің тарлығы. Бүгінде қаланы айтпағанда ауыл-аймақтардың өзінде жер тапшы. Ал «Сыбағаның» талабы қатаң. Гектар-гектар ашық-алаң жерің болмаса, несиенің ауылы алыстай береді. Өңірдегі осы жағдайды алға тартқан сала мамандары тіпті Ауыл шаруашылығы министрлігіне «Сыбаға» бағдарламасының облысқа тиесілі көрсеткішін төмендету туралы хат та жолдаған.
Қазақстан – әлемде етті ең көп тұтынатын 50 елдің қатарында.
Түйін: Ет эскпортын еселей түсу еліміздің стратегиялық бағытына айналып отыр. Елбасының межесі сол, 2016 жылға дейін Қазақстан жылына 60 мың тонна етті сырт мемлекеттерге жіберуі тиіс. Бұл көктен алынған цифр емес. Демек, аграрлы Қазақстанның 3 жылдың ішінде осыншама етті өзінен арттырып, шетелге асыратын әлеуеті бар деген сөз. Тек, тауарымызды нарық талабына қарай икемдеп, тұтынушыға тартымды етіп, әрлей білсек, қаптама жасауды үйренсек болғаны. Әйтпесе, өз тәбетімізді аша алмай отырған етіміздің жұртқа жұғымы бола қоюы қиын.
Мақпал РЫСБАЕВА
Нұржан ӘЛТАЕВ, ОҚО Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының директоры:
– Біз неге шетелден тауар тасуға құмармыз? Өз мүмкіндігімізді пайдаланып, керісінше шетелге тауар шығаруды ойлаудың кезі жетті. Біз аграрлы облыспыз деп мақтанамыз. Алайда, біздегі дүкендердегі ет өнімдерін сырттан алып жатыр. Мәселен, «Нұрсәт» шағынауданындағы «Метро» гипермаркеті етті сонау Америкадан алдыртып сатады екен. Басшыларынан» неге отандық өнімдерді сатпайсыздар» деп сұрағанымызда біздегі ет өнімдерінің сақталуына көңілдері толмайтынын айтты. Америка асып келіп жатқан ет өнімдерінің сақталуы барлық санитарлық талаптарға сай. Ет өнімдері ұзақ уақыт сақталу үшін оның сүйегіне дейін қатырылуы керек екен. Ал біз еттерді қалай орауды да білмейміз. Нарықта тауардың сипатына үлкен мән беріледі. Кәсіпкерлер осыны ескеруі керек. Осыған орай біздің орталықта тауарды нарыққа шағарудың, тауардың өтімділігін қамтамасыз ету бойынша түрлі сабақтар өтеді. Қажет болған жағдайда шетелдік мамандарды да шақырып отырамыз.
Бағлан ЖҰМАШЕВ, ОҚО кәсіпкерлікті дамыту және индустриалды-инновациялық даму басқармасы сауда және мониторинг бөлімінің бас маманы:
– Азық-түлік нарығын қадағалап отыру бізде жолға қойылмаған. Сауда бөлімінің біздің басқармаға өткеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Ет өнімдеріне қатысты тек оның қазіргі бағасы туралы мәлімет қана бере аламыз. Мәселен, Шымкент қаласы бойынша сиыр етінің бір келісі – 1100 теңгеден, республика бойынша – 1095 теңгеден сатылып жатыр. Қой еті – қалада – 1000 теңге болса, ел көлемінде – 1074 теңге, шошқа еті бізде – 850 теңгеден саудаланып жатса, республикада – 870 теңгеге бағалануда. Жылқы еттерін қала дүкендерінен 1200 теңгеге ала алсаңыз, республикада бұл көрсеткіш 1250 теңгеге тең. Сондай-ақ, тауық өнімдерінің біздегі бағасы – 490 теңге болса, республика көлемінде орташа есеппен бұл өнім 492 теңгеге жетеді. Ет өнімдерінің біздегі бағасы қараша айына дейін тұрақты болады деуге негіз бар.