12-сәуір – халықаралық авиация және ғарышкерлер күні

1631
Сурет ғаламтордан алынды

12-сәуір – халықаралық авиация және ғарышкерлер күні. Ең алғаш ғарышкер кеңістікке Қазақ жерінен ұшты. Осыдан бастап көптеген бүлдіршін ғарышкер болуды армандай бастады. Бүгінде Қазақ елі де ғарышты меңгерген елдердің қатарында. Ал балалардың арманы басқа.

Шымкенттегі Космонавтар көшесі қазір жоқ. Оның ешқандай белгісі де қалмаған. Бүгінгі күні осы көшеге Кеңес Одағының батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының есімі берілген. Қаламызда ғарыштың алғашқы сапарларын еске салар көше әзірге Юрий Гагарин болып тұр. Орбитаны бойлай ұшқан алғашқы адам осыдан 53 жыл бұрынғы ерлігімен есімі тарихта қалды.

Бұрынғы Космановтар көшесі
Бұрынғы Космановтар көшесі

1 сағат 48 минуттық ғарыштағы сапар ол кезде рекордтық көрсеткіш болды. Қазақ жеріндегі Байқоңыр ғарыш айлағынан әуеге көтерілген Юрий Гагаринді бүкіл әлем таныды. Ал алғашқы Қазақ ғарышқа 1991 жылдың 2-қазанында ұшты. Осы ерлігі үшін Тоқтар Әубәкіровке «Халық қаһарманы» атағы беріліп, «Түріктің тұңғыш ғарышкері» атанды.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=j7wKrRRFsj4[/youtube]

Мағжан Жанболатов, оқушы: «Мен өскенде хоккейші болғым келеді. Ғарышкер болуды армандаған емеспін.»

Бағдәулет Орынбасар, оқушы: «Мен ғарышкер болмаймын, әкім боламын. Елімнің жағдайын ойлап, оларға бар жақсылықты жасағым келеді.»

Дәурен Кеңесбек, оқушы: «Мен мұғалім боламын деп армандаймын. Менің атам да мұғалім. Ал ғарышкер болу қайда? Ондай арман бізге алыс, оған көп еңбектену қажет, көп оқу керек.»

Гүлнәз Қуанышбек ғарышкерлердің тамағын ойлап тапқан
Ғарышкерлердің асын ойлап тапқан Гүлнәз Қуанышбек

Бүгінде ғарышкер болуды армандағандар аз болғанымен, ғарыш саласын зерттеуші жастар жоқ емес. Сайрам ауданындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы мектептің 11-сынып оқушысы Гүлнәз Қуанышбек ғарышкерлерге арналған тағам ойлап тауыпты. Осы еңбегімен Байқоңыр қаласында өткен ғылыми конференцияда Гүлнәз 600 оқушының арасынан топ жарып, жоғарғы оқу орнында тегін білім алу мүмкіндігін жеңіп алды.

Ғарышкерлерге арналған пайдалы тағамдар
Ғарышкерлерге арналған пайдалы тағамдар

Гүлнәз Қуанышбек, Сайрам аудандық А.Байтұрсынұлы атындағы мектептің 11-сынып оқушысы: «Ғарышкерлердің ас мәзіріне ғалымдар бұған дейін таблетка түріндегі асты ұсынған. Ал табиғи тағамдар өте аз болған. Сондықтан мен мәзірінге қара жидек пен балық тағамдарын ұсындым.Ол басқа тамақтарға қарағанда пайдалы әрі сақталуы оңай. Оның сақталу жолын да ғылыми жобамда дәлелдедім.»

Бүгінде Қазақ елі де ғарышты игеруші елдің біріне айналды. Жуырда «ҚазСат-3» жер серігі ұшырылмақ. Қазіргі уақытта біздің мамандар ғарыш аппаратын жерден басқару тәсілдерін меңгеріп жатыр.