Қаладан шығатын лас су тазаланып жатыр. Арнайы жаңғырту бағдарламасы арқылы жүзеге асып жатқан жұмыстың нәтижесінде таза техникалық су алынбақ. Ал бұл өз кезегінде өңірдегі ауыл шаруашылығының қажетіне жұмсалады. Еуропалық қайта құру және даму банкінен алғашқылардың бірі болып қаржы алған «Су ресурстары -Маркетинг» серіктестігінің осы бағыттағы жұмысы қызу жүргізілуде.
Қаладан шыққан шайынды суларды тазарту қондырғылары 1974 жылы салынған. Содан бері бірде-бір жөнделмепті. «Су ресурстары — Маркетинг» мекемесі Еуропалық даму банкінен несие алып, жаңғырту жұмыстарын бастады. Оның аясында су және кәріз жүйелері жаңартылып, құбырлар алмастырылатын болады. Инвестициялау бағдарламасы үш кезеңде жүзеге асырылуда.
Анарбек Орман, «Су ресурстары — Маркетинг» ЖШС-ның директоры: «Барлық жұмыс 2014 жылы аяқталады. Сонда біз лас суды тазалап қана қоймай, сол судан биогаз алып, бізге керекті электр энергиясын өндіретін боламыз».
Жалпы, қаладан шығатын лас судың көлемі 400 мың текше метрді құрайды. Жұмыстың алғашқы кезеңін аяқтаған мекеме әзірге 100 мың текше метр ғана суды қабылдай алады. Егер үш кезеңдік жаңарту жұмыстары аяқталса, қабылданатын судың көлемі екі еселенеді. Қуантарлығы — қызмет сапасы артқанымен, баға сол күйінде қалады.
Мұхит Нышанбаев, ҚР табиғи бәсекелестікті реттеу агенттігінің облыстық департаменті бастығының орынбасары: «Қазіргі таңда тарифті қымбаттататын жағдай қарастырылмаған. Сондықтан ол жағынан уайымдамасаңыздар да болады.»
Халықаралық стандартқа сай жұмыс істеу — мекеменің басты міндеті. Лас суды өңдей отырып, алынатын электр энергиясынан бөлек, сумен келген құм құрылысқа жіберіледі. Ал биогаздан шыққан тыңайтқыш ауыл шаруашылығының игілігіне бермек.
Назым Жүнісова, технолог: «Былтырдан бері Польшадан келген қондырғылар орнатылды. Ол бұрынғыларға қарағанда сапалы жұмыс істейді. Және автоматизация енгізілген. Мына компьютерден барлық жұмыс барысын көріп тұруға болады».
Тазарған шайынды сулар Бөржар су қоймасына жиналып, ары қарай дихандардың игіліне беріледі. Яғни, ауыл шаруашылығындағы су тапшылығының орнын толтырады.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=xYNriGb5sjc[/youtube]