Шымкентте отыздан астам отбасы ызғарлы күні далада қалудан қорқып отыр. Өткен ғасырдың орта тұсында салынған екі қабатты ғимараттың қабырғалары сөгіліп тұр.
Апатты күйдегі үй тұрғындарының айтуынша, әкімдіктегілер «баспананың «ғұмырын» ұзартып, қабырғасын сылап тұрыңдар» деген кеңес беруден жалықпайды.
Сондағы тұрғынның бірі Шынар Нұрлыбаева, тіпті, шеге қағуға қорқамыз дейді. Үй қирағалы тұр. Едені шіріп, қабырғасы қақыраған. Электр желілерінің өзі жаңаланбағалы қашан. Өрт шығып кете ме деген қауіп те жоқ емес.
Несібелі Такеева, тұрғын: «Төбеден су аққан кезде су тамшыламайды, ол кәдімгідей шелектеп құйылады. 5-6 шылапшын қоямыз да, балаларымызбен теледидар көріп отыра береміз. Онда да «розетка» күйіп кетпесе».
Айгүл Жиренбай, тұрғын: «Қысымен ылғалда жатып шығамыз. Амалымыз жоқ, ақшамыздың жоғынан шиеттей бала-шағамен бір бөлмеде тұрып жатырмыз».
Әу баста жедел-жәрдем қызметі және нашақорлықтан емдеу орталығына арнап салынған баспанада негізінен көпбалалы, жалғызбасты және қарт кісілер тұрады. Ал бірінші қабат опырылып түспес үшін тіреу қоюға тура келіпті. Баспананың жарамсыздығын халық тиісті орындарға айтудай-ақ айтып келеміз дейді. Биліктегілер де хабардар, бірақ олардан көмек жоқ.
Бағира Болатова, тұрғын: «Сендер мына үйлеріңді сылаңдар, өз жағдайларыңды жасаңдар деді. Ал егер құлап қалған жағдайда пәтер жалдап тұрасыңдар немесе туысқандардың үйлерінде тұрасыңдар деп өз ауыздарымен осыдан төрт жыл бұрын айтып кеткен».
Ал осы аумаққа жауапты Абай аудандық әкімдігінің мамандары бұл үйге қатысты арыз тұрғындардан бұған дейін түскен жоқ дейді. Оның үстіне өздерінде баспанамен қамтамасыз ету құзыреті жоғын алға тартады. Ал баспана осы жылдың тамызында ғана «апатты» деп ресми түрде танылған.
Нұрлан Тілеш, Абай ауданы әкімінің орынбасары: «Жалпы, берген қорытындыға байланысты осы аталған үйде іргетас жоқ, одан кейін үйдің артқы қабырғасы ауытқыған».
Берік Әлзақов, Шымкент қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы: «Дәл қазір осы 32 пәтердегі отбасыларды бір жерге көшіреміз деп айта алмаймын. Әрине, ондай мүмкіндік жоқ. Комиссияның қорытындысына байланысты шешім қабылданады.»
Салынғанына алпыс жылдан асқан ғимарат тұрғындарының ендігі тағдыры комиссия мүшелерінің қолында. Оның өзінде бірінші кезекте тұрғын үй кезегіне тұрулары шарт.
Дереккөз: Астана телеарнасы
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=uDaJTdM7JrY[/youtube]